Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Келінге көп нәрсе керек пе?

Келінге көп нәрсе керек пе?

Бүгінгі таңда қоғамда жиі талқыланатын өзекті мәселелердің бірі – жас отбасылардың жараспауы. Расында, келінге көп нәрсе керек пе? Сырттан келген жат жұртты жан-жақты түсіну, ене мен келіннің ортасындағы шекара, әлеуметтік желілердің әсері және отбасылық құндылықтардың өзгеруі бүгінгі сараптамамыздың өзегі болмақ.
ҰЙЫТҚЫ МА ІРІТКІ МЕ?
Қазақы ортада әйел – отбасының ұйтқысы, береке, бірілігін сақтаушы. Осы мәртебеге жету үшін ол қаншама жолдардан жүріп, өмірлік тәжірибе жинайды. Ата-ананың тәрбиесінен шығып, басқа бір ортаға, жаңа әулетке келген бойжеткен үшін бұл үлкен психологиялық стресс.
«Келін басқа бір әулеттің дәстүріне, іс-әрекетіне және мінез-құлқына бейімделуге мәжбүр болады.
Көбіне жас келіннің қателіктеріне кешіріммен қараудың орнына, оны «біздің үйдің тәртібіне бағынуы тиіс» деген қатаң қасаңдықпен қарсы алу түсініспеушіліктерді туындатады. Оған өз қызындай көріп, қолдау көрсету – отбасының беріктігінің кепілі», – дейді алты келіннің енесі Гүлжаһан Сахиқызы.
«Батыр ананың» айтуынша ене мен келін қатынасында өз орнын білу – бақытты отбасының кілті. Тәжірибелі ана әркім өз орнын біліп, жас отбасының ішкі ісіне тым терең араласпауды ұсынады. Бұл жерде ақыл айту бөлек, ал бақылау жасау немесе кінәлай беру бөлек дүние. Себебі отбасы психологиясында ене мен келін арасындағы шекараның сақталмауы – жанжалдардың басты себебі екендігіні айтады.
ЖАСАНДЫ ӨМІР «ЖАРҒА ЖЫҒУДА»
Заманына қарай – амалы. Бүгінгі таңда жастардың барлығы жаңалықтардан жаны алыс емес, көкірегі ояу, «көздері ашық». Алайда ақпарат ағынының көп кезеңінде көптеген шаңырақтардың шайқалуына әлеуметтік желілер залалын тигізуде.
Өмірдің барлық саласында ешқандай қателік, қиындықсыз және мінсіз болуы керек деген жалған түсінік пен санадағы көрініс – мінсіз өмір иллюзиясы. Инстаграм, ТикТок сияқты платформаларда адамдар тек сәтті сәттерін, бақытты күндерін және әдемі көріністерін ғана көрсетеді. Басқалардың өмірі жарқын, ал өз өміріңіз қызықсыз немесе артта қалып жатқандай сезім тудыруда. Өзін өзгелердің қолдан жасалған «идеалды» бейнесімен салыстырып, үнемі көңілтолмаушылыққа ұшырауда адам өзін қателік жасауға еркі жоқ адам ретінде сезініп, барлық нәрсені мінсіз орындауға тырысады да, тез шаршайды. Салдарынан жүйке жүйесінің тозуы және үнемі мазасыздану, өз жетістіктерін бағалай алмау эмоционалдық күйзелісіне ұшырайды. Бұл туралы пікірін жеткізген психолог Майра Мдуарқызы өзгелердің платформалардағы басқалардың «бақытты өмірін» көріп, өз отбасындағы қарапайым тұрмыстық қиындықтарды көтере алмайтын жастар көбейгеніне алаң.
«Желідегі блогерлердің әсерімен «мен де еркін өмір сүруім керек, ешкімге тәуелсіз болуым шарт» деген қате түсінік қалыптасып, отбасының ұсақ-түйек мәселелері үшін ажырасуға дейін баруы жиілеп кетті. Шынайы өмір мен желідегі көріністі ажырата алмау – бүгінгі буынның басты қатесі», – деген психолог жас отбасылар өздеріне жеткіліксіз санайтын қажеттіліктермен де бөлісті.
«Бүгінгі жастардың психологилық тұрғыдан отбасылық өмірге дайын еместігі байқалады.
Бір-бірін тыңдай білу, компромиске келу және кешірімді болу қабілеті –Эмоционалдық интеллект әлсіреген.
Отбасы – тек романтика емес, бұл күнделікті еңбек, екі жақтың да компромиске келуінен түзілдеді. Жауапкершілікті бөлісу, келінді «қызметші» ретінде емес, тең құқылы отбасы мүшесі ретінде қабылдау сананың жаңа деңгейін талап етеді», – дейді.
«Жұбайлар бар әңгімесі таусылған» дегендей некелік одақта ортақ тіл таба алмай, түсініспеушіліктің соңы кейде тұрмыстық зорлық-зомбылық, тіпті орны толмас оқиғаға да әкеліп жатады. Бүгіні қазақ қоғамдағы ең ауыр дерттердің бірі – өз күйеуінің қолынан қаза тапқан немесе ауыр жәбір көрген келіншектердің тағдыры болып отыр. Өкініштісі, мәселе – тек бір отбасының емес, бүкіл ұлттың қасіретіне айналуда.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманың қатаңдығына қарамастан, қоғамдағы агрессия, құқықтық сауатсыздық және «ер адамның әйелге билік жүргізуге хақысы бар» деген ескірген стереотиптер әлі де түпкілікті жойылған жоқ. Әрбір әйелдің өмірі мен қауіпсіздігі – басты құндылық болуы тиіс емес пе еді?..
Анаға «Барни» емес, ана керек. Бұл бүгінгі жас аналардың жүрекжарды жанайқайы. Заманауи аналардың әлеуметтік желілердегі жарқыраған, мінсіз «модельдік» өмір мен шынайы тұрмыстық жалғыздық арасындағы арпалысын дәл көрсететін өткір метафора.
Дүкен сөрелеріндегі балаларға арналған толассыз тәттілер, гаджеттер мен ойыншықтар баланың қарнын тойдырып, уақытша алдаусыратқанымен, оған ең бірінші кезекте эмоционалдық тұрғыдан қолда бар, шаршамаған, бақытты ана керектігі нәзікжандылардың қоғамға айтар басты наразылығы әрі зарына айналуда.
Бүгінгі ата-аналар баласына ең қымбат киім әперіп, түрлі дамыту орталықтарына қатыстыруға тырысады. Бірақ материалдық игіліктер ананың орнын баса алмайды. Күні бойы төрт қабырғаның ішінде баламен жалғыз қалып, тұрмыстық шаруадан қажыған, ешкіммен тілдесе алмайтын жас анаға сырттай жасалатын «бәрі бар ғой, не жетпейді?» деген көзқарас ауыр тиеді. Оған зат емес, шынайы көмек, түсіністік пен жан жылуы қажет.
«Әлеуметтік желілердегі «бәрін үлгеріп жатқан» блогер-аналардың образды өмірі жас келіндерге психологикалық қысым тудырады. Үйі таза, тамағы піскен, өзі күтімді, баласы тәрбиелі болуы тиіс деген қасаң қалып ананы моральдық тұрғыдан сарқып жібереді. Балаға да, қоғамға да робот емес, қателесуге хақысы бар, шаршайтын, әрі ең бастысы, өз-өзіне уақыты бар жанды ана қажет», – дейді Жұмагүл Насыр. Кәсіпкер келіншек серіктестің және ортаның қолдауының жоқтығы оларға айралықтай саламақ салатынымен бөлісті.
«Бала тәрбиесі тек әйелдің міндеті емес. Күйеуі жұмыстан келген соң телефонға үңіліп немесе «мен ақша тауып жатырмын ғой» деп бар жауапкершілікті әйелге ысырып қойғанда, ана көмексіз қалады. Ата-ене тарапынан болатын «баланы былай бақ, үйді былай ұста»деп артық талаптар ананың жүйкесін жұқартып, оны баласына да толық мейірім бере алмайтындай халге жеткізеді», – дейді.
ЖЕКЕ ШЕКАРАСЫНА КІРМЕГЕН
«Келінді күте аламған күң етеді, Жібекті түте алмаған жүн етеді» деген бабаларымыз келіннің тұлғалық қасиетін құрметтеп, оның жаңа ортаға сіңісуіне отбасы, әулет, туған-туыс, көрші-қолаң, қала берді ауыл болып атсалысқан. Бұл жайлы ардагер ұстаз Ұлжалғас Жұрынқызы бөлісті.
Келінді қазақ тәрбиелі, ұлтты тәрбиелейтін адам етіп қалыптастыруға барынша күш салған.
Жаңа түсіп келе жатқан келіннің жолы ақ болсын деп, алдын ешкім кеспеген.
Жас келінді туыс туған, көрші көлем, ілік жекжаттар «үй көрсетуге», шақырып, келіннің отбасымен танысуына жағдай жасаған.
Жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, не есік көруге шақырғанда әйелдер не үлкен әжелер оған «итаяғына сал» деп сақина, күміс, жүзік сияқты зат берген. «Итаяғына салу» деген келіншек босанып баланы шаранасынан жуатын суға яғни, «шілде суына» әлгіндей күміс жүзік, сақина, күміс түйме сияқты заттарды ыдысқа салып жіберіп, нәрестені жусын деген тілектен туған.
Құрсағына бала көтерген келіншектің жеңсік асын табу үшін «Құрсақ шашар» тойын ұйымдастырған. Жас балалар мен келіндер ата енелері қонақтан келсе, балалы жас келіндер дәметсе меселін қайтармаған.
Жүкті әйелге қатысты көптеген тыйымдар бар. Мысалы, ауыр зат көтермеу, қатты қорықпау, жаман нәрсеге қарамау, орынсыз ұрыс-керістен аулақ болу сияқты ескертулер айтылған. Олардың бір бөлігі медициналық білімге емес, халықтың дүниетанымы мен ырым-нанымына негізделгенімен, түпкі мақсатының бірі – ананы тыныштықта ұстау және сақтандыру болған.
Дәстүрлі ауыл өмірінде әйелдің үй шаруасындағы міндеті көп болғанымен, аяғы ауыр әйелдің жағдайына қарай оған жеңілдік жасауға тырысқан. Әсіресе босануға жақындаған кезде ауыр жұмыстарды азайтуға көңіл бөлінген. Бұл жерде қазақы тәрбиенің «аяғы ауыр әйелді аяу» деген ұғымы көрінеді.
Жүкті әйелге қатты сөз айтпау, көңілін түсірмеу, ренжітпеу туралы түсініктер кең тараған. «Жүкті әйелдің көңіліне қарау керек» деген ұғым оның физикалық жағдайымен қатар, эмоциялық тыныштығын да маңызды санағанын аңғартады.
Бұл тікелей жүкті әйелге емес, жаңа туған сәбиге қатысты дәстүр. Бала туғаннан кейін оның алғашқы көйлегін «иткөйлек» деп атаған. Оны кейін белгілі бір дәстүрлермен байланыстырып сақтаған. Мұны жүктілік кезіндегі қамқорлықпен шатастырмаған жөн.
Қазақ қоғамында босану ісіне тәжірибелі әйелдер, әсіресе кіндік шеше араласқан. Кіндік шеше тек босандыруға көмектескен адам емес, кейін балаға жақын адам ретінде қабылданған. Бұл да әйелдің жалғыз қалмағанын көрсететін дәстүрлі қолдау жүйесі.
Ең қызығы – «жүкті әйелді аяу» тек жеке отбасының шаруасы болмаған.
Күйеуі қайтыс болып, артында аяғы ауыр жары немесе кішкентай балалары қалса, әйелді тағдырдың тәлкегіне тастау қазақы түсінікке жат болған. «Жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған» деген сөздің мәні де осында. Бірақ әмеңгерлікті қазіргі түсінікпен «әйелді міндетті түрде қайнысы немесе қайнағасына қосу» деп қабылдау дұрыс емес. Тарихи деректерде жесір әйелдің келісімі маңызды болғаны айтылады. Ал әйел қайта тұрмысқа шыққысы келмесе, балалары­мен бірге сол әулетте өмір сүріп, қажетті қамқорлыққа ие болған жағдайлар да болған.
Белгілі жазушы, қоғам қайраткері және қазақтың ұлттық дәстүрлерін насихаттаушы Зейнеп Ахметова қазақтың отбасы институты, ене мен келін қатынасы туралы тақырыпты жан-жақты зертеген жан. Ол еңбектерінің бірінде ене мен келін ешқашан бірге тұрмағанын, екеуінің жеке отаулары болғанын айтады. Және өз мәселесін жас отбасы өздері шешулеріне мүмкіндік берген. Көпшілік «қазақ әрдайым үлкен шаңырақта, бірнеше келін енемен бірге сығылысып тұрған» деген қате түсінікте жүреді. Бұл жолдар халқымыздың салт-дәстүрінде жас отбасының жеке кеңістігіне әрқашан құрметпен қарағанын білдіреді.
Жеке шекараның маңызын ертеден білген халқымыз жастардың өз бетінше өмір сүруге машықтануына, жауапкершілікті сезінуіне және тұрмыстық ұсақ-түйек қақтығыстардың алдын алуға жасалған данышпандық қадам жасаған.
Ұлжалғас Жұрынқызы дәстүрлі отбасы институтының әлсіреуі келіндерге барлық жүкті жалқы арқалауларына алып келгендігін жеткізсе, оның замандасы Күлжәмилә Ордабайдың айтары басқа.
«Өзіміз де білгенмен білмегені көп келін болдық. Екі ененің тәрбиесін алдым. Бүгін немере келіннің қолынан шай ішіп отырған бақытты ананың бірімін», – деп әңгімесін бастаған еңбек ардагері ойын бүкпесіз жеткізуімізді сұрады.
«Осынау жылдар ішінде түйгенім, ерлі-зайыптылардың алғашқы 5 жылы – қалыптасу кезеңі. Олардың екеуара мәселесіне ешкім араласпау керек. Келген жері, қыздың туыстары, көрші, достары, әрістестері де.
«Екі түрлі ортада, түрлі тәрбиеде өскен жандардың бір-бірінің мінезіне үйренісіп, ортақ отбасылық ереже жасауы бір күнде немесе бір жылда болатын дүние емес. Бұл қазір дағдарыс кезеңдері ретінде жиі айтылуда.
Осы алғашқы 5 жылда ата-ананың немесе туыстардың әр нәрсеге «ақыл айтып», ортаға түсе беруі жас жұбайлардың өз бетінше шешім қабылдау қабілетін өлтіреді. Егер жастар өз қателіктерінен өздері сабақ алып, ортақ тіл табысуды үйренсе, кейін оларды ешқандай дау-дамай шайқалта алмайды», – дейді. Қалыпстасу кезеңінде ортақ мәмілеге келе алмағандар мәселесін де сұрадық.
«Бес жылда жараспаған жұпты татуластырудың қажеті жоқ. Бұл қатал, бірақ өмірлік шындыққа негізделген пікір. Егер екі жақ бір-бірін түбегейлі қабылдамай, мінездері мүлде үйлеспесе немесе отбасындағы зорлық-зомбылық пен сыйсыздық жалғасса, олар өздерінің де, балалардың да бақыттарына «балта шабады».
Отбасы – екі адамның ерікті түрдегі саналы одағы. Егер оның ішінде сыйластық пен махаббат өлсе, мәжбүрлі түрде ұстап тұрудың маңызы жоқ. Мүмкін оларды түсінетін басқа адам бар шығар», – дейді.
Жас отбасыға еркіндік беру оларға сырттан бақылаушы емес, қолдаушы керектігін түсіндіреді. Себебі алғашқы жылдардағы түсіністік пен жеке шекара – ұзақ әрі бақытты ғұмырдың іргетасы.
КЕШІРІМ МЕН ТҮСІНІСТІК ЭВОЛЮЦИЯСЫ
Жас келіннің санасында жиі болатын бір қателік бар. Ол енесінің немересін өзі сияқты шексіз жақсы көріп, күні-түні бәйек болып отыруын талап ету. Егер ене салқындық танытса немесе немересіне аса көп уақыт бөлмесе, жас келін бірден: «Бұл кісі өз немересін жақсы көрмейді, маған қасақана істеп отыр» деп қабылдайды.
Алайда жылдар өткенде сол келіннің көзқарасы түбегейлі өзгереді. Бұл құбылысты өмірдің ащы-тұщысын татқан ананың жүрекжарды мойындауы ретінде ортаға салалық
«Төрт баланың анасы атанып, түн ұйқысын төрт бөліп, баланың жылауы, ауыруы, сабағы мен тамағымен арпалысқанда ғана әйел адам үлкендердің неге шаршайтынын түсіне бастайды.
Жас кезде бәрін үлгеріп жүргендей көрінетін ата-ананың қартайған шағында буыны сырқырап, жүйкесі жұқарып, баланың шуына шыдамауы – ол жақсы көрмегендіктен емес, шаршағандықтан екен.
Бір немерені бағудың өзі үлкен қуатты қажет етеді. Ал енелердің жасы келіп, денсаулығы сыр берген кезде, олардың бала көтеруге немесе ұзақ уақыт қадағалауға физикалық шамасы жетпейді. Мұны келін тек өз басынан өткергенде ғана ұғады.
Алғашқы жылдары енем «Неге маған көмектеспейді?», «Неге немересін еркелетпейді?» деген реніш білдіретінмін. Уақыт өте келе енесінің де өз өмірі, өз тыныштығы бар екенін түсіндім.
Айтарым, бала – ата-әженің емес, алдымен ата-ананың жауапкершілігі. Әжелер немересін жақсы көреді, бірақ оны жас ана сияқты секіріп жүріп көрсете алмауы мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай», – дейді Ажаркүл Қабылбай.
ҚАРЖЫ — ОТБАСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫ МА, ӘЛДЕ СЫНАҒЫ МА?
Жас отбасылардың шаңырағы ортасына түсуінің басты себептерінің бірі – әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен байланыстырады қаржыгер маман Мархабат Терлікова.
««Махаббат үй ішіндегі сиыр өлгенде терезеден ұшып шығады» деген ащы мысқыл бар. Күнделікті тұрмыстық мәселелер, пәтер жалдау, кредит төлеу, қаржы жетіспеушілігі отбасыішілік психологиялық ахуалды ушықтырып жіберетіні жасырын емес.
Біріккен Араб әмірлігінде үкіметі өз азаматтарының отбасын құруына және оны сақтап қалуына ерекше жағдай жасайды. Мемлекет жас отау құрушыларға үйлену жәрдемақысын беріп қана қоймай, жеңілдетілген шарттармен жер телімін, үлкен үйлер мен субсидиялар ұсынады.
Күйеуі мен әйелінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы толықтай қамтамасыз етілген соң, оларда «ертең балаға не береміз?», «пәтер ақысын қалай төлейміз?» деген сияқты жүйке жұқартатын стресстер болмайды. Бұл отбасының психологиялық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Ал біздегі жас отбасылардың көпшілігі отау тігісімен мынадай қатал шындықтармен бетпе-бет келеді.
Жас жұбайлардың өз бетінше баспана алуы немесе ипотека рәсімдеуі үлкен қаржылық қарбаласқа айналады. Ай сайынғы кредит пен пәтер ақысын төлеу үшін екі жақ та таңнан кешке дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Қаржылық жетіспеушілік адамдарды ашушаң, күйгелек етіп жібереді. Бір-біріне уақыт бөле алмай, шаршап келген жастар әрбір ұсақ-түйек үшін жанжалдасып қалады. Нәтижесінде «біздің мінезіміз жараспады» деген сылтаумен отбасы бұзылады», – дейді.
Психологтар мен әлеуметтанушылар ажырасулардың түп төркіні мінездің үйлеспеушілігі емес, күйзеліске төтеп бере алмаумен байланыстырады.
Тақырып туралы салыстырулар егер адамның әлеуметтік жағдайы тұрақты болса, ол отбасындағы кейбір ұсақ түйек түсініспеушіліктерге көз жұма қарай аладытынын келтірген. Керісінше, қаржылық тығырық пен тұрмыстық жоқтық адамның ішіндегі агрессияны оятып, ең жақын адамына деген төзімін тауысады.
Қазақ қоғамында қыз ұзату – екі әулеттің басын қосатын, үлкен дайындықты қажет ететін маңызды рәсім. Алайда соңғы жылдары той жасауға жұмсалатын шығынның шамадан тыс көбеюі жас отбасыларға ғана емес, тұрмысқа шығатын қыздың өзіне де қаржылық салмақ түсіріп жүр. Мына мысал ойлануға жеткілікті.
Айгерім тұрмысқа шығуға дайындалып жүріп ұзату тойы мен оған қажетті дүниелерді әзірлеу үшін көлемді несие алған. Тойдың қамы, киім-кешек, жасау-жабдық, түрлі қажеттіліктердің шығыны біртіндеп көбейген. Кейін ол алған несиесін өзі төлеп отырған.
Алайда шаңырақ көтерген отбасының ғұмыры ұзаққа бармай, ерлі-зайыпты ажырасып кеткен. Нәтижесінде ортақ өмір тоқтағанымен, сол кезеңде алынған қаржылық міндеттеме тоқтаған жоқ. Қарызды өтеу жауапкершілігі қыздың өзінде қалды.
Бұл жағдай «той кім үшін жасалады, ал оның шығынын кім көтереді?» деген маңызды сұрақты алға тартады.
Әрине, қазақ үшін қыз ұзату – ата-ананың қуанышы, ағайынның басын қосатын дәстүр. Бірақ дәстүрдің мәні мен оны орындау формасын ажырата білу қажет. Ннеке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылардың қаржылық міндеттемелері де жеке мәселе ретінде қаралады. Тойға жұмсалған қаражаттың барлығы кейін қайтарылатын инвестиция емес, ал несие – нақты өтеуді талап ететін міндет.
«Қазіргі қоғамда қыз ұзатудың сән-салтанатынан бұрын, жас қыздың ертеңгі жағдайын ойлау маңызды. Мәселен мен ата-анамның абыройы үшін алған дүние мүліктің барлығы екі жылдан соң сәннен қалды. Ал қарыз мермізі әлі алыс. Қыздың өз атына бірнеше жылға жететін несие рәсімдеп, бір күндік тойды өткізуінен гөрі, оның білім алуына, кәсіби дамуына, баспанасына немесе жеке қаржылық қорына жағдай жасаудың пайдасы әлдеқайда дұрыс», – дейді Әйгерім.
Қазір әйелдің қаржылық сауаттылығы мен экономикалық дербестігі де маңызды. Тұрмысқа шығу – адамның жеке қаржылық жауапкершілігін тоқтататын кезең емес. Керісінше, отбасын құру алдында әр адам өз мүмкіндігін, кірісін, шығынын және қарызын есептей білуі қажет.
Отбасының беріктігі көбінесе мемлекеттің әлеуметтік саясатына және қолдауына тікелей байланысты. Жастарға баспана алуға, жұмыспен қамтылуға және бала тәрбиесіне нақты жағдай жасалса, ажырасу көрсеткіші де айтарлықтай азаяр еді.
ЕРДІҢ СҰСЫ МЕН МЫСЫ
Отбасы мәселелері бойынша маман Венера Әсербаева: «Заманауи отбасындағы отағасының салмағы – саналы қыздардың көзқарасы мен отбасы институтына қоятын талабын айқын көрсететін терең пайым. «Бәріне еркек кінәлі» дегені жай ғана кінә арту емес, отбасының іргесі мықты болуы үшін ер адамның жауапкершілігі мен биік ұстанымы басты рөл атқаратынын түсіну», – дейді.
Ойлантарлық пікір. Еркектің «сұсы мен мысы» – шаңырақтың қорғаны. Нағыз отағасының беделі айғаймен немесе қатаңдықпен емес, оның ішкі ұстамдылығымен, парасатымен өлшенеді. Сұс – ер адамның жақындарын кез келген сыртқы соққыдан қорғай алатын сенімділігі, айбыны. Үйге кіргенде отбасы мүшелері «арқам сүйер тауым бар» деп тынышталатын тылсым күш. Егер ер адамның бұл қасиеті әлсіресе, отбасы берекесі де шайқала бастайды. Ортадағы қадір мен табыс – отбасының іргетасы.
Екінші жағдай – келіншектердің ерінен көп табыс табуы. Тұрмыстық қажырлы тірлік пен қаржылық тұрақтылық отбасының психологиялық ахуалын тыныш ұстайтын басты құрал. Отағасының еңбегі отбасының еркін тыныстауына, ертеңгі күнге сеніммен қарауына негіз болады.
«Егер ер адам өз орнын біліп, отбасының қорғаны, ақылшысы әрі тірегі бола білсе, онда кез келген келін де мойынсұнып, бағынуға дайын. Өйткені әйел адам өзінен әлдеқайда мықты, айбынды әрі сенімді тұлғаның ғана жанында бақытты бола алады», – дейді эксперт.
ЕНЕ ЖАУ ЕМЕС, ЖАНАШЫР
Қазақ отбасындағы ене – екі жағалауды жалғаған алтын көпір. Қоғамда қалыптасқан ескі стереотиптер мен әзіл-қалжыңдардың кесірінен кейде ене мен келін қатынасы жауласу немесе бір-бірін аңду сияқты қабылдануда.
«Жанының бөлшегін сыйлаған жан жақынына жамандық жасамайды», – дейді Гүлжаһан Сахиқызы: «Ене өз өмірінің жалғасын жас келінге сеніп тапсырады. Келін үшін ең қымбат жан – күйеуі. Ал сол күйеуді дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ана қалайша жау болсын? Егер ене шынайы жанашыр екенін түсінсе, ол келініне тек қысым көрсететін бақылаушы емес, қиын сәтте ақыл қосатын ақылшы, сүйеу бола алады.
Жастар кейде эмоцияға беріліп, ұсақ-түйек үшін шаңырақты шайқалтып жатады. Осындайда байыпты ене салқынқандылық танытып, отбасының іргесін аман алып қалуға тырысады. Оның ескертулері мен ақындары «күн көрсетпеу» емес, керісінше, жастардың қателік жасауына жол бермеу үшін жасалатын аналық қамқорлық», – дейді.
Егер келін енесін «бөтен адам» немесе «тексеруші» емес, өз анасының жалғасы ретінде қабылдап, жылы сөзін аямаса, ене де өз кезегінде жүрегін ашып, бар мейірімін төгетінін айттады Ұлжалғас Жұрынқызы.
«Енеңді сыйласаң – елге сыясың. Үлкеннің батасын алған шаңырақтың берекесі болады. Шаңырақтың шамы сөнбей, түтіні түзу шығуы үшін ене мен келіннің арасындағы байланыс берік болуы керек. Өзі бөлектеніп отырған адамға ене де қашанғы құшақ жая берсін. Ақылын басқаша түсінетін адамды қалай деуге болады?» – дейді.
«Үйге қонақ келгенде ене мен келіннің арасында «дастарқанда не болуы керек?» деген мәселеге байланысты пікірталас жиі туындайды. Әсіресе, енелердің «қонаққа дүкеннен ешнәрсе алма, бәрін өз қолыңмен пісір, булочканы да үйден жаса» деген талабы қарбалас уақытта жүйкеме тиетін « соққылардың бірі», – дейді Асылым.
Ене мен келін түсіністігі – мәңгілік тақырып. Осы бір буындар қақтығысы туралы психолог пайымына құлақ түрдік.
Жас отбасындағы «Біздің кезімізде бәрін қолмен жудық, ешқайда шағымданбадық, сендер сияқты еркелеген жоқпыз» деген сөздерді жиі еститін жас келіндердің іштегі реніші мен қарсылығы қалыпты. Бұл әртүрлі заманның, түрлі тұрмыстық жағдайдың және әлеуметтік ортаның қақтығысы.
Әр ұрпақ өзі өмір сүріп жатқан заманның мүмкіндіктері мен қиындықтарына бейімделеді. Кір жуғыш машина, мультиварка, робот-шаңсорғыш – бұл заманауи келіннің еркелігі емес, технологиялық прогресс сыйлаған ыңғайлылық. Егер бұрынғы аналар тұрмыстық ауыртпалыққа уақыт пен қуатын жұмсаса, бүгінгі әйелдер сол уақытты баланың дамуына, өз-өзін дамытуға, карьераға немесе отбасының эмоционалдық ахуалына жұмсайды. «Мен солай өмір сүрдім, сен де солай істеуің керек» деген талап – психологиялық тұрғыдан ескірген көзқарас.
Үлкендердің бұрынғы өткенді мысалға келтіруі көбінесе келіннің іс-әрекетін немесе қабілетін төмендетіп жібергендей әсер қалдырады.
Жас келін бұл сөзді «сендер біздей шыдамсызсыңдар, мықты емессіңдер» деген сыни баға ретінде қабылдайды. Бұл арадағы жылы қарым-қатынасты суытып, қорғаныс рефлексін оятады.
Отбасылық тыныштықты сақтау үшін мынадай тәсілдерді ұсынар едім.
Салыстырмау. Өткенді бүгінгі заманмен салыстыру мүмкін емес. Әр дәуірдің өз ауыртпалығы бар.
Екінші, «Алтын алқа ережесі». Үлкендердің «біздің кезімізде...» деген сөзін іліп әкетіп, «Апа, сіздердің төзімдеріңізге тәнтімін, сол еңбектің арқасында біз осындай жағдайда өмір сүріп жатырмыз» деп жылы жауап қайтару арқылы кез келген жанжалдың алдын алуға болады. Мұндай сыйластық үлкендердің де көңілін жібітеді», – дейді.
Жоғарыдағы келін мен ененің мысалына көзқарасын сұрадық.
Келініне бәрін қолдан пісіруді ұсынатын ене ісін жаулыққа балаудың қажеті жоқ. Үй тағамдары дәмді әрі қауіпсіз. Оған қосымша қазақы қонақжайлылық пен «ұят болады» стереотиптің болуы да мүмкін. Үлкен буын үшін дастарқанның мол болуы, барлығының үй өнімі іскерлігінің көрсеткіші. Ал күні бойы жұмыстан шаршап келіп, немесе бір жағынан бала қарап, үй жинап жүрген келінге мәзірдің бәрін әзірлеу физикалық тұрғыдан ауыр жүк болуы мүмкін. Дүкендер мен кондитерліктерде дайын, сапалы әрі дәмді өнімдер жетіп артылады. Уақытты үнемдеп, сол уақытты балаға немесе күйеуіне арнау әлдеқайда маңыздырақ көрінеді.
Осы тұрмыстық ұсақ-түйек үшін жүйке жұқартпас үшін мынадай тәсілдерді қолданып көруге болады. Қонақ келетіні бұрыннан белгілі болса, «Апа, ертең уақытым тығыз еді, булочканы мына жақсы жерден алдырайық, ал ыстық тамақты немесе бауырсақты өзім жасаймын» деп балама ұсыныс жасаңыз. Ене мен келін бұл жерде бір-бірінің заман талабын түсініп, ортақ мәмілеге келгені дұрыс», – дейді Майра Мдуарқызы.
БАЛАНЫҢ ІСІ ШАЛА
Қыз ұзату, үйлену тойларына барғанда, қыздың жақындары құдаларына: «Қызымыз әлі жас. Кемтігі болса жасырып, жақсылығын асырасыздар! Ендігі тағдыры сіздерге аманат» деген тебіреністі толқынысын байқаймыз. Отбасылық одақтың ойранына әсер етіп отырған келесі жағдай осы.
Қазақстанда неке жасының жалпы тәртібі 18 жас. Заңда көзделген ерекше жағдайларда ғана неке жасы төмендетілуі мүмкін. Ал 16 жасқа толмаған адаммен некелесу Қылмыстық кодексте қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Кейде «қызды ұзаттық», «келін түсірдік» деген сөздің ар жағында тұрған ең маңызды мәселені – оның жасын, психологиялық дайындығын және өз еркінің бар-жоғын ескерусіз қалдырып жатамыз. Әсіресе кәмелетке толмаған қыздың тұрмысқа шығуы – тек бір отбасының жеке мәселесі емес, бүкіл қоғамның назарын талап ететін жағдай.
Қыз бала жасы жетпей келін атанса, оның алдында бірден ересек адамның жауапкершілігі пайда болады. Жаңа ортаға бейімделу, үй шаруасы, жұбайлық қарым-қатынас, болашақ ана болу секілді міндеттердің бәрі оның балалық шағын ерте аяқтауы мүмкін. Ал мұндай үлкен жауапкершілікке дайындық тек паспорттағы жаспен өлшенбейді. Оның психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан жетілуі де маңызды.
Мұндайда «қалай келін қыламыз?» емес, «бұл баланың құқығы мен қауіпсіздігін қалай қорғаймыз?» деген сұрақ қойылуы тиіс.
Егер қыз кәмелетке толмаған болса, ата-ана да, болашақ жұбайы да, оның отбасы да мәселені заң талаптарына сай шешуі керек. Қызды күшпен ұстап қалу, қорқыту, қысым жасау, оқудан шығару немесе «ел не дейді?» деген желеумен некеге итермелеу – дұрыс жол емес. Керісінше, оның білім алуына, қауіпсіз ортада болуына және өз болашағына қатысты саналы шешім қабылдауына мүмкіндік берілуі қажет.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабында адам ұрлау үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Адам ұрлау үшін негізгі жаза ретінде төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Ал қылмыс ауырлататын мән-жайларда жасалса, жаза да күшейеді.
Сонымен қатар, адамның еркін жүріп-тұру құқығын заңсыз шектеу жағдайында Қылмыстық кодекстің 126-бабы – «Бас бостандығынан заңсыз айыру» қолданылуы мүмкін. Бұл бап бойынша адамның бас бостандығын заңсыз айыру үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін. Ал ауырлататын жағдайларда жаза бес жылға дейін, ал кейбір ерекше жағдайларда бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін барады.
Сондықтан «қыздың барғаны – келісімі болды» дегенді бірден айтуға болмайды. Құқықтық тұрғыдан оның шын мәнінде ерікті түрде барғаны немесе қысыммен, қорқыту арқылы, күш қолдану нәтижесінде әкетілгені нақты мән-жайлар арқылы анықталады.
Егер жәбірленуші кәмелетке толмаған болса, істің құқықтық бағасы бұдан да күрделене түседі. Қылмыстық кодекстің 126-бабында көрінеу кәмелетке толмаған адамды заңсыз бас бостандығынан айыру ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылған», –дейді заңгер Асылан Ұзақ. Яғни «есік көрген» емес «есін жиған» қызға айналу маңызды. Қыздың барған жерінде қалуы оның мәңгілік келісім бергенін білдірмейді. Неке қию үшін де адамның еркін ерік білдіруі қажет. Ал зорлықпен немесе қысыммен қалып қою – өз алдына бөлек мәселе.
Дәстүрді дәріптеу мен адамның конституциялық құқықтарын қорғаудың ара-жігін ажыратуымыз қажет. Ұлттық салт-дәстүр адамның еркіндігін, ар-намысын және заңмен қорғалатын құқықтарын бұзуға негіз бола алмайды.
Мұнда мектеп психологы, әлеуметтік педагог, қорғаншылық және қамқоршылық органдары, жергілікті әлеуметтік қызметтер мен қажет болған жағдайда полиция мамандары да назардан тыс қалмауы керек. Егер қыздың өз еркіне қарсы қысым жасалып жатса немесе оның қауіпсіздігіне қатер болса, мәселені тиісті органдарға жеткізу қажет.
Кейде үлкендер «біздің кезімізде ерте тұрмысқа шықтық», «келін болып кетсе, үйреніп алады» деп ойлауы мүмкін. Бірақ бүгінгі қоғамның талабы басқа. Білім алу, мамандық игеру, өз ойын еркін айту, қауіпсіз ортада өмір сүру – әр баланың маңызды құқықтары.
Жасы жетпеген қызды «келін» деп қабылдамас бұрын, оның әлі де бала екенін ұмытпауымыз керек. Оған келіннің міндетін емес, ең алдымен баланың құқығын беруіміз қажет.Өйткені қыздың тағдыры – бір шаңырақтың ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Бүгін біз оның таңдауын, білімін және қауіпсіздігін қорғасақ, ертең саналы отбасы мен сау ұрпақтың негізін қалаймыз.
Осы бір маңызды тұжырымды жан-жақты тарқатып көрелік. Көп жағдайда енелер немесе күйеулері жас келінді өз қалыбына салып, «түзеткісі», «тәрбиелегісі» келеді. Бірақ бұл – басыңды тасқа соғумен бірдей әурешілік.
Келін – бала емес, ол өзінің көзқарасы, мінезі, қағидалары мен жеке шекарасы қалыптасып үлгерген ересек адам. Оны өзгертуге немесе «өзімізге ыңғайлап алуға» тырысу үнемі қарсылыққа, ұрыс-керіске және жүйке қажуына әкеп соғады. Келінді сол қалпында, бар артықшылығы мен кемшілігімен қабылдау – отбасылық тыныштықтың бірінші шарты.
«Енеңді өз анаңдай көр», «Келінімді қызымдай көремін» деген сөзді жиі естиміз. Бұл – идеалды арман болғанымен, өмірде әрқашан бола бермейтін жағдай. Екі түрлі отбасынан шыққан, әртүрлі дәуірді көрген екі әйелдің бір шаңырақ астында тіл табысуы — үлкен дипломатиялық өнер.
Ешкім ешкімге бағынышты болмауы тиіс. Ортақ тіл табу – бір-бірінің кемшілігіне көз жұму, жеке кеңістігін құрметтеу және кішілік пен кісілікті қатар ұстау. «Мен оны жеңемін» немесе «ол мені тыңдауға тиіс» деген амбицияны ысырып қойып, «біз қалай тату өмір сүре аламыз?» деген сұраққа жауап іздеген дұрыс.
Отбасы – бір-бірін өзгерту алаңы емес, екі түрлі әлемнің өзара үндесуі. Ене де, келін де бір-бірін өзгертуге тырыспай, тек қана сыйласып, ортақ тіл таба білсе, шаңырақта береке де, тыныштық та орнайды.
Заман өзгерсе де, отбасының тұтастығы махаббат, сыйластық, төзімділік және өзара түсіністікке негізделуі тиіс. Келінге артық талап пен шектен тыс қысым емес, шынайы жүрек жылуы, қолдау мен адамгершілік қарым-қатынас керектігі шағым емес, отбасы институтындағы психологиялық тепе-теңдіктің бұзылғанын көрсететін дабыл.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
02 қыркүйек 2026 ж. 31 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031