Егін жинауда қам қалай?
Жақында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен егін жинау науқанының барысы туралы мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтанов селекторлық режим арқылы қатысып, мәжілістен кейінгі жиында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. – Биыл аудан бойынша 17 445 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, оның ішінде күріштің көлемі 5 636 гектарды құрады.Бүгінде аудан бойынша егін жинау жұмыстары өте баяу жүргізіліп жатыр. Басты міндет ел ризығын ысырапсыз, шашпай-төкпей, жауын-шашынға ұрындырмай және малға жегізбей, қамбаны астыққа толтыру қажет. Осыған байланысты егінді уақытылы жинауға қолда бар ауыл шаруашылығы техникаларының мүмкіндігін толық пайдалану арқылы мерзімінен кешіктірмей жинау керек. Сонымен қатар су тапшылығы жыл сайын үдемесе, көбейіп жатқан жоқ. Сондықтан біз осы кезден бастап егінді әртараптандыру жұмыстарын жүргізіп, жаңа технологиялар мен заманауи әдістер арқылы суды аз тұтынатын дақылдарға басымдық беруіміз керек, – деді Мұрат Байғабылұлы.
Жиында аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысына тиісті ауылдық округ әкімдері және шаруашылық басшыларымен бірлесіп егін жинау науқанын жеделдету жөнінде тапсырма берілді. Мәжіліс соңында егін жинау науқанынан бөлек қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары да пысықталып, тиісті сала басшыларына жылу беру маусымын ешқандай кемшіліксіз өткізуге байланысты тапсырмалар берілді.
Айта кеткен жөн, жақында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен егін жинау науқанының барысы туралы Үкімет отырысы өткен болатын. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейінгі жиналыста аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тапсырма берді. Аймақта Мемлекет басшысының, Үкімет қолдауының арқасында көршілес мемлекеттермен қажетті су көлемін жеткізу бойынша нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, нақты шаралар қабылданған. Өңірде егін жинау жоспар бойынша қазан айының 15-нен кешікпей аяқталуы тиіс.
Бүгінде күзгі егін жинау жұмыстарына бөлінген 10 400 тонна арзандатылған дизель отынының 5 500 тоннасы жеткізілген. Дегенмен, шаруашылықтардың дизель сатып алу көрсеткіштері әлі де төмен. Егін шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу – заман талабы. Президент тапсырмасына сәйкес 2026 жылға су үнемдеу технологияларын мемлекеттік қолдау шараларына облысқа 9 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Айнұр ӘЛИ














