Мәжілісте бірқатар маңызды мәселелер қаралды
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде егін жинау жұмыстарына дайындық барысы, салық базасын ұлғайту, күзгі әскерге шақыру және санитарлық тазалық сынды ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – егін жинау жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Биыл аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 12 475 гектар жерге орналастырылған. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 2 447 гектар алқапты құрайды.
Егін жинау науқанына 184 дана ауыл шаруашылығы техникасын қатыстыру жоспарланған. Қазіргі таңда техникаларды дайындау жұмыстары жүргізіліп, шаруашылықтар қажетті қосалқы бөлшектермен және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілуде.
Мәжілісте аудан басшысы егін жинау науқанына бөлінген дизель отынын жеткізу, егістік алқаптарды күтіп-баптау, суармалы сумен қамтамасыз ету және шаруашылықтардың су берешегін өтеу мәселелеріне кеңінен тоқталып, өнімді жауын-шашынға қалдырмай, ысырапсыз жинап алуды және дайындық жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, 5 қыркүйекте Қызылорда қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне аудан шаруалары мен кәсіпкерлерінің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керектігін айтты. Жәрмеңкеге ауданымызда өндірілетін күріш, ет, сүт, көкөніс, бақша өнімдері және басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын молынан шығару жөнінде жауапты сала басшылары мен округ әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.
Мәжілістің күн тәртібінде салық базасын ұлғайту мәселелесі де талқыланды. Жиында көлеңкелі экономиканың алдын алу, заңсыз кәсіпкерлікпен күресу, жалдамалы жұмысшыларды заңдастыру, коммерциялық нысандарды түгендеу және ауылдық округтердің өз кірістерін арттыру бағытындағы жұмыстар сараланды.
Аудан әкімі жауапты мекемелерге салық түсімдерін ұлғайту бойынша жұмысты жүйелеуді, нақты нәтижеге бағытталған шараларды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданның дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлермен жұмысты жандандыру жөнінде жауаптыларға бірқатар тапсырмалар берді.
Аудан әкімі кент, қала және округ әкімдеріне тұрғындар арасында мал сату кезінде салық төлеу мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын күшейтуді де тапсырды. Бұл бағытта халыққа заң талаптарын түсіндіру үшін ауылдық жерлерде арнайы кездесулер ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыстар жүргізу керектігін айтты.
Мәжілісте күзгі әскерге шақыру науқанының барысы да қаралды. Бүгінгі таңда шақыру комиссиясына 364 азамат шақырылып, оның 39-ы комиссиядан өткен. Осыған байланысты аудан әкімі шақырылушыларды уақытылы хабардар ету, шақыру пунктіне жеткізу және медициналық комиссиядан өткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге, денсаулық сақтау ұйымдарына және жергілікті атқарушы органдарға өзара үйлесімді жұмыс жүргізіп, күзгі әскерге шақыру жоспарын толық орындауды міндеттеді.
Жиын соңында елді мекендердің санитарлық тазалығы мен абаттандырылу барысы сөз болды. Анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, атқарылған жұмыстар бойынша «дейін/кейін» форматында фотоесеп ұсыну тапсырылды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі берілген тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алып, әр бағыт бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу қажеттігін атап өтті













