Дамудың даңғыл жолы
Дүйсенбі күні Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен актив жиыны өтіп, онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер сараланды. Келелі мәселелер ортаға салынған басқосуды Мұрат Ергешбаев бастаған Қазалы ауданының активі онлайн режимде тамашалады.
Аймақ басшысы ел Президентінің Жолдауын түсіндіре келе, маңызды құжатта көрсетілген межелердің орындалуы үшін жұмыс жасау керектігін тілге тиек етіп, тиісті басқармалар басшыларына тапсырма берді. Осылайша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында болашаққа жаңа міндеттер қойылды.
Аймақ басшысы Жолдаудағы «адами капиталды» дамыту жөніндегі пікірді ерекше атап өтті. «Заманауи қоғамда әлеуметтік-экономикалық дамудың сандық емес, сапалық сипаттамалары бірінші орынға қойылады. Қазіргі таңда экономикалық өсімнің және бар құндылықтың негізгі қозғаушы күші – адам, оның білімі мен дағдысы болуы керек. Оның өнімді еңбек әрекеттері біліміне, дағдысына, тәжірибесіне байланысты болады. Осылайша экономикалық өсімнің де жоғары сапасы қамтамасыз етіледі», – деді.
Елбасы Жолдау бойынша ақпараттық-насихаттық топ пен БАҚ өкілдеріне мән-маңызы жоғары құжатты халыққа жетік түсіндіруді тапсырды. Елбасы қойған міндеттерін орындауда қызылордалықтар алдыңғы қатарда болатынына сенім білдірді.
Облыс басшысының баяндамасынан кейін «Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты М.Өтеев пікір білдірді. Майталман маман өз сөзінде, Елбасы биылғы Жолдауда заманауи технология мен озық тәжірибелерді қолдана отырып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін, экспорт көлемін арттыру туралы мәселе көтергенін, бұл міндетті орындауға қомақты қаржы бөлу жөнінде Үкіметке тапсырма берілгенін тілге тиек етті.
– Қазір біз күріш егуді, одан жоғары өнім алуды меңгердік. Дегенмен, соңғы жылдары егістікті әртараптандырып, күріштен басқа дақылдардың көлемін арттыруға ден қойдық. Бұл бізге алатын өнімнің түсімін көбейтіп, мал азығын әзірлеуге мүмкіндік беріп отыр. Мал басы көбейіп, бордақылау алаңдары салынуда. Енді Жолдауда айтылғандай мал өнімдерін өңдеп, шетелдерге сату үшін заманауи ет комбинатын салу жоспарланған. Құрылыс басталды. Алдағы жылы комбинат іске қосылады.
Сондай-ақ, актив жиынында облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы А.Махамбетов, облыстық медицина орталығының директоры Н.Әмитов, Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық өсімдік полимерлер университетінің түлегі, «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауытының инженер-технологы Ж.Смаилова берілген тапсырмалардың орындалуына, межеленген міндеттердің іске асуына үлес қосуға әзірліктерін білдірді.
Кеше Елбасы Жолдауынан туындайтын мәселелер аудан әкімдігінде өткен идеологиялық актив жиынында да талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов бұл жолғы Жолдауда да мемлекетті нығайтуда әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды басымдықтарын жаңғыртып, жандандыру аса қажет екенін баса айтып, бірқатар бөлім басшылары мен Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалар жүктеді.
Жиында ауданға белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты І.Тілеп, ардагер-ұстаз К.Мергенбаева, медицина саласының қызметкері С.Артықбаев және «Жастар ресурстық орталығы» КММ Қазалы аудандық бөлімінің басшысы О.Ахметов Жолдауда көрсетілген басым бағыттарға тоқталып, өз ой-пікірлерін білдірді.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ