Тоқаев: Кейбір қоғамдық ұйымдардың «айқайлап» тұрған атауынан басқа түгі жоқ
Президенттің сөзінше, кейбір ұйымдар тек қағаз жүзінде тіркеліп, сырт көзге «айқайлап» тұратын атауларымен ғана ерекшеленеді.
Фото: АқордаҚазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктің нақты қызмет атқармайтынын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Президенттің сөзінше, кейбір ұйымдар тек қағаз жүзінде тіркеліп, сырт көзге «айқайлап» тұратын атауларымен ғана ерекшеленеді.
«Маған бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктің тек қағаз жүзінде тіркелгені, шын мәнінде, «айқайлап» тұратын атауларынан басқа түгі жоқ, жалған құрылымдар екені баяндалды. Мұндай ұйымдар азаматтар мүддесін қорғау үшін емес, басқа пиғылда, берісін айтсақ, мансапқорлық мақсатта құрылғаны анық. Бұл кейбір жағдайда алаяқтыққа дейін жетті. Оған жол беруге болмайды», – деді Президент.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай фактілер құқық қорғау органдарының назарына жеткізілетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы мемлекеттік тапсырысты игеру үшін ғана құрылған «қызмет көрсету» ұйымдарының жұмысына да тосқауыл қою қажет екенін айтты.
«Жалпы, Халық Кеңесі қоғамға ұйытқы болуға тиіс. Елімізде көптеген консультативтік-кеңесші орган бар, алайда басым бөлігінің қызметі шашыраңқы, бір-бірін қайталайды. Олардың жұмысын үйлестіріп, сараптамалық әлеуетін біріктіру және келіп түскен ұсыныстарды жүйелеу Халық Кеңесіне жүктеледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, сессия барысында Президент Конституция әр азаматтың қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын маңызды құжат болуы керектігін де айтты.













