Алаяқтар Ұлттық банк қызметкері ретінде танысып, 9 млн теңгені иемденген
istockphoto.comБас прокуратура азаматтарға алаяқтықтың кең таралған схемасы туралы ескертеді. Бұл жағдайда қаскөйлер өздерін Ұлттық Банктің қызметкерлері ретінде таныстырып, алаяқтардан қорғау сылтауымен азаматтардың ақшалай қаражатын иемденеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тек соңғы бір жарым айдың ішінде республика бойынша осындай 39 факт тіркелген. Мәселен, 2026 жылғы 17 қыркүйекте Ұлытау облысының Полиция департаменті Жезқазған қаласының тұрғынынан ақшалай қаражатты жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қаскөйлер өздерін Ұлттық Банктің қызметкерлері ретінде таныстырып, ер адамға алаяқтар оның дербес деректерін иемденіп, шоттарындағы ақшалай қаражатын ұрлауға әрекет жасап жатқанын хабарлаған.
Қаскөйлерге сенген ер адам олардың нұсқауы бойынша депозиттеріндегі барлық ақшаны шешіп, оларды «қауіпсіздендіру» мақсатында үшінші тұлғаларға аударған. Келтірілген залал 9 млн теңгені құрады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
Бас прокуратура азаматтарды қырағылық танытуға шақырады. Ұлттық Банктің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы алаяқтардан қорғау деген сылтаумен несие ресімдеуді, мүлікті сатуды немесе ақшалай қаражатты үшінші тұлғаларға аударуды талап етпейді. Бөгде адамдарға SMS-кодтарды, парольдерді, банк карталарының деректерін және сіздің ақшалай қаражатыңызға қол жеткізуге мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді хабарламаңыз.











