«Айқайлап» тұратын атауынан басқа түгі жоқ: Президент жалған қоғамдық ұйымдар жайында
Бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктің «айқайлап» тұратын атауларынан басқа түгі жоқ. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Маған бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктің тек қағаз жүзінде тіркелгені, шын мәнінде, «айқайлап» тұратын атауларынан басқа түгі жоқ, жалған құрылымдар екені баяндалды. Мұндай ұйымдар азаматтар мүддесін қорғау үшін емес, басқа пиғылда, берісін айтсақ, мансапқорлық мақсатта құрылғаны анық. Бұл кейбір жағдайда алаяқтыққа дейін жетті. Оған жол беруге болмайды, — деді Мемлекет басшысы.— Тек мемлекеттік тапсырысты игеру мақсатында құрылған «қызмет көрсету» ұйымдарының жұмысына тосқауыл қою қажет. Жалпы, Халық Кеңесі қоғамға ұйытқы болуға тиіс. Елімізде көптеген консультативтік-кеңесші орган бар, алайда басым бөлігінің қызметі шашыраңқы, бір-бірін қайталайды. Олардың жұмысын үйлестіріп, сараптамалық әлеуетін біріктіру және келіп түскен ұсыныстарды жүйелеу Халық Кеңесіне жүктеледі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте Президент мұндай фактілер құқық қорғау органдарының назарына жолданатынын баса айтты.Айта кетейік, жиын барысында Президент Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын құжат болуға тиіс екенін айтты.











