Көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Жиынға ауыл шаруашылығы саласына қатысты мекеме басшылары, су шаруашылығы ұйымдарының өкілдері және шаруашылық құрылымдарының жетекшілері қатысты.
Мәжілісте аудан бойынша 2026 жылғы егіс науқанына дайындық барысы жан-жақты талқыланды. Биыл ауданда 17 257 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру, оның ішінде 5400 гектарға күріш егу жоспарланып отыр.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов баяндама жасап, көктемгі дала жұмыстарына дайындық, тұқым қоры, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, техникалардың әзірлігі және қаржыландыру мәселелері жөнінде ақпарат берді. Бүгінгі таңда шаруашылықтар тарапынан 2026 жылдың егісі үшін 1410 тонна күріш, 23,5 тонна жоңышқа, 5 тонна мақсары, 36 тонна жаздық бидай және 9 тонна арпа тұқымы дайындалған. Көктемгі дала жұмыстарына 278 дана ауыл шаруашылығы техникасын қатыстыру жоспарланып, қазіргі таңда олардың 249 данасы немесе 89,6 пайызы жөндеуден өткен.Мәжілісте су мәселесі де кеңінен қаралды. Бұған байланысты «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының Қазалы ауданындағы өндірістік учаскесінің басшысы Нұрлан Әбділдаев Сырдария өзеніндегі су жағдайы мен алдағы вегетациялық кезеңге дайындық туралы баяндама жасады.
Аудан әкімі соңғы жылдары қалыптасқан су тапшылығына байланысты су ресурстарын тиімді пайдалану, егіс алқаптарын әртараптандыру, суды аз қажет ететін дақылдарды көбейту бағытында нақты жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті. Жауапты сала басшыларына көктемгі егіс науқанына қажетті минералды тыңайтқыштарды толық жеткізу, техникалардың толық дайын болуын қамтамасыз ету, жеңілдетілген жанар-жағармайды уақытылы алу, шаруашылықтарға несие рәсімдеуде қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.Кездесу барысында шаруашылық басшылары да су шаруашылығына, егіс көлеміне, егінге малдың түсуінің алдын алу мәселелеріне қатысты өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан басшысы шаруашылық басшыларының ұсыныстарына сәйкес ауылдық округ әкімдері және басқада жауапты мекемелермен бірлесе жұмыстар атқарылатындығын жеткізді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі көктемгі дала жұмыстарына сапалы әрі уақтылы дайындалу – мол өнім алудың басты кепілі екенін атап өтіп, барлық жауапты мекемелер мен шаруашылық құрылымдарына белгіленген жоспарға сәйкес бірлесе жұмыс жүргізу керектігін айтты.













