Жас ұрпаққа озық әрі мықты Қазақстанды қалдыру – Президент ұлт алдында тұрған стратегиялық міндетті атады
Фото: akorda.kzПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел егемендігін нығайтып, келер ұрпаққа қуатты мемлекет қалдыруды стратегиялық міндет деп атады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысы әлемдегі құбылмалы жағдайға қарамастан, Қазақстан кең ауқымды саяси реформаны іске асырғанын атап өтті.
"Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта да ел егемендігін нығайту қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеуді білдіреді.
"Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Құрылтай депутаттарына да үмітім зор", – деді мемлекет басшысы.
Президент бұл міндетті орындауда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды екеніне тоқталды.
"Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұны ұлт алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет деп атады.










