Берекелі тірлік орнаған ауыл
Бүгінде ауданға қарасты әрбір ауылдық округте оң өзгерістер анық байқалады. Елді мекендердің инфрақұрылымы жаңарып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және ауылды абаттандыру салаларында да нақты нәтижелер бар.Газетіміздің тұрақты «Ауылым – алтын бесігім» айдары аясында ауылдық округтердің бүгінгі тыныс-тіршілігін, қолға алынған жобалары мен ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарын оқырманға жеткізіп келеміз. Осы жолы назарымызды берекелі еңбегімен, тату тірлігімен ерекшеленетін Құмжиек ауылдық округіне бұруды жөн көрдік.
Әйтеке би кентінің оңтүстік-шығысынан 16 шақырым жерде орналасқан Құмжиек ауылдық округінің тарихы өткен ғасырдың алғашқы жартысынан бастау алады. Іргесі 1929 жылы «Құмарық» колхозы ретінде қаланған округ кейін бірнеше даму кезеңінен өткен.
1950 жылы Жамбыл, «Бірлік», «15 жылдық Қазақстан», «Комсомол» және «Кеңтүп» колхоздары біріктіріліп, әуелі Сталин, кейіннен Ленин атындағы ірі шаруашылық болып қайта құрылды.
1973 жылдың наурыз айында Ленин атындағы колхоз бен «Қызылту» кеңшарының негізінде жаңа шаруашылық құрылып, 1974 жылы Құмжиек мамандандырылған мал шаруашылығы кеңшары ретінде дербес жұмысын бастады. Осы кезеңнен бастап өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, ауылдың мәдени өмірі де қарқынды дамыды.
Елге еңбегі сіңген тұлғаларды ұлықтау мақсатында 1994 жылғы 5 қарашада кеңшарға КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты, Ленин ордені мен І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің иегері Қашақбай Пірімовтің есімі берілді. Бұл шешім оның 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс қабылданып, ел азаматтарына көрсетілген ерекше құрметтің белгісі болды.
Бүгінде Құмжиек ауылдық округінің құрамына Тапа, Қожақазған және Мәдениет елді мекендері кіреді. Қазіргі таңда округте 275 отбасы қоныстанып, 1 479 тұрғын өмір сүруде.
Ауқымды жұмыс атқарылуда
Округте ауылдың тыныс-тіршілігін тұрақтандыру, жергілікті бюджетті тиімді пайдалану және тұрғындардың мәселелерін уақытылы шешу мақсатында бірқатар маңызды шаралар атқарылуда.
Биыл «Құмжиек ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жылдық бюджет көлемінде 115 899,0 мың теңге қаржы қаралған. Алғашқы 6 айдың қорытындысы бойынша 64 506,0 мың теңгесі игеріліп, белгіленген жұмыстардың орындалуына бағытталды.
Жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыру бағытында да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Салық түсімдерін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар міндеттер жоспарлы түрде атқарылып, оң нәтижелерге қол жеткізілді. Сүлік салығынан 84,0 мың теңге түсіру жоспарланса, 6 ай ішінде 89,3 мың теңге қаржы жиналды. Жер салығы бойынша жоспарланған 9,0 мың теңгенің орнына 438,5 мың теңге түсім түсті. Ал көлік салығы бойынша жылдық жоспар 3 миллион 470 мың теңгені құрап, есепті кезеңде 3 301,8 мың теңге өндірілді.
Сонымен қатар төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығынан 2 472,1 мың теңге, мүлікті жалға беруден түсетін түсімдерден 63,7 мың теңге қаржы жергілікті бюджетке бағытталды. Нәтижесінде 6 айдың қорытындысы бойынша жалпы түсім көлемі 6 365,5 мың теңгені құрады.
Тұрғындармен кері байланысты нығайту, олардың ұсыныстары мен өтініштерін зерделеу жұмыстары да тұрақты жүргізіліп келеді. Алғашқы жартыжылдықта ауылдық округ әкімі жеке қабылдау барысында 6 азаматты қабылдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен 6 өтініш қаралып, әрқайсысына заң талаптарына сәйкес жауап берілген.
Жұмыспен қамту жүйелі
Ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту – елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететінін даусыз. Осы орайда округ әкімі Әділхан Базарбайұлынан тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын сұрағанбыз.
– Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағытқа үнемі басымдық береміз. 2026 жылы 10 азамат қоғамдық жұмысқа тартылып, елді мекеннің санитарлық тазалық жұмыстарына атсалысты. Сонымен қатар 1 маман жастар тәжірибесінен өтіп, тәжірибе жинақтаса, «Күміс жас» жобасы аясында 1 тұрғын және әлеуметтік жұмыс орындары арқылы 1 азамат жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, «Бизнес бастау» жобасы бойынша 6 адам арнайы оқудан өтіп, сертификат иеленді, – дейді ауылдық округ әкімі Әділхан Базарбайұлы.
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейген
Округ әкімінің айтуынша, елді мекен тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жыл өткен сайын жақсарып, кәсіпке деген қызығушылығы артып келеді. Еңбекке бейім ауыл азаматтары қол қусырып отырмай, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, түрлі бағытта кәсіп бастап, табыс көзін қалыптастыруға ұмтылуда.
Бүгінде ауылда 153 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 3 заңды тұлға, 112 шаруа қожалығы және 38 жеке кәсіпкер бар. Ауылдық округ әкімі Әділхан Әбіловтің мәліметінше, жыл басынан бері кәсіпкерлер қатары тағы 6 азаматпен толыққан.
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалардың жүзеге асырылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Осы жобалардың арқасында азаматтар тек жұмыспен қамтылып қана қоймай, өз ісін бастап, кәсіби әлеуетін арттыруға жол ашуда.
– Халықтың кәсіппен айналысуына, жаңа бастамаларын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Ауылымызда осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, кәсібін дамытуға ниетті азаматтар бар. Бүгінде «Сырдария-1» КС арқылы бір жоба 21,2 миллион теңге көлемінде қаржыландырылса, «Байқоңыр” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы »АҚ-ның «Ауыл аманаты» жобасы аясында 3 жоба 24,8 миллион теңге қаржы алды. Нәтижесінде жалпы құны 46 миллион теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылып, кәсіпкерлік бағыттағы жұмыстар жандана түсті», – дейді ауыл әкімі Әділхан Әбілов.
Абаттанған ауыл ажарлы
Ауылдық округ әкімімен әңгіме барысында ауылды абаттандыру бағытында да ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын аңғардық. Айтуынша, ағымдағы жылдың көктем, күз айларында жол тегістеу және Қ.Пірімов елдімекенінен Жаубасар-Әйтімбет-Қожақазған елдімекеніне дейінгі және Тапа елдімекені – 100 шақырым автомобиль жолдарын қардан тазалау жұмыстарына 2 миллион 795 мың теңге бөлініп, 2 миллион 409 мың теңгеге жеңімпаз анықталып, 1 миллион 200 мың теңге игерілген.
Ал елді мекенді абаттандыруға 5 миллион 534 мың теңге бөлінген. Оның ішінде абаттандыру, аяқ сумен қамтамасыз ету және дизельдік насосты күтіп ұстауға4 миллион 870 мың теңге қаралып елдімекен ішіндегі қоршалған шарбақтары мен орталық саябақтың қоршауын сырлау әктеу жұмыстарыжәне аяқ су мен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, 6 айда 2 миллион 800 мың теңге қаржысы игерілген.
Сондай-ақ елді мекен санитариясына 698,0 мың теңге қаржы бөлінген. Бүгінде елді мекен аумағы мен ауылдың күл қоқыс (полигон) тастайтын орнын тазалау жұмыстары жүргізілді. Қ.Пірімов ауылын жарықтандыруға 5,0 миллион теңге қаржы бөлініп, Ғ.Мұратбаев көшесіне талапқа сай 29 дана түнгі жарықшам орнатылды.
Төрт түлік – тірлік тірегі
Ауылдың негізгі тіршілігі төрт-түлікпен байланысты екені айтпаса да белгілі. Округ бойынша 2026 жылы тіркелген мал басы да бұл саланың қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады. Атап айтқанда, 3787 бас мүйізді ірі қара, 9580 бас жылқы, 6069 бас түйе, 9216 бас қой және 1706 бас ешкі есепке алынған.
Мал өсіруді кәсіп еткен ауылдағы ағайын төрт түліктің санын көбейтіп қана қоймай, одан алынатын өнім арқылы өз тұрмысын жақсартып, елдің берекелі тіршілігіне үлес қосып келеді. Қорасы малға, өрісі төрт түлікке толы ауылдың басты байлығы да – осы.
Сан салада серпін бар
Округ әкімінің айтуынша, елді мекендегі байланыс жүйесі тұрақты әрі тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп тұр.
– Ауыл мен аудан, сондай-ақ алыс аймақтар арасындағы байланысты қамтамасыз етуде «Қазпошта» АҚ-ның пошта бөлімшесі маңызды рөл атқарады. Мұнда тұрғындарға зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерін алу, газет-журналдарға уақытылы қол жеткізу, несие төлеу, несие рәсімдеу, ақша аудару және темір жол билеттерін сатып алу сынды бірқатар қызмет түрлері көрсетіледі, – дейді ол.
Әлеуметтік саланың маңызды бағыттарының бірі – білім беру жүйесі екені белгілі. Осы ретте округтегі №92 орта мектеп ауыл балаларына сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасап келеді. Білім ордасында тәжірибелі әрі білікті педагогтер еңбек етуде. Қазіргі таңда мектепте 230 оқушы білім алса, «Жаннұр» шағын орталығында 40 бүлдіршін тәрбиеленуде. 2026 оқу жылында 11-сыныпты 22 оқушы аяқтап, олардың 20-сы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан.
Халық денсаулығы бәрінен маңызды. Сол үшін де адам денсаулығына жауапты денсаулық сақтау саласы қызметтерінің деңгейі мен сапасы, қолжетімділігі ең алғашқы орында болуы қажет. Ауылдағы ағайын үшін медициналық көмекке деген қолжетімділік қарастырылған деп айтуға толық негіз бар. Округте 1 дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Мұнда 1 дәрігер, 8 орта буын медицина қызметкері еңбек етіп, шалғай елді мекен тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін 3 фельдшер жұмыс жасайды. Сонымен қатар ауыл орталығында мал шаруашылығын дамыту мен ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 1 ветеринарлық пункт бар.
Ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта заманауи талаптарға сай жабдықталған спорт кешені жұмыс істеп, бұқаралық спортты дамытуға және жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп отыр.
Елді мекеннің рухани-мәдени өмірінде де оң өзгерістер бар. Ауыл тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыруда Қ. Пірімов ауылдық кітапханасы маңызды орын алады. Кітапхана қорында 25 464 дана кітап жинақталған. Ал ауылдың мәдени орталығы саналатын клубта түрлі деңгейдегі мәдени іс-шаралар, шығармашылық кездесулер мен аудандық аумақтық байқаулар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Атқарылар жұмыс жетерлік
Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, ауылдың ертеңгі дамуына бағытталған ауқымды міндеттер де алда тұр. Округ әкімі Әділхан Әбіловтің айтуынша, елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Алдағы уақытта ауылішілік көшелерді абаттандыру мақсатында асфальт төсеу, тозығы жеткен электр желілері мен бағандарды жаңарту, сондай-ақ ауылдың батыс беткейінен жаңа «Тұрабай» бұлағын қазу жұмыстары қолға алынбақ. Бұдан бөлек, бүлдіршіндер үшін бөбекжай-балабақша құрылысын салу, Т. Ізтілеуов көшесіне жаяу жүргіншілер жолын жүргізу мәселелері де күн тәртібінде тұр.
Округ әкімі аталған жұмыстардың барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті.
– Алдымызда тұрған міндеттер аз емес. Ең бастысы, жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындау. Бұл бастамалар ауылдың ажарын арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді округ әкімі Әділхан Әбілов.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














