Жеке сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істерді қарау ерекшеліктері
Фото: Qazaly.kz/ЖИҚұқықтық мемлекет жағдайында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сот актілерінің уақтылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету – сот жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Осы ретте сот актілерін және өзге де атқарушылық құжаттарды орындау міндеті жүктелген жеке сот орындаушыларының қызметі ерекше маңызға ие.
Алайда атқарушылық іс жүргізу барысында жеке сот орындаушылары тарапынан заң талаптарының сақталмауы, атқарушылық әрекеттердің уақтылы жүргізілмеуі, өтініштерге жауап бермеу немесе заңда көзделген міндеттерді тиісінше орындамау жағдайлары кездеседі. Мұндай жағдайларда өндіріп алушы мен борышкердің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге құқығы бар.Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 127-бабында сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) немесе белгілі бір әрекеттерді жасаудан бас тартуына шағым жасау тәртібі көзделген.Аталған нормаға сәйкес, жеке сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөніндегі әрекетіне, әрекетсіздігіне немесе осындай әрекеттерді жасаудан бас тартуына шағым алдымен әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған жеке сот орындаушысына не аумақтылығы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына берілуі мүмкін.Уәкілетті органның аумақтық органының, жеке сот орындаушысының немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының шешімі алынғаннан кейін тиісті талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа беріледі.
Әкімшілік сотта қарау тәртібі
Жеке сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) және қаулыларына дау айту туралы талап қоюлар Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарда қаралады.
ӘРПК-нің 136-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, жеке сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе осындай әрекеттерді жасаудан бас тартуына талап қою заңда белгіленген сотқа дейінгі тәртіп сақталып, тиісті шешім алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа берілуге тиіс.
Бұл ретте талап қою мерзімін дұрыс есептеу маңызды. Себебі заңда көзделген мерзімнің өткізіліп алынуы талап қоюды қарау кезінде тиісті құқықтық салдарға әкелуі мүмкін. Егер мерзім дәлелді себептермен өткізіліп алынса, талап қоюшы оны қалпына келтіру туралы өтінішхат беріп, себептерін растайтын дәлелдемелерді ұсынуға құқылы.
Жеке сот орындаушысының әрекетсіздігіне қандай жағдайларда дау айтуға болады?
Сот тәжірибесінде жеке сот орындаушыларының әрекетсіздігіне қатысты даулардың бірнеше түрі кездеседі.
Мысалы:
- борышкердің мүлкін анықтау үшін қажетті сұрау салуларды жолдамау;
- борышкердің банктік шоттары мен мүлкіне қатысты заңда көзделген шараларды қабылдамау;
- атқарушылық іс жүргізу тараптарының өтініштері мен арыздарын қарамау;
- атқарушылық құжатты орындау үшін қажетті шараларды уақтылы қабылдамау;
- атқарушылық іс жүргізуді заңсыз тоқтата тұру немесе тоқтату;
- тараптарды атқарушылық әрекеттердің жүргізілуі туралы тиісінше хабардар етпеу.
Сонымен қатар, жеке сот орындаушысының борышкердің банк шоттарына заңсыз тыйым салуы, мүлікке қатысты шектеулерді негізсіз енгізуі немесе атқарушылық іс жүргізу тараптарының құқықтарын бұзатын қаулылар шығаруы да сотта даулау нысанасы болуы мүмкін.
Әрине, сот орындаушысының әрбір әрекеті немесе әрекетсіздігі автоматты түрде заңсыз деп танылмайды. Сот әрбір істің нақты мән-жайларын, заң талаптарының сақталуын, қабылданған шешімдердің негізділігін және талап қоюшының құқықтарына нақты әсерін жан-жақты зерттейді.
Соттың істі қарау кезіндегі міндеттері
Әкімшілік соттың негізгі міндеті – жария-құқықтық қатынастарда азаматтар мен ұйымдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау.
Осы санаттағы істерді қарау барысында сот:
- жеке сот орындаушысының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне құқықтық баға береді;
- қабылданған қаулылардың заңдылығы мен негізділігін тексереді;
- атқарушылық іс жүргізу материалдарын зерттейді;
- тараптардың дәлелдері мен қарсылықтарын бағалайды;
- даулы әрекеттің немесе әрекетсіздіктің талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделеріне әсерін анықтайды.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің маңызды ерекшеліктерінің бірі – соттың істің нақты мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуіне бағытталған белсенді рөлі. Бұл қағида сотқа ұсынылған дәлелдемелерді бағалаумен ғана шектелмей, істің дұрыс шешілуі үшін қажетті мән-жайларды анықтауға мүмкіндік береді.
Егер сот жеке сот орындаушысының әрекетін немесе әрекетсіздігін заңсыз деп таныса, талап қоюды қанағаттандырып, заңда көзделген тәртіппен бұзылған құқықты қалпына келтіруге бағытталған шешім қабылдайды.
Сот шешіміне шағым жасау тәртібі
Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша шығарылған сот шешіміне келіспеген жағдайда, тараптар апелляциялық тәртіппен шағым жасауға құқылы.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 168-бабына сәйкес, осы санаттағы істер бойынша апелляциялық шағым шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін.
Бұл тәртіп сот шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін жоғары тұрған сот сатысында қайта тексеруге мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, жеке сот орындаушыларының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне дау айту институты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды құқықтық тетігі.
Сот актілерінің орындалуы әділ сот төрелігінің ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан жеке сот орындаушылары өз қызметінде заңдылық, объективтілік және жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа алып, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Ал әкімшілік соттар осы саладағы жария-құқықтық дауларды қарау арқылы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етіп, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге ықпал етеді.
Осылайша, жеке сот орындаушыларының қызметіне сот бақылауының жүзеге асырылуы атқарушылық іс жүргізу жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғамның сот төрелігіне деген сенімін нығайтуға да қызмет етеді.
Судья Мұрат Бектайұлы Оспанов














