Пластиксіз өмір сүру мүмкін бе?
Бүгінгі таңда пластик – күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Таңертең дүкеннен алған судың бөтелкесі, азық-түлік салынған қаптама, тіпті киімнің кейбір түрлері де пластиктен жасалады. Пластик адам өмірін жеңілдеткенімен, табиғатқа орасан зор кері әсерін тигізеді. Сондықтан «Пластиксіз өмір сүру мүмкін бе?» деген сұрақ бәрімізді ойландыруы тиіс.
Бір ғана санның өзі мәселенің ауқымын, оның қаншалықты жауапкершілікті талап ететінін әрі өзектілігін көрсетеді. Адамзат жыл сайын 400 миллион тоннадан астам пластик өндіреді. БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасындағы мәліметтерде, оның шамамен үштен екісі қысқа мерзімді қолданылатын өнімдерге тиесілі. Сондай-ақ пластик қалдықтарының көлемі жылдан-жылға өсіп келеді.
OECD деректеріне сүйенсек, 2000 жылы әлемді 156 миллион тонна пластик қалдығы түзілсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 353 миллион тоннаға жеткен. Яғни шамамен 20 жыл ішінде пластик қалдықтарының көлемі екі еседен астам артқан.
Негізі пластиктің баста артықшылығы – оның жеңілдігі, беріктігі және қолжетімділігі. Алайда дәл осы қасиеттер оны табиғат үшін де қауіпті етеді. Себебі ол табиғатта оңай ыдырамайды, уақыт өте келе толық жоғалып кетудің орнына микропластиктерге бөлінеді. Бұл ұсақ бөлшектер суға, топыраққа және ауаға таралып, қоректік тізбекке енуі мүмкін.
Екіншіден, пластиктің өзі ғана емес, оны өндіріу процесі де табиғатқа әсер етеді. Пластик өндірісі қазба отындарына тәуелді және көп мөлшерде парникті газ шығарады. Сондықтан пластик мәселесі тек қоқыс мәселесі емес, ол – су мен топырақтың ластануы, климаттың өзгеруімен байланысты күрделі экологиялық мәселе. Бұл мәселені тек қана бір бөтелкемен немесе пакет арқылы бағалау дұрыс емес. Мысалы, әлемде жыл сайын 5 триллион пластик пакет қолданылады, бұл минутына шамамен 10 миллион пакет дегенді білдіреді.
Егер осы сандарға көз жүгіртіп, терең ойланатын болсақ, «Мен қолданған бір пакеттен не өзгереді?» деген ойдың қаншалықты жаңсақ екенін түсінуге болады. Бір адамның әрекеті кішкентай болып көрінуі мүмкін. Бірақ миллиондаған адамның таңдаумен жасаған әрекеті бірігіп, ғаламдық нәтижеге айналады.
Менің ойымша, пластиктен толықтай бас тарту қоғам үшін өте қиын, бірақ пластикті барынша азайтып, оны жауапкершілікпен пайдалану – толық мүмкін нәрсе. Мысалы, бір рет қолданылатын пакеттің орнына тоқылған сөмке, сусынды қайта пайдалануға жарамды шыны бөтелкеге құюға және артық қаптамасы жоқ өнімдерді таңдауға болады.
OCED болжамы бойынша, ешқандай шара қабылданбаса, 2060 жылы әлемдегі пластик қалдықтарының көлемі 1000 тоннаға дейін өсу қауіптілігі ықтимал. Алайда, бұл міндетті түрде болатын болашақ емес.
БҰҰ деректерінше, қайта өңдеу және пластикке балама материалдарға көшу сынды шаралар жүзеге асырылса, 2040 жылға қарай пластик салдарынан болатын ластануды шамамен 80 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік бар.
Пластиксіз өмір толық болмауы мүмкін, бірақ пластикке тәуелділікті азайту біздің қолымызда. Өйткені Жер – бізге берілген меншігіміз емес, келер ұрпаққа табыстайтын аманатымыз. Ал сол аманатты қалай, қандай күйде қайтаратынымыз – бүгін жасаған таңдауымызға байланысты...
Айғаным ҚҰЛАНБАЙ,
Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектептің
11-сынып оқушысы












