Қазақстанда отбасы институтын дамытуға бағытталған жүйелі саясат жүзеге асуда
Бүгінде республика бойынша 160 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді.
Фото: depositphotos.comҚазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, гендерлік және отбасылық саясатты жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік отбасылық саясат жаңа деңгейге көтеріліп, отбасының өмірлік циклінің барлық кезеңін қамтитын кешенді қолдау жүйесі қалыптасты. Бұл бағытта жастарды отбасылық өмірге даярлау, жауапты ата-аналықты дамыту, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылуда.
Бүгінде республика бойынша 160 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіп, отбасылық жанжалдардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды сүйемелдеу жұмыстарын атқарады. 2025 жылы орталықтарға 44,5 мыңнан астам өтініш түсіп, 20 мыңға жуық отбасы қажетті көмек алды. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында 30 мыңға жуық өтініш тіркеліп, 24 мың отбасы кеңес алған.
Отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Ұлттық комиссияның бастамасымен Аналар күні, Әкелер күні және Отбасы күні мемлекеттік мерекелері белгіленді. Сонымен қатар жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп, осы уақытқа дейін оған 20 мыңнан астам үлгілі отбасы қатысқан.
Комиссия әке мен ананың бала тәрбиесіндегі рөлін күшейтуге де ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта Республикалық Әкелер форумы, «Әкелер одағы» қызметі, сондай-ақ «Әйелдің рухы», «Жас отбасы мектебі», Otbasy Fest, «АруАна» секілді әлеуметтік жобалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.
Сонымен қатар БҰҰ Халық қорымен (UNFPA) бірлесіп жастарға арналған некеге дейінгі кеңес беру жобасы іске асырылып, өңірлерде жауапты ата-аналық, отбасылық психология, репродуктивті денсаулық және гендерлік теңдік мәселелері бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылуда.
Осылайша, Ұлттық комиссияның бастамалары отбасы институтын нығайтуға, қоғамдағы отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және елдегі демографиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.














