Тоқаев елдің ілгері саяси күштеріне үндеу жасады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсатымыз болып қала беретінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
"Алайда бұл әр жетістікке мәз болып, жайбарақат отыратын заман емес. Біз биік мақсаттарға ұмтылып, тек қана алға – жарқын болашаққа қарай жүруіміз керек. Келешекке зор сеніммен қарап, Қазақстанды шын мәнінде өркениетті мемлекетке айналдыруымыз қажет. Қазір біз бір ел болып жасампаздық жолына түстік: қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болуда. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай игі үрдісті қолдаймын. Мұны ел ішінде жасалып жатқан реформалардың айқын көрінісі деп санаймын. Халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсатымыз болып қала береді. Бұл – елдің табысты дамуының бірден-бір шарты, тиімді әрі ұзақмерзімді факторы", - деді Президент.
Мемлекет басшысы реформалардың бастапқы кезеңінде еліміздегі көзі ашық және ілгері қоғамдық-саяси күштер жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар аясында бірігуі қажет деп санайтынын айтты.
"Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттілігімізді нығайту ісінде табысқа жете аламыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соңы серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті.












