Су жағдайы жіті бақылауда

Жуырда аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев аудан бойынша вегетация кезеңіндегі егістік алқаптарын суару мәселесі бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Сала мамандарымен бірлесе “Жалаңтөс батыр” ЖШС-не қарасты егіс алқабын аралап, вегетация кезеңінің өту барысын бақылады. Бұл шаруашылық биыл 450 гектар күріш егіп, күтімге алған.
Осы орайда шаруаларға су тапшылығы кезеңінде егілген егісті бар мүмкіндікті пайдалана отырып, төкпей-шашпай жинап алу керектігі түсіндірілді. Шаруашылық директоры Абзал Сарсенов Сырдариядан келген судың егіс алқабына толыққанды жететінін, қосымша насос қондырғылары қажеттілігіне қарай жұмыс жасап тұрғанын атап өтті.

Айта кетейік, жалпы аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 18245 гектарды алып жатыр. Оның ішінде күріш дақылы 5636 гектар, өзге дақылдар 11809 гектар, жаздық бидай 140 гектар, жаңа жоңышқа 1947 гектар, ескі жоңышқа 4047 гектар, сүрлем жүгері 419 гектар, мақсары 502 гектар, көкөніс,бақша, үй-іргелік жерлер 959 гектарды құрайды.
А. ЖҮСІПОВА