Куәлік аларда дербес деректері тексеріледі
Енді жүргізуші куәлігін алушыларға теориялық емтихан тапсыру кезінде биометрия жүйесі қолданылады. Яғни, осы жүйе арқылы адамның бірегей дербес деректерін бет-жүзі арқылы тану. Бұл бөгде адамдардың емтихан тапсыруын болдырмауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Соңғы кезде қызылордалық тұрғындар арасында жүргізуші куәлігін алуға да деген сұраныс артып келеді. Мәселен, өткен 2021 жылы халыққа қызмет көрсету орталығының мамандандырылған бөліміне жүргізуші куәлігі үшін 11 мың 405 адам жүгінсе, оның 634-і алғаш рет куәлік алушылар. Ал, жыл басынан бері осы қызметті алуға 2 мың 468 адамнан өтініш түссе, оның 810-ы алғаш рет көлік жүргізу құқығына ие болғысы келеді. Сонымен қатар, 1 мың 373 адам мерзімі өткен куәлігін жаңалатса, көлік жүргізу құқығынан айрылған 235 жүргізуші қайта емтихан тапсырған. Куәліктеріндегі санаттарын өзгерту бойынша 50 азаматқа қызмет көрсетілген.
Жүргізуші куәлігін алу үшін 073 нысанындағы медициналық анықтаманы ұсыну қажеттігін естеріңізге саламыз. Қызылордалықтар медициналық тексерістен ХҚО мамандандырылған бөлімінде өте алады. Бөлімде бұл үшін арнайы медицина кабинеті, сондай-ақ психиатр мен наркологтың кабинеті жұмыс істейді.
Үміткер жүргізуші куәлігін алғаш рет алу үшін екі емтихан тапсыруы керек – теориялық және практикалық. Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады, оған кемінде 32 дұрыс жауап берілуі қажет. Ал практикалық емтихан автодромда 12 жаттығудан тұрады. Әрбір үміткердің емтиханды 3 ретке дейін тапсыру мүмкіндігі бар. Үшеуі де сәтсіз болған жағдайда, кандидат келесі емтиханға соңғы емтихан өткізілген күннен бастап алты айдан кейін ғана жіберіледі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»
Қызылорда облысы бойынша филиалы PR-қызметі