Қамшы мен домбыра: беташарда келіннің бетін немен ашқан дұрыс?
Қазақ үшін қыздың ұядан ұзатылып, ұлдың жеке отау құрғаны айрықша қуаныш. Перзент дүниеге келіп, ес біле бастағаннан-ақ ұлтымыз бауыр етін сол үлкен өмірге баулиды.
5 жасқа дейін ханындай күтіп, 12 жасқа дейін құлындай жұмсайды. 12 жастан асқан баламен досындай сырласады, пікіріне құлақ түреді. Бала тәрбиесіндегі бұл алгоритм – ұтымды шешім. 5 жасқа дейін даланың елігіндей еркін өскен бала жалтақ болмайды. 12 жасқа дейін еңбек етуді үйренген бала еріншек болмас. Ал 12 жастан кейін ата-анасы пікірін елеп, ойын ортаға салып үйренген бала жеке өмірінің жауапкершілік жүгенін тартып үйренеді. Бұл дағды, әсіресе, шаңырақ құрғанда қабылдайтын «тағдырлы шешімдерге» әсер етпей тұрмайды.
Данышпан халқымыз жастар өсіп-өніп, ұрпақ сүйіп, өрбіп кету үшін әу бастан тәрбие талын күтіп баптаумен бірге, салт пен дәстүрге айрықша мән берген. Ондағы басты ниеті - жамандықтан сақтау, жас отбасының аяқтан нық тұруына болысу.
Сол секілді қазақ халқы келін түсіру салтының жөн-жоралғысын ерекше сақтаған. Әділ Ахметов Түркі әлемінің ырым-тыйымдары кітабында беташар дәстүрінде орындалатын мынадай салттарды атап өткен.
Беташар – дәстүрлі ортада келін түсіру тойында атқарылатын ғұрып. Ұзатылған қызды алып келе жатқан топ ауыл шетіне кірген кезде, келіннің алдынан ауылдың қыз-келіншектері шығып, шымылдықпен қоршап, үлкендерге көрсетпей (табу), отау алдына әкеледі. Жас келінді шымылдықпен қоршап оқшаулау, басына шәлі жабу – бұлжытпай және міндетті түрде орындалатын рәсім. Мұның үлкен ғұрыптық мәні бар. Жаңа дүниеге тіл-көздің сұғы жылдам түседі деген бағзыдан қалыптасқан наным-сенімге байланысты жас келінді қымсындырмай жаңа ортаға бірте-бірте икемделсін деген ниетпен жасалатын мұндай шаралар әлігшен дейін жалғасын тауып келеді. Келінді оқшаулайтын шымылдықты ежелгі заманда «көшүге» деп атаған. Мұны Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати жазып қалдырған.
Жаңа түскен келіннің жүзі Беташар рәсімі аяқталғанша көрсетілмейді (табу). Басқа салынған желек те жалаңаш қолмен ашылмайды (табу). Ертеректе Беташар айтқан жыршы жігіт ауыл-аймақты, туған-туысты таныстырып, байырғы ортада қалыптасқан келіннің орны мен міндеттерін тағы да еске салып, насихат сөздерін айтып болған соң, желекті үкілеген қамшымен немесе басына ақ шүберек байланған таяқпен ашқан. Кейінгі кезде домбыраның басымен ашу үрдіс алған.
Беташар салтында жас келіннің екі қолынан демеп, қолтығынан сүйейтін келіндерді ерекше талғаммен таңдаған. Қазақ өте ырымшыл халық. Сондықтан екі рет тұрмыс құрған келінге, құрсақ көтеріп, перзент сүймеген келінге, азаматынан айырылған жесір келінге Беташар дәстүрінде жас келіннің қолтығынан сүйетпеген.