Жүйелі жұмыс жемісі
Кеше Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қалыптасқан дәстүр бойынша халық алдындағы есепті кездесуін өткізді. Оған облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов пен облыстағы салалық департамент басшылары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым төрағалары, ардагерлер, аудан активі мен тұрғындар қатысты.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттері туралы баяндамасын «2018 жылдың басында аудан бюджеті 14 млрд теңге болып бекітілсе, жыл соңында 20 млрд теңгеден асты. Жалпы, біз бюджет көлемі бойынша облыста Қызылорда қаласынан кейінгі орындамыз» – деп бастаған Мұрат Нәлхожаұлы алдымен жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесін тілге тиек етті. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, жыл ішінде кәсіпорындарда 12,7 млрд теңгенің өнімі өндірілген. 2018 жылы өнеркәсіптік бағытқа 2,9 млрд теңгенің инвестициясы тартылды.
Бүгінгі таңда ауданда 4325 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Оларда 8958 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылы жаңадан 820 кәсіпкер тіркелді, нәтижесінде 847 адам жаңа жұмыс орнын тапты.
Кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша жыл ішінде «Бастау бизнес» жобасы аясында жоспарланған 220 адам оқу курстарын сәтті аяқтады. Ал, «Бизнес Кеңесші» жобасымен 274 талапкер оқу курсынан өткен.
Мемлекет тарапынан аудан кәсіпкерлеріне 1 млрд 664 млн теңгенің қолдауы көрсетіліп отыр.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолы бойынан аудан кәсіпкерлерінің 3 сервистік қызмет көрсету нысандары пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 2 жобаның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Ауданда сауда қызметі де дамып келеді. Тұрғындарға 6 сауда базары, 2 мал базары, 9 ірі сауда орталықтары, 17 сауда үйі мен 800-ден астам шағын сауда дүкендері қызмет көрсетуде. Оның ішінде 16 кәсіпкерлік нысаны өткен жылы пайдалануға берілген. Биыл жаңадан 28 кәсіпкерлік нысаны ашылады деген межеміз бар. Осындай жобалардың нәтижесінде 2018 жылы сауда нүктелеріндегі бөлшек сауда айналымы 7 млрд теңгені құрады» деген аудан әкімі аймақ басшысы алдағы үш жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп белгілегенін еске салды.
Қазалы халқының негізгі тіршілігі егін және мал шаруашылығы екені белгілі. Сондықтан да аудан әкімінің баяндамасынан осы саланың тыныс-тіршілігі қалыс қалмады. Бұл салаға тартылған негізгі инвестиция көлемі 543 млн теңгені құраған. 11 млрд 498 млн теңге көлемінде өнім өндіріліп, 1 млрд теңгеден астам субсидия төленді.
Былтыр 17790 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Сырдария өзеніндегі су тапшылығы жағдайына қарамастан, аудан дихандары егілген 6480 гектар күріштің әр гектарынан 44,3 центнерден өнім жинады. Ел қамбасына 28 мың тоннадан астам астық құйылды.
Сондай-ақ, өткен жылы 1050 гектар жерге бақша дақылы егіліп, 14428 тонна өнім алынды. Жиналған өнім көршілес Арал, Қармақшы аудандары мен Ақтөбе, Астана, Байқоңыр қалаларына сатылып, Ресей еліне 500 тонна қауын-қарбыз экспортқа шығарылды. 300 гектар жерге картоп егілді. 1 шаруа қожалығы 5 гектар жерге алма мен алмұрт көшетін отырғызды.
Сонымен қатар, шаруашылықтардың машина-трактор паркі 14 дана ауыл шаруашылығы техникалары және жабдықтарымен жаңаланды. Аудандық бюджеттен 38,0 млн теңге бөлініп, 4 ауылдық округке /Ақжона, Құмжиек, Басықара, Арықбалық/ 12 дана ауылшаруашылығы техникалары мен жабдықтары /4 МТЗ трактор, 4 тіркеме, 4 соқа/, 76 млн теңгеге 8 ауылдық округке /Бірлік, Бозкөл, Өркендеу, Көларық, Тасарық, Алға, Ақжона, Майдакөл/ насос алынып берілді.
2018 жылы 4720 гектар суармалы жер бойындағы су шаруашылығы нысандарына 119 дана құжат әзірленіп, барлығы республикалық меншікке тапсырылды. Енді, 15821 гектар суармалы жерді қайта жаңғырту үшін оның бойындағы каналдың құжаты әзірленіп жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жасалып, жер учаскесін пайдаланбаған 18 жеке және заңды тұлғадан 4364 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Бұдан бөлек, каналдарды тазалау жұмысына мән берілуде. Өткен жылы Арықбалық ауылдық округіндегі Құмарық, Әйтеке би кентіндегі «Бидай аша» каналы тазаланды. Биыл облыстық бюджеттен Бозкөл ауылындағы «Дөненбай» каналын тазалауға 8,7 млн теңге, Әйтеке би кентіндегі «Ақарық» каналын күрделі жөндеуге 115 млн теңге қаржы бөлінді. Келешекте кенттегі «Ақкиіз» және Қазалы қаласындағы «Көне қырғыз» каналдарының құжаттарын дайындауға қаржы қаралады.
Аудан көлемінде төрт түліктің барлық түрінде өсім бары байқалады. Қазір аудандағы мал басының басым бөлігі, яғни 67 пайызы жеке тұлғаларда, 4 пайызы ауылшаруашылық кәсіпорындарында, 29 пайызы шаруа қожалықтарының үлесінде. Соның мүйізді ірі қарасы – 36666, қой – 47139, ешкі – 37183, жылқы – 26613, түйесі – 9322 басқа жеткізілген.
Айрықша айта кететін жаңалық, ауданнан тұңғыш рет Біріккен Араб Әмірліктеріне 29 бас түйе, Өзбекстан Республикасына 100 бас мүйізді ірі қара малы экспортталды. Өткен жылы «Бақыт» шаруа қожалығы Ресей Федерациясынан 29 бас мүйізді ірі қара әкелді. Биыл шаруашылықтар тарапынан шет мемлекеттен асыл тұқымды 400 бас сиыр алынады деп межеленуде.
Кездесу жиынында аудан басшысы «Ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі де басты назарда. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрындар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді», – деді.
Өткен жылы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген Әйтеке би кенті мен Басықара автожолы бағытындағы 56 гектар жер учаскесінен 180 адамға, 5 квартал аймағындағы 210 гектар жер учаскесінен 622 тұлғаға кезегімен жер учаскесі табысталған. Сөйтіп кезекте тұрған 800 адамның жер алуға берген өтініші қанағаттандырылған.
Жанқожа баба кесенесінен Қазалы қаласына дейінгі 441 /Әйтеке би кенті – 180 га, Қазалы қаласы – 81 га, 180 га/ гектар жер учаскесіне электр желілері, ауызсу мен газ апару үшін 3,2 млрд теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Аталған жоба толық аяқталған кезде екі аралықтан 1500 адамға тұрғын үй салу үшін жер учаскесі берілетін болады.
Сонымен қатар, осы аймақтан «Рәміздер алаңы» салынып, Әйтеке би бабамыздың еңселі ескерткіші орнатылды. Осы аумақтан тағы да жер учаскесі белгіленіп, оған 24 кәсіпкерлік объектісін салу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні 11 кәсіпкерлік нысанның нобайлық жобасы мақұлданып, 4 кәсіпкер жер учаскесін алды. Балаларға арналған ойын-сауық алаңын салуға жер белгіленді.
Бірнеше әлеуметтік нысандар салу да бас жоспарға енгізілген. Атап айтқанда, балабақшадан бөлек КНБ, прокуратура, орман тоғай мекемелері ғимараттарын салу жобалары әзірленуде.
Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бюджеттен 451 млн теңге бөлініп, Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағында 18 пәтерлік 6 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 1,6 млрд теңге тұрады.
Бұл тұста аудан әкімі: «2019 жылға осы тұрғын үйлердің құрылысын жалғастыруға республикалық бюджеттен 457 млн теңге берілді. Сонымен қатар, кент пен қала аралығынан 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысын салу үшін құжаттарын әзірлеп, қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсындық. Осы жұмыстар толық аяқталғанда кезекте тұрған 252 адамды тұрғын үймен қамтамасыз етеміз деген жоспарымыз бар», – деген жағымды жаңалықты жеткізді.
Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түспек емес. Қазіргі таңда аудандағы 45 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған су құбырын пайдаланады. Қалған елді мекендер су тұщыту қондырғысы орнатылған скважиналардан ауызсу пайдаланып отыр.
Ал, орталық су құбырына қосылған 6 ауылда сервистік желі тартылмаған болатын. Өткен жылы 2 ауылға сервистік желі тарту жұмысы басталып, Басықара ауылы толық қосылды. Ал, Ү.Түктібаев ауылын сервистік желіге қосу жұмысын аяқтауға биыл республикалық бюджеттен 130 млн теңге бөлінді.
Сервистік желі тартылмаған Жанқожа, Жалпақ, Майдакөл, Бекарыстан би елді мекенінің тиісті құжаттары дайындалуда. Қазіргі таңда 2 ауылдың (Майдакөл, Бекарыстан би) құжаты мемлекеттік сараптама қарауына енгізілді. Құжаты дайын болған кезде республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынамыз.
«Бүгіндері Қазалы қаласына газ апаруға тиісті қаржы бөлініп, /«ЮгГазПроект» ЖШС/ жоба-сметалық құжаты әзірленуде. Сонымен қатар, демеушілік есебінен Ғ.Мұратбаев ауылына көгілдір отын жеткізу жұмысының жоба-сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Бұны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асыру үшін келісім жүргізіліп жатыр» – деген аудан басшысы Әйтеке би кентіндегі қалып қойған тұрғын үйлерді толықтай газ желісімен қамту үшін аудандық бюджеттен 12,0 млн теңге бөлініп, жоба әзірленіп жатқанын айтты.
Мұрат Нәлхожаұлы бұдан әрі автомобиль жолдары, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, жастар саясаты, діни бірлестіктермен жұмыс, қоғамдық тәртіп жөнінде де тарқата баяндады.
Аудан әкімінің есебінен кейін облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Самұрат Имандосов, еңбек ардагерлері Ботабай Рыстығұл, Мақсұт Айгелдиев, қала тұрғыны Самат Мусаев, Бірлік ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шынтас Қани тағы басқалары атқарылған жұмысқа ризашылықтарын білдіре келе «Солжаға» алқабындағы инженерлік жүйеге келтірілген егістіктің су қашыртқырларын ретке келтіру, кенттің 5-ші квартал аймағына баратын жолға аспалы көпір салу, «Хантамы» қорымының тазалығына көңіл бөлу, қалаға газ жеткізу, «Қарлан» көпірі құрылысын бастауға ықпал ету сияқты өтініш-тілектерін ортаға салды.
Жиында облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов сөз сөйлеп, аймақ көлеміндегі бірқатар оң өзгерістерге тоқталды. Сонымен бірге қасиетті Қазалы жеріндегі жарқын істердің алдағы кездері де жалғасын таба беруіне тілектестігін білдірді.
Сахи ҚАПАР