Мәжілісте күзгі әскери шақыру жұмыстары талқыланды
Қазалы ауданына жұмыс сапарымен Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Исламбек Тынарбайұлы Төлегенов келді.Басқарма басшысының жұмыс сапары аясында мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын пысықтауға арналған арнайы мәжіліс өтті. Жиынға аудандық шақыру комиссиясының мүшелері, медициналық комиссия өкілдері, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім, полиция бөлімі және денсаулық сақтау саласының жауапты мамандары, сондай-ақ Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің әкімдері және әскери есеп мамандары қатысты.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев төрағалық етіп, облыстық басқарма басшысын жиынға қатысушыларға таныстырып өтті.
Қазалы ауданы бойынша 2026 жылдың көктемгі шақыру науқанына белгіленген 79 азаматты әскер қатарына жіберу тапсырмасы толық орындалған. Ал күзгі шақыру науқаны бойынша төтенше жағдайлар қызметі мен Қарулы Күштерді қоспағанда, 58 азаматты әскери қызметке жіберу жоспарланған. Оның ішінде Шекара қызметіне – 18, Ұлттық ұланға – 39, Мемлекеттік күзет қызметіне – 1 азамат.
Қазіргі таңда 364 азаматқа қолма-қол шақыру қағазы таратылып, «1414» бірыңғай байланыс желісі арқылы хабарламалар жіберілген. Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін аудандық полиция бөліміне 29 азаматтың тізімі жолданып, оның 5-еуі шақыру пунктіне жеткізіліп, тиісті хаттамалар толтырылған.
Жиында облыстық басқарма басшысы Исламбек Төлегенов әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыру, азаматтарды медициналық тексеруден өткізу, шақыру тәртібін сақтау және тиісті органдардың өзара іс-қимылы жөнінде сөз сөйлеп, жауапты мамандарға бірқатар міндеттерді атап өтті.
Басқарма басшысы жұмыс сапары барысында Қазалы ауданындағы әскерге шақыру пунктінің жай-күйімен танысып, нысанның дайындық барысын көрді.
Мәжіліс соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, әскерге шақыру науқанын сапалы әрі белгіленген мерзімде өткізу бойынша тиісті жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.














