Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңашыл зерттеуімен ғылым төріне көтерілді

Жаңашыл зерттеуімен ғылым төріне көтерілді

Әйтеке би кентіндегі Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияның алғашқы түлектерінің бірі Айгерім Оразбайқызы. Ізденісті өмірлік ұстанымына айналдырған жас ғалым биыл Түркияның Конья қаласындағы Сельчук университетінде тарих ғылымы бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғап, ғылыми жолдағы алты жылдық еңбегінің жемісін көрді.
Айгерімнің білімге деген құштарлығы мектеп қабырғасынан басталған. Оның осы білім ордасында оқуының өзіндік тарихы бар.
1997 жылы мектеп директоры Күләш Мергенбаеваның бастамасымен, сол кездегі Қазалы ауданының әкімі Нәжмадин Мұсабаевтың қолдауымен №226 мектепке Б.К.Мергенбаевтың есімі беріліп, білім ордасы гимназия мәртебесіне ие болды. Сол кезден бастап оқушылар мен мұғалімдерді конкурстық негізде қабылдау қолға алынып, бұл туралы аудандық газетте арнайы хабарландырулар жарияланып тұрды.
Жаңалыққа жаны жақын, газет пен кітапты үзбей оқитын бозкөлдік Нұртай ақсақал осы хабарды көріп, қызы Сауия мен күйеу баласы Оразбайға: «Біздің Әйгерім биыл бірінші сыныпқа барады емес пе? Гимназияға беріңдер. Жақсы білімнің іргесі осы жерден қаланады», – деп ақыл қосады. Нағашы атасының осы көреген кеңесі Айгерімнің болашақ тағдырына бағыт берген маңызды шешімдердің біріне айналды.
Мектепте озат оқушылардың қатарынан көрінген Айгерім Ұлттық бірыңғай тестілеуде 91 балл жинағанымен, мемлекеттік грантқа қол жеткізе алмайды. Дегенмен алған бетінен қайтпай, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының тарих мамандығына ақылы бөлімге оқуға түседі. Үздік үлгерімінің арқасында екі жылдан кейін конкурстық негізде мемлекеттік грант иегері атанып, оқуын ақысыз жалғастырады.
Бакалавр дәрежесін алған соң Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тарих мамандығы бойынша магистратураны тәмамдайды. Кейін Астана медицина университетінің Ғылым бөлімінде маман, жетекші маман қызметтерін атқарып, ғылым саласында тәжірибе жинақтайды. Ал 2019 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Жазба ескерткіштер бөлімінде қызмет ете жүріп, ғылыми ізденіске біржола бет бұрады.
Сол жылы Түркия Республикасының беделді «Türkiye Bursları» халықаралық білім беру бағдарламасының грантын жеңіп алып, Конья қаласындағы Сельчук университетінің докторантурасына қабылданады.
Ғылыми жетекшісі профессор Шағатай Бенхүр мен шетелдік ғылыми кеңесшісі Талғат Жолдасұлының ұсынысымен Айгерім Қазақстан тарихында бұрын толыққанды архивтік негізде зерттелмеген «Қазақстандағы Орыс православие шіркеуінің тарихы (1943–1991 жж.)» тақырыбын зерттеу нысаны ретінде таңдайды.
Докторлық жұмыста Қазақстандағы Орыс православие шіркеуінің қалыптасуы мен даму кезеңдері, оның қоғамдағы орны, кеңестік кезеңдегі мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынас, шіркеуге жүргізілген саяси қысым, діни ұйымдардың қызметі архив құжаттары негізінде жан-жақты сараланған. Бұл тақырып шетелдік ғылыми ортада да үлкен қызығушылық туғызған.
Алты жылға созылған тынымсыз ғылыми ізденіс өз нәтижесін берді. 2026 жылдың маусым айында Айгерім Оразбайқызы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, тарих ғылымының докторы атанды.
Ғылым жолындағы бұл кезең оның жеке өміріндегі қуанышты сәттермен де қатар өрілді. Түркияға жол тартар алдында отбасын құрған Айгерім жұбайы – аягөздік Нұржанмен бірге жаңа белеске қадам басты. Докторантура жылдарында олар сәби сүйіп, отбасы бақыты мен ғылымдағы табысты қатар алып жүре білді.
Жас ғалым өзінің ғылыми жетістігін жеке еңбегінің ғана емес, ұстаздарының қолдауының да жемісі деп біледі. Ол архивтік зерттеулерге бағыт-бағдар берген шетелдік ғылыми кеңесшісі Талғат Жолдасұлына, ғылыми жетекшісі профессор Шағатай Бенхүрге, сондай-ақ Қазақстан архивтеріндегі қажетті құжаттарды жинақтап, зерттеу жұмысының жүйелі жүргізілуіне қолдау көрсеткен Сельчук университетінің басшылығына ерекше ризашылығын білдіреді.
Туған жерден түлеп ұшқан талапты жастың бұл жетістігі – білім мен табандылықтың, үздіксіз ізденістің айқын жемісі. Айгерім Оразбайқызының ғылымдағы табысы Қазалы жұртшылығы үшін де үлкен мақтаныш.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Әйтеке би кенті
28 шілде 2026 ж. 29 0

Бәсі биіктеген бизнес

28 шілде 2026 ж. 25

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031