Өркениет өлшемі
20 қыркүйек – әлемдік қауымдастық назар аударатын айтулы күндерінің бірі. Бұл күні жыл сайын қоршаған ортаны қорғауға бағытталған Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аталып өтеді. Аталған бастама адамзаттың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамды қоршаған ортаны таза ұстауға жұмылдырып келеді.Дүниежүзілік тазалық күні алғаш рет 2008 жылы Эстонияда бастау алған. Содан бері бұл бастама жүздеген елді қамтыған жаһандық экологиялық қозғалысқа айналды. Жыл сайын осы күнге орай түрлі мемлекеттерде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер, саябақтар, орман алқаптары мен су айдындарының жағалаулары тазаланады. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыру және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Осы айтулы күн қарсаңында елімізде де қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып келе жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы.
Өткен сенбіде акция аясында еліміздің барлық өңірін қамтыған жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды тазалық шарасына республика бойынша 513 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында 140 мыңнан астам мемлекеттік қызметші мен 82 мың ерікті бар. Сонымен бірге сенбілікке мектеп оқушылары мен студенттер, жастар ұйымдарының мүшелері, кәсіпорындар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және өңір тұрғындары белсенді атсалысты.
Экологиялық акция барысында саябақтар мен қоғамдық орындар, орман алқаптары, өзен жағалаулары мен су қоймалары, сондай-ақ қалалар мен ауылдардың шеткі аумақтары тазартылды. Жалпы шамамен 6 мың гектар аумақ тазаланып, 12 мың тоннадан астам қалдық жиналды. Сонымен қатар 38 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.
Облыс көлеміндегі тазалық шараларына да тұрғындар белсенді қатысты. Биыл жыл басынан бері экологиялық акцияларға 328 800-ге жуық ерікті, қоғам қайраткері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкері жұмыл-дырылды. Нәтижесінде елді мекендерден 8741 тонна қоқыс шығарылып, 510 сквер мен саябақ, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік нысан, 1897 өнеркәсіптік және кәсіпкерлік нысан аумағы, сондай-ақ көшелердің бойы тазартылды. Бұл жұмыстарға 548 техника тартылды. Сонымен қатар облыс аумағында 12 мыңға жуық тал егілді.
Маңызды экологиялық шарадан аудан тұрғындары да шет қалған жоқ. Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі Жанқожа баба кесенесі аумағында өткен сенбілікке аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған игі іске белсенді атсалысуға шақырды.
Ауқымды сенбілікке ардагерлер, жастар мен волонтерлер, мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты.
Тазалық жұмыстары Әйтеке би кентіндегі Жанқожа баба кесенесі аумағында, Шалабай су арнасында, «Жасыл белдеу» аумағында, Жанқожа батыр, Қ.Ерімбет және Я.Михайлюк көшелерінде жүргізілді. Аталған аумақтар қоқыстан тазартылып, бей-берекет өскен шөптер шабылды. Сонымен қатар абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тал көшеттері отырғызылды.
Аудан бойынша сенбілікке 134 мекемеден 1 427 адам қатысып, 16 техника жұмылдырылды. Тазалық жұмыстарының нәтижесінде 17,3 тонна қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.
Туған жердің табиғатын аялау, көшені таза ұстау – үлкен өзгерістердің бастауы. Сондықтан тазалыққа тек сенбілік кезінде емес, күнделікті өмірде жауапкершілікпен қарау – баршаға ортақ парыз. Бүгін тазартылған әр аумақ пен отырғызылған әрбір тал – келешек ұрпаққа қалдырар таза әрі көрікті ортаның негізі екенін ескерген жөн.
А. ЖҮСІПОВА













