Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балғын ғұмырға – баянды қолдау

Балғын ғұмырға – баянды қолдау

Қазалы қаласында «Даму» оңалту орталығы жұмыс істейді. Кәсіпкерлік нысанның ашылу тарихы да өзгеше.
Диагноз – үкім емес, бұл тек балаңыздың өміріне қажетті басқа бағыт, басқа жол картасы. Бір кезде өзіне беймәлім жағдайға жан-жақты ұмтылып, ізденісін тоқтатпаған жас ананың бұл қаншама жылғы жол жүріп жиған тәжірибесі, көкірегіне түйіп, көңіл көкжегінен көшірген көрінісі.
Газет тілшісі алғысқа бөленіп, алысқа аты жеткен орында болып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
ТАҒДЫР МЕН ТАБАНДЫЛЫҚ
«Баланың дүниеге келуі ата-ананы қуанышқа бөлеп, шексіз үміт пен арманын асқақтатады. Алайда кейбір отбасы күтпеген өзгеріске жолығып, түрлі дене бұзылыстары мен даму кешеуілдеуімен бетпе-бет келіне мәжбүр болады», – деп бастады сөзін «Даму» оңалту орталығы басшысы, тәжірибелі маман Бағлан Мнажадинова.
Баланың бойынан ерекшелік байқалғанда немесе дәрігерлер қатал диагнозды атағанда, ана үшін ең қиыны – оны қабылдау. Есеңгіреу, «неге менің балам?», «қай жерде қателік жібердім?» деген үмітсіздік пен сұрақтар сананы жаулап алады.
Бағлан да дәл осындай жолдан өтеді. Бастапқыда көз жасы мен үмітсіздік болғанымен, маңызды шындықты түсінді. Үмітсіздікке берілу – баланы қолдаудан бас тартумен бірдей.
Қараңғылық мен қатал диагноз қазір де көп ананы сергелдеңге салып, балалар болашағын бұлыңғыр етіп жүр.
Өз басынан өткерген күйді сезіну көбіне оң қадамға қол ашады. Бүгінгідей ақпарат ағыны ашық емес кезеңде бала ерекшелігін байқау да көп ата-анаға оңайға соқпайды. Орталықтың негізін қалаған ананың өз саласы туралы бұрын түсінігі де болмапты. Тұңғышын дүниеге әкелген жас отбасы баланың қалыпты дамуындағы өзгерістерді бірден аңғармаған. Қазақы ортада жиі айтылатын «Әкесі де солай кеш жүрген», «Анаған не мынаған ұқсаған» деген жұбату сөздер уақыт өткізіп алуға себеп болады.
Үлкен туыстар жиынына барғанда ғана басқа балалардың еркін жүгіріп, аунап, түрлі қылықтар шығаратынын, ал өз қызының дене тұрқында өзгешелік барын байқайды. Дереу дабыл қағып, емдеу орындарына табан тоздырғанда, бүлдіршіннен бірінші дәрежелі рахит, қабырғасының қисаюы, босану кезінде басы қысылып қалу салдарынан болған ішкі бас қысымы және гипоксия анықталады.
Аурухана қабырғасында дәрігерлер ұзақ ем-шара жүргізгенімен, нәтиже болмады. Межелі күні емдеуші дәрігердің салқынқанды түрде: «ДЦП жазылмайды. Оны тек тағдыр деп қабылдау керек», – деуі ананың жүрегін тіліп түседі.
Қызығы сол, дәл осы күндегі бұрылыс нүктесі одан әрі күш алып, өз мақсатына жетудегі табандылығының алғышарты болады. Көз жасына ерік берген ана келесі ауысымдағы дәрігерге кіріп, өз жағдайын айтады.
Кезекті дәрігер ананың айтқан сөздерін тыңдап болған соң, сабырлы кейіппен: «Бұл нәрсені тағдыр деп көнуге болмайды. Сен әлі жассың, баланың ағзасы да жас»,– деп өмірге деген құштарлығын оятады. Дереу көз жасын тыйып алып, қарсы сұрақ қойып: «Олай бола ма?» деп таңқаласын білдіреді.
«Неге болмайды? Еңбектейсіңдер, жүресіңдер, бірге бәріне жетесіңдер», – дейді.
Дәрігер кетерде таудағы ешкі сүтінің мұндай балалар үшін тапсырмас ем екендігін айтып, оның тұтыну ережесін жазып береді. Тау ешкісінің сүтін іздеу басталады. Орман шаруашылығы саласында жұмыс істейтін қайын атасы таудан 4 үлкен ешкі мен 5 лақ әкеліп береді. Ешкі саумақ түгілі, түрін көрмеген келіншек таудың аз уақытта жабайы жануарларды баптауды үйреніп, 1,5 айда қызының басы түзеліп, денсаулығы қалпына келе бастады. Арада 3 ай өткенде бұрынғы емдеуші дәрігер таң қалып, қайда апарғанын сұрады. Бұл – ананың алғашқы үлкен жеңісі еді.
««Жақсы сөз – жарым ырыс» деген бабаларымыз. Дұрыс сөз – емнің жартысы. Диагноз – үкім емес. Жаратылысқа ешкім қарсы шыға алмайды. Бірақ мақсатыңды межеге айналдырсаң, мүмкіндіктерге қол жеткізуің мүмкін. Бұл менің үлкен сабағым, өмірлік кредома айналып үлгерді. Көмегімізге жүгініп келген әр анаға осыны айтып, көзінің жасын сүртіп, талаптандырып келеміз», – дейді Бағлан Нағашыбайқызы.
ҮМІТТЕН – ІСКЕ
Жеке орталықтың ашылуына да осы жағдай түрткі болады. Бірнеше жыл мектепте мұғалім, жауапты қызметтерді атқарған ол өз баласын емдеп шығару жолында талпынысын тоқтатпайды. Ізденіс жолы оны медицинаға алып келеді
«Алғашында Әйтеке би кентіндегі «Рауан» инклюзивті орталығында әдіскер болып жұмыс істедім. Сала маған жат емес еді. Мұғалімдік мамандығым, «ерекше бала» деп «айдар таққан» баламен жұмыс істеудегі қызығушылығым осында алып келді. Ол жерде әртүрлі инклюзивті мамандар жұмысын үйлестіру ісі тәжірибе жинауға мүмкіндік береді».
Көп ұзамай, медициналық білім алып, остеопат мамандығын меңгереді. Мұнан соң өзі сынды перзентінің болашағына алаңдап жүрген жақындардың үміт сәулесін ашуға арналған шағын орталық жұмысын бастайды. «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді» деген. Бұл іс – ана жүрегінің шексіз күші мен табандылығы кез келген ауыр дертті жеңе алатынын дәлелдеген өмірлік өрнек. Ұстанымын жай ғана ұран емес, күнделікті қажырлы еңбекке айналдырады.
«Кәсіптің өзге түрімен де айналыса алатынымды білдім. Бірақ мен дәл сол тұста бар тапқан-таянғанын ірі қалалар мен шетелдерге шашып, қайтсем ұл-қызымды қатарға қосамын деп жүргендер қарасы қалың екендігін көрдім. Алғашқы қадамымыз кереметтей болды деп айта алмаймын. Дегенмен батыл бір ғана қадамым бүгінгідей жетістігіме жол ашты», – дейді орталық меңгерушісі.
Бастапқыда Әйтеке би кентіндегі нысанның екініші қабатындағы шағын бөлмедее балаларды қабылдау, тіпті жеткізу де оңайға соқпайды. Сондай күндердің бірінде Астана қаласынан келген қызмет алушы анасы ауданда мүгедектігі бара адамдар үшін арнаулы такси жолға қоймағанына шағымданады. Осыдан соң жұмсын тоқтатқан орталық қызметіне жүгінушілер меңгерушінің үйіне келіп, ем-шара жасауын сұрайды. Заңсыз жұмыс істеу дұрыс емес екендігін білген кәсіпкер қыз өз алдына жеке орталық ашуға бел байлайды.
Бүгінде бұл орталық тек Қызылорда өңірі ғана емес, Қазақстанның барлық облыстары, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көршілес елдерден арнайы келіп жатқан жандардың үміт мекеніне айналып үлгерген. Орталық ашылғалы бері 2500-ге жуық бала кешенді көмек алған.
Жауапты жұмысты жүргізу мен үйлетіру де үлкен қажырлы күшті талап етеді. Бағлан Нағашыбайқызы өздерінің бағытына қатысты түрлі онлайн, офлайн курстардан өтіп, дефектология мамандығын да меңгерген. «Білім алу ешқашан кеш болмайды» деген ұстанымдағы ол қазір дефектология мамандығы бойынша магистратурада оқуын жалғастыруда.
ИННОВАЦИЯ МЕН ДӘСТҮРЛІ ӘДІСТІҢ ҰШТАСУЫ
Орталық ерекшелігі – ұлттық дәстүр мен ғылыми медицинаның ұштасуында.
Көпшілік жүгінетін қызмет – жусан шөбін қыздыру арқылы емдеу шарасы екен. Зақымдалған тамырдың орнын тауып, ағзаны қыздыру арқылы қан айналымын жақсартатын бұл әдіс гипоксиясы бар балаларға және балалар церебралды сал ауруы салдарымен күресте үлкен нәтиже беруде.
Жусан – ғасырлар бойы халық медицинасында кеңінен қолданылып келетін өсімдік. Оның құрамында эфир майлары, флавоноидтар, органикалық қышқылдар, с дәрумені және басқа да биологиялық белсенді заттар бар.Тәбетті ашуға, ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартуға және өттің бөлінуін ынталандыруға көмектеседі. Сонымен қатар оның микробтарға қарсы, қабынуды бәсеңдететін және антиоксиданттық қасиеттері бар екені белгілі. Халық емінде жусаннан дайындалған тұнбалар ішек жолдарының кейбір жайсыздықтарында, суық тигенде және әлсіздік кезінде қолданылған.
Орталықтағы ерекше мәзір – ешкі сүті қоспасы. Ол ағзаны әлсіздіктен сақтайтын табиғи шипа.
Ешкі сүті ежелден-ақ адам денсаулығына пайдалы табиғи өнім ретінде жоғары бағаланған. Құрамындағы ақуыз, дәрумендер мен минералдардың молдығы оны балалар мен ересектердің ағзасын қуаттандыратын құнарлы тағамдардың қатарына қосады. Әсіресе, денсаулығы әлсіреген немесе ұзақ сырқаттан кейін қалпына келу кезеңіндегі адамдар үшін ешкі сүтінен дайындалған қоспалардың маңызы зор.
Ешкі сүтінің ақуызы ағзаға жеңіл сіңеді. Оның құрамында кальций, фосфор, калий, магний, темір, сондай-ақ А, D және В тобының дәрумендері мол кездеседі. Бұл сүйек пен бұлшықет жүйесінің нығаюына, иммунитеттің қалыпты жұмыс істеуіне және жалпы ағзаның әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.
Ешкі сүтінен әзірленген табиғи қоспалар тәбеті төмендеген, әлсіздік сезінетін немесе дұрыс тамақтануға мұқтаж жандарға қосымша қоректік өнім ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар оның құрамындағы пайдалы заттар ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмысын қолдауға септігін тигізеді.
Табиғи өнімдерді күнделікті ас мәзіріне ұтымды енгізу – денсаулықты нығайтудың маңызды қадамдарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, ешкі сүті қоспасы ағзаның қорғаныс қабілетін қолдап, әлсіздіктің алдын алуға ықпал ететін құнарлы тағам.
Жылқының шипасы – қозғалысқа серпін.
Иппотерапия – оңалтудың тиімді әдістерінің бірі. Бұл тәсілде арнайы дайындалған жылқының қозғалысы арқылы адамның дене және психоэмоциялық жағдайын жақсарту көзделген. Әсіресе балалардың дамуында кездесетін кейбір ерекшеліктер мен қозғалыс бұзылыстары кезінде иппотерапия қосымша оңалту әдісі ретінде кеңінен қолданылады.
Жылқының жүрісі кезінде оның денесі адамның жамбасына табиғи қозғалыс береді. Бұл қозғалыстар тепе-теңдікті сақтауға, бұлшықеттердің жұмысын белсендіруге, дене қалпын түзетуге және қимыл үйлесімділігін дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар жүйке жүйесінің жұмысын ынталандырып, жалпы қозғалыс белсенділігін арттыруға көмектеседі.
Иппотерапияның тағы бір артықшылығы – психологиялық әсері. Жылқымен қарым-қатынас жасау баланың өзіне деген сенімін нығайтып, қорқынышын азайтуға, көңіл күйін жақсартуға және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Бұл әдіс балалар церебралды сал ауруы, аутизм спектрінің бұзылыстары, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларды оңалту бағдарламаларында қосымша қолдау ретінде жиі пайдаланылатынын білдік.
Жылқының табиғи қозғалысы мен адам арасындағы сенімді байланыс иппотерапияны денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ерекше әрі тиімді оңалту әдістерінің біріне айналдырып отыр. Бұл әдіс балардың жүйке жүйесін қалыпқа келтіріп, қимыл-қозғалысын дамытатынын көрсеткен.
Психологиялық және логопедиялық көмек көрсетілету жан-жақты ұйымдастырылған. Мультфильм кейіпкерлерінің дауысына салып сөйлесу арқылы балалардың тілін шығарып, зейінін тұрақтандыру жүйелі түрде жүргізіледі.
«Дамуда» келіушілерді сондай-ақ құм терапиясы, АФК, ЛФК терапиясы, шоқ терапиясы, дефектолог. Логопед, психолог, күй терапииясы, нүктелі массаж, 5 мезгіл ерекше әдіс арқылы жасалған тамақ, жатын орынмен қамту қарастырылған.
Тағы бір назар аударларлық тұсы – ата-аналармен жүйелі жұмыс жасау жолға қойылған. Оларға арт терапия, күй терапиясы, қолөнер бұйымдарын жасау, психолгпен жұмыс істеу қызметке қоса қарастырылған.
АТА-АНАЛАР АЛҒЫСЫ
Бүгінде орталықта басшыдан бөлдек 5 тұрақты маман жұмыс істейді. Олар: тәрбиеші, логопед, психолог, дефектолог, Жамбыл облысынан келген тәжірибелі реабилитолог және АФК мамандары.
Өткен жылы ешқашан жүрмеген 19 жасар жігіт орталық қызметінен соң таяқпен аяғын басса, 18 жасар жасөспірімнің ұршығы салынып, қазір еркін жүгіріп жүр. Мұны әлеуметтік парақшадағы емделушілер лебізінен таптық.
Емдеу курсының соңғы күнін өткізіп жатқан кішкентай балалардың бірі алдымыздан қуанып шықты. Ем-шарасын көзбен көріп, анасын сөзге тарттық.
«Орталыққа келгенде 5 жасар балам сөйлемек тұрмақ, атына да қарамайтын. Бір орында тұрмайды, көліктер көрсе, соған қарсы жүгіре беретін. Басқа қалаларға да бардық, талай емдеу мекемесінің ем-шараларын қабылдадық. Барлығы нәтиже берді, бірақ өзгеріс уақытша болатын. Осы орталықта 8 курс алып, ең жақсы жетістікке қол жеткіздік. Қазір балам барлық сөзді айтады, тақпақ жаттайды, зейіні тұрақталды. Мектепке даярлықты бітірді», – дейді Қызылорда қаласынан келген Меруерт Тілеужанқызы.
Ата-аналар кешенді оңалту – массаж, емдеу дене шынықтыруы, логопед, дефектолог және нейропсихолог сабақтары күнделікті режимнің басты бөлігіне айналғанын айтады. Аутизм ерекшелігінде бағдарламалық терапиялар, сенсорлық интеграцияны зерделеп, баланың әлеуметтік ортаға бейімделуіне жағдай жасалғанымен бөлісті.
Психологиялық қолдаудың өзі ауыр жүкіті еңсеріп жүргендерге үлкен көмек. Кәсіпкердің мақсаты өзін дәлелдеу ған емес, ерекше балаларға деген көзқарасты өзгерту, оларды оқшауламау, керісінше, қоғамға кіріктіру бағытында белсенділік таныту.
«Әр баланың мүмкіндігі – қоғамның мүмкіндігі. Ерекше бала өсіру – үлкен жауапкершілік. Ал оны қолдау – жарқын болашақтың бастауы», – дейді әңгімесінде.
Қоғамның өркениеттілігі қашан да оның әлсіз топтарға деген қамқорлығымен өлшенеді. Соның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін қолдау – мемлекет пен қоғамның адамгершілік деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Бүгінде елімізде ерекше қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алып, қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасауға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Арнайы орталықтардың көбеюі, түзету кабинеттерінің ашылуы, педагогтер мен психологтердің біліктілігін арттыру – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Алайда орталықтағылар мәселенің тек инфрақұрылыммен шешілмейтінін айтады. Ерекше баланың болашағы ең алдымен оның дер кезінде анықталған диагнозына, ата-анасының белсенділігіне және кәсіби мамандардың кешенді көмегіне байланысты.
Әр баланың даму ерекшелігі әртүрлі болғандықтан, жұмыс алдымен жан-жақты диагностикадан басталады. Соның нәтижесінде жеке дамыту бағдарламасы жасалып, баланың танымдық қабілетін, әлеуметтік дағдыларын, эмоцияларын басқаруын және қоршаған ортамен қарым-қатынасын дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.
Баланың психикалық және тілдік дамуына көптеген фактор әсер етеді. Мамандар оларды биологиялық және әлеуметтік факторлар деп екі үлкен топқа бөледі.
Жүктілік кезіндегі түрлі жұқпалы аурулар, ауыр дәрілік препараттарды қабылдау, зиянды әдеттер, босану кезіндегі асқынулар, шала туу немесе генетикалық ерекшеліктер баланың дамуына ықпал етуі мүмкін.
Ал әлеуметтік факторлардың ішінде отбасындағы психологиялық ахуалдың орны ерекше. Баламен жеткілікті сөйлеспеу, оның ойынға, қарым-қатынасқа аз араласуы немесе керісінше, шамадан тыс қамқорлық көрсету де баланың дамуына кері әсер етуі ықтимал.
Соңғы жылдары мамандарды алаңдатқан тағы бір мәселе – балалардың гаджетке тәуелділігі.
Телефон мен теледидар алдында ұзақ уақыт өткізетін бүлдіршіндердің сөйлеу тілі кеш шығып, адамдармен араласуға қызығушылығы төмендейді. Сондықтан ата-аналарға баламен көбірек сөйлесу, бірге кітап оқу, ойын ойнау және экран алдындағы уақытты шектеу ұсынылады. Бұл туралы орталық маманы Жақсыгүл Байтөреева айтып берді.
Бүгінгі ерекше балаға жасалған қамқорлық – ертең өз орнын таба білген, қоғамға пайдасын тигізетін азаматтың қалыптасуына салынған инвестиция. Сондықтан инклюзивті қоғам құру жолындағы ең маңызды қадам – ерекше баланы аяушылықпен емес, тең жағдайға лайық тұлға ретінде қабылдау, қызметтерге иек артып, жағдайын жақсарту.
«Даму» оңалту орталығының бағыты осыны ұғындырды.
Жүргізілген диагностикаларда тілдік кешеуілдеу, ұсақ және ірі моторикасының қалыптаспауы, танымдық дамудың кешеуілдеуі, аутизмнің 4 деңгейі бойынша анықталған балаларға түрлі көмектер көрсетілген.
Оңалту жұмыстарының тиімділігі әр баланың даму ерекшелігіне байланысты болғанымен, алғашқы нәтижелер көңіл қуантады. Балалардың қимыл-қозғалыс көрсеткіштері жақсарған. Сөйлеу белсенділігі артқан, сенсорлық қабылдау деңгейі жоғарылаған, аутизм спектріндегі балалардың басым бөлігінде байланыс орнату дағдылары қалыптаса бастаған, психоэмоциялық тұрақтылық күшейіп, балалардың өз-өзіне деген сенімі жоғарылаған. Сонымен бірге күнделікті тұрмыстық дағдылардың қалыптасуы да айқын байқалған.
Орталықтың әлеуметтік желідегі парақшасында Орал, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Байқоңыр қаласынан келген ата-аналар балаларындағы оң өзгерістерді атап өткен.
Көпшілігі баласының алғаш рет сөздерді анық айта бастағанын, көзбен байланыс орнататынын, сұрақтарға жауап беруге талпынатынын, өздігінен әрекет ете бастағанын ерекше қуанышпен жеткізген.
«Балам бұрын сөйлеспейтін, қазір қарапайым сөздерді айтып, өзі сұрай бастады. Сабаққа қуана келеді, орталықтың жылы атмосферасы бізге сенім береді», – дейді атыраулық Нұргүл Ахметова.
Халықтың денсаулығын нығайтып, әлеуметтік қолдауды басты назарда ұстаған сауықтыру орны алдағы уақытта өз жұмысын сапалық жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр. Мемлекет тарапынан көрсетілетін жан-жақты қолдаудың арқасында мұнда келушілерге көрсетілетін шипалы қызмет түрлерін түбегейлі кеңейту жоспарланып отыр.
Алдағы жобалар қатарына заманауи талаптарға сай бассейн ашу, тыныс жолдары мен жүйке жүйесіне аса пайдалы тұз шахтасын іске қосу, сондай-ақ ағзаны сауықтыруға арналған теңіз құмын қыздыру емшараларын енгізу кіреді. Бұл жаңалықтар әлеуметтік жауапкершілікті терең түсініп, балғын ғұмырға баянды қолдау беретін орталықтың әлеуетін арттырып қана қоймай, ем іздеп сабылған азаматтардың дербес шипа табуына таптырмас мүмкіндік болмақ.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
01 тамыз 2026 ж. 21 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31