Қазақстанда “2-10-20“ және “5-10-20“ ипотекалары жабыла ма? Өнеркәсіп министрлігінің жауабы
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі "2-10-20" және "5-10-20" тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыру туралы айтып, олардың тоқтап қалу қаупі бар-жоғына жауап берді, - деп хабарлайды Tengri Home тілшісі.
Отбасы банкке жеңілдетілген ипотека үшін қанша қаражат қажет?
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Өнеркәсіп министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтен Отбасы банкін бюджеттік кредиттеудің жеткіліксіз қаржыландырылуы туралы сұралды. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2026 жылғы 13 қыркүйектегі жағдай бойынша ол 96,2 миллиард теңгеден асқан.
Журналист: "Егер қажетті қаржы бөлінбесе, "2-10-20" және "5-10-20" бағдарламаларының тоқтап қалу қаупі бар ма?" - деп сауал жолдады.
"Бұл бағдарламалардың тоқтап қалу қаупі жоқ. Бүгінде осы бағытты қаржыландыруға ағымдағы жылға қарастырылған 50 миллиард теңгенің 20 миллиарды республикалық бюджеттен бөлінді. Тағы 30 миллиард теңге жыл аяғына дейін бағытталады", - деп жауап берді Бақытжан Жүнісбеков.
Комитет басшысының айтуынша, жетіспейтін соманы қаржыландыру үшін қаржы-экономикалық негіздеме дайындалып қойған.
"96 миллиард теңге көлеміндегі жеткіліксіз қаржыландыруға келетін болсақ, қаржы-экономикалық негіздеме әзірленді. Бюджетті нақтылау кезінде осы қаражатты бөлуге өтінім жолданатын болады", - деді ол.
Сондай-ақ брифингте бағдарламаларды 2027–2029 жылдарға қаржыландыруға 296,2 миллиард теңге көлемінде қосымша қажеттілік бар екені туралы ақпарат айтылды.
Еске салайық: "2-10-20" бағдарламасына көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.
Займ бойынша мөлшерлеме жылдық 2 пайыз болады (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі - 2 пайыздан 2,1 пайызға дейін). Ең төменгі бастапқы жарна - қарыз сомасының 10 пайызы. Несие 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бағдарлама бойынша тұрғын үйді қатысушы әкімдікте үй кезегінде тұрған өңірден ғана сатып алуға болады.
"5-10-20" тұрғын үй бағдарламасы баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған қазақстандықтарға арналған. Қарыз мөлшерлемесі жылдық бес пайызды, бастапқы жарна - 10 пайыздан басталады. Несие 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Бағдарлама бойынша тек бастапқы нарықтан, соның ішінде әкімдіктер желісі бойынша салынған пәтерлерді сатып алуға болады.












