Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдау жолындағы міндеттер сараланды

Жолдау жолындағы міндеттер сараланды

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өңірдегі идеологиялық активтің отырысы өтті. Басқосу Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына арналды.
«Әлем қазір ғарыштық жылдамдықпен дамуда. Кез келген сәтте адам ойламаған нәрселер дүниеге келіп жатады. Бұның барлығы бізден аса қырағылықты, шапшаң қимылдауды, жедел бейімделуді талап етеді. Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінің талабы да – осы. Елбасы «өзгеріс дауылы тұрғанда оған қарсы қорған емес, желкен тұрғызу керек» деді. Желкеніміз мықты болғанда ғана ағыны қатты ағысқа қарсы тұра алатынымыз белгілі. Сондықтан, біз жаңа ХХІ ғасырдың мұнайы – білім, ақпарат, санды технологиялар екенін жақсы түсінуге міндеттіміз!» – деді аймақ басшысы актив отырысында.
Жиында баяндама жасаған облыс әкімі жақында Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапарын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының беделі, тәуелсіз еліміздің саясаты мен позициясы әлемдік державалардың сеніміне ие болуға және шетелдік инвестицияларды тартуға өз септігін тигізді.
«Біз төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде тұрмыз. Осы ретте, Жолдаудың 10 міндеті – ел дамуының жаңа тынысы болмақ», – дей келе өңір басшысы облыста индустрияландыру бағдарламасы аясында жаңа технология енгізген кәсіпорындар ашылып, жаңа өнім түрлері көбейгенін айтты. Бір ғана мысал, испан технологиясын қолданатын екі бірдей тұз өндіретін цехты іске қосу арқылы «Аралтұз» АҚ экспортқа шығарған өнім көлемін 2017 жылы 65 пайызға жеткізсе, Ресей нарығындағы ас тұзы бойынша үлесін 13 пайызға жеткізді.
Облыс әкімі аймақта «ақылды технологиялар» арқылы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды жақсарту бағытында жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Алғашқы аймақтық «Smart City» концепциясы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын да айтты. Сонымен қатар, «ақылды экономиканы» дамытуды мақсат қою адамның жаңа сапасын, оның білімін, біліктілігін, дағдыларын талап ететінін атап өтті.
«Жақында ғана Қазан қаласында болып, Қызылорда облысының әкімдігі мен Татарстан Республикасы арасында ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы, өндіріс, денсаулық сақтау және білім саласында тәжірибе алмасу мақсатында келіссөздер жүргіздік. Татарстан Республикасы бүгінде ақпараттық және сандық технологиялар дәуірінде осы бағыт бойынша тек ресейлік қана емес, посткеңестік елдер ішіндегі көшбасшы болып табылады. Мұнда ноу-хау жаңалықтардың көптігіне ІТ-мамандар дайындайтын Иннополис айрықша экономикалық аймағында болғанда көз жеткіздік. Болашақта біздің жастарымыз осында оқып, білім алуы үшін арнайы гранттар тағайындаймыз. Жуық арада өзара ынтымақтастық жөнінде бірлескен Жол картасы қабылданатын болады», – деді облыс әкімі.
Жиында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш өсіру ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Александр Подольских, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Индира Ақжігітова баяндама жасады.
Жиын соңында облыс әкімі өз орынбасарлары мен бірқатар басқарма басшыларына Жолдаудан туындайтын міндеттерге байланысты тапсырмалар беріп, мәжілісті қорытындылады.
Айта кетейік, автив отырысына Қазалы ауданының атынан аудандық мәслихат хатшысы К.Назымбеков, аудан әкімінің орынбасары Ә.Жарылқағанов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мәмбетжан қатысты.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат.
23 қаңтар 2018 ж. 2 918 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930