Қожабақы ауылындағы көпір құрылысының сапасы бақыланды
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қожабақы ауылына жасаған жұмыс сапары барысында елді мекен маңындағы аудандық маңызы бар жолдың 32,1 шақырымында орналасқан темірбетон көпірді қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді.
Бұған дейін елді мекендегі ескі көпір техникалық тексеру нәтижесінде апатты жағдайда деп танылып, қолданыстағы нысанды толық бұзып, орнына жаңа көпір салу туралы шешім қабылданған болатын. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Гүлнұр МК» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі уақытта көпірге кірме жолдардың жер төсемі көтеріліп, бетон құю жұмыстары атқарылды. Көпірдің 5 дана темірбетон плитасы орнатылып, бетон жамылғысының үстіне арматура құрастыру жұмыстары толық аяқталды. Келесі кезеңде көпірге кірме жолдарға қиыршық тас төсеу, оны тегістеу және нығыздау жұмыстары жүргізіліп, кейін асфальт бетон жабындысы төселетін болады.
Жоба бойынша жаңа көпірдің ұзындығы – 21,6 метр, жүру бөлігінің ені – 7 метр. Нысанның құрылыс мерзімі 6 айды құрайды, жобаның жалпы құны – 382,7 млн теңге. Құрылыс кезеңінде көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін ұзындығы 403 метр айналма жол ұйымдастырылған.
Аудан әкімі аталған нысанда құрылыс жұмыстарының сапасына, жобалық талаптардың қатаң сақталуына және осы қазан айының соңына дейін көпір құрылысын толықтай сапалы етіе аяқтауды тапсырды.















