“Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді“ - Тоқаев
Мемлекет басшысы логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет екенін айтты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі.
"Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық ел айналысып жатыр. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді. Келесі жылы елімізде "Бақты – Аягөз" теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады", - деді Тоқаев.
Тамызда Арал – Каспий" күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады."Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады", - деді Тоқаев.Президент Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл – стратегиялық міндет.
"Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте Көкшетау – Петропавл тасжолын кеңейту ісіне кірісу керек. Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады", - деді Тоқаев.Мемлекет басшысы негізгі мақсат еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру екенін мәлімдеді.













