Ауыл шаруашылығы саласына ЖИ тәсілдерін жедел қарқынмен енгізу қажет – Президент
Фото: akorda.kzҚазақстанның ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу қажет. Бұл туралы 28 қазанда Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің айтуынша, өткен аптада Астанаға іссапармен келген NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Қазақстанның ауыл шаруашылығына жасанды интеллект тәсілдерін енгізу қажеттігі туралы пікір білдірген.
"Меніңше, бұл – өте орынды ұсыныс. Оны жедел қарқынмен іске асыруымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан бұл бағытта табысқа жетсе, жаһандық азық-түлік тапшылығы туындаған жағдайда Еуразияны азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталыққа айналуы мүмкін екенін атап өтті.
Оның айтуынша, елімізде ірі су көздеріне жақын орналасқан, ауқымды аумақты алып жатқан жер алқаптары бар. Оларды суармалы егіншілікке пайдалану дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2–2,5 есе арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Президент жаңа егістік алқаптарын игеру кезінде су үнемдеудің озық әдістері мен агрохимиялық технологияларды қолданудың маңызын атап өтті. Алайда оның айтуынша, Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігі әлі де төмен.












