Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қажырлы еңбек – ел мерейі

Қажырлы еңбек – ел мерейі

Бүгінде ел экономикасында 9,4 миллион адам жұмыспен қамтылған. Мемлекет еңбек нарығында жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, мамандарды даярлау, еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және азаматтардың кәсіби дағдыларын арттыру бағыттарына басымдық беріп отыр. Қазақстанда 27 қыркүйекте Еңбек күні аталып өтті.Бұл мерекe жай ғана күнтізбелік дата емес, бұл – еліміздің экономикалық тірегін қалаған адал кәсіп иелеріне көрсетілген шынайы құрмет пен зор алғыстың белгісі.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның қол жеткізген барлық жетістігі мен табысының артында қарапайым еңбек адамдарының маңдай тері жатыр. Зауыт пен фабрикада қызу жұмыс істеген металлург пен шахтер, өнім өсірген дихан мен малшы, оқушыға білім берген ұстаз бен денсаулық сақтаған дәрігер – бәрі де еліміздің жарқын болашағы үшін күнделікті өлшеусіз үлес қосып келеді. Қазіргі қарқынды дамыған заманда еңбек ұғымы да жаңа сипатқа ие болуда. Цифрландыру, жасанды интеллект және инновациялық технологиялар өндіріс пен қызмет көрсету салаларын түбегейлі өзгертіп жатыр. Бүгінгі мамандардан тек физикалық күш емес, терең білім, тұрақты түрде өздігінен даму және жаңашылдық талап етіледі. Дегенмен, мамандыққа деген адалдық, жауапкершілік пен іске деген сүйіспеншілік сияқты асыл қасиеттер ешқашан өз мәнін жоғалтпақ емес.
Ұлттық статистика бюросының мәлі­метінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан экономикасында 9,4 миллион адам жұмыспен қамтылған. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 99,5 мың адамға көп.Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай елдегі сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 миллионға жеткізу жоспарланған. 2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделген.
Елде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың салынуы еңбек нарығына да әсер етеді. Соңғы жеті жылда Қазақстанда 1301 жаңа мектеп пен 1259 медициналық нысан пайдалануға берілген. Бұл білім беру, медицина, әкімшілік және техникалық мамандарға деген сұранысты арттырады.
Туризм саласында да жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр. Қазір салада жалпы құны шамамен 1,3 трлн теңге болатын 328инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оларды кезең-кезеңімен іске қосу шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Болжам бойынша, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Кадр тапшылығы әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында сезілуі мүмкін.Еңбек нарығындағы өзгерістер кәсіби даярлық жүйесіне де жаңа талаптар қойып отыр. Бүгінде Қазақстандағы 763 колледжде 500 мыңнан астам студент білім алуда. Техникалық және кәсіптік білім беруде ерте кәсіптік бағдар мен дуальды оқытуға басымдық берілуде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 306,2 мың адам қамтылған. Жалпы 912,8 мың қазақстандық жұмысқа орналасқан.
Мемлекет субсидиялайтын жұ­мыс орындарына 171,8 мың адам орналастырылған. Оның ішінде жастар практикасына – 30,6 мың, қоғамдық жұмыстарға – 100,8 мың, «Күміс жас» жобасына – 19,4 мың, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 7,1 мың адам қатысқан.
Жұмыс орнын іздеумен қатар, азаматтардың өз кәсібін бастауға мүмкіндіктер мол. 2026 жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 мың мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бір гранттың көлемі 400 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 1,73 миллион теңгені құрайды.
Еңбек саясатының маңызды бағытының бірі – қызметкерлердің құқығын қорғау. Биылғы жылдың алғашқы сегіз айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 48 мыңға жуық қызметкердің еңбек құқықтарын қорғаған. Оның ішінде жалақыны уақытылы төлеу және еңбек заңнамасының талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Сонымен бірге еңбек тәуекелдерін алдын ала анықтауға бағытталған цифрлық жүйелер енгізілуде. Еңбек тәуекелдерінің картасы 99,5 мың кәсіпорынды қамтып, ұйымдардағы ықтимал заң бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда қазіргі уақытта 4 республикалық, 58 салалық, 25 аумақтық және 444 жергілікті кәсіподақ жұмыс істейді.
Елдегі еңбек күні – қоғамдағы барлық жетістік пен ілгерілеудің негізі қажырлы кәсіп пен адал маңдай терге тірелетінін айғақтайтын маңызды мазмұнды күн. Заманауи технологиялар мен цифрлық дәуір еңбек сипатын түбегейлі өзгертіп жатқанымен, кәсібилік, жауапкершілік және іске деген адалдық әрқашан басты құндылық болып қала береді. Елдің тұрақты экономикалық дамуы мен өркендеуі әрбір азаматтың өз саласындағы күнделікті тиімді де сапалы қызметіне тікелей байланысты. Иә, еліміздің әрбір азаматының күнделікті маңдай тері мен табандылығы – Қазақстанның тұрақтылығы мен келешегінің кепілі.

Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
29 қыркүйек 2026 ж. 30 0

Тіл – ұлттың тұғыры

29 қыркүйек 2026 ж. 29

Қажырлы еңбек – ел мерейі

29 қыркүйек 2026 ж. 31

Балабақша – тәрбие бастауы

29 қыркүйек 2026 ж. 31

Доллар тағы арзандады

28 қыркүйек 2026 ж. 72

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930