Жанқожалықтарға жаңа мектеп салынуда
Қазалы ауданында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында 2 білім ордасының іргетасы қалануда. Соның бірі - ауданға қарасты Жанқожа батыр ауылында 300 балаға арналған Жайлы мектеп салынуда. Құрылысы 2023 жылдың қыркүйек айында басталған бұл мектеп биыл ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аталмыш нысанның жауапты мердігері - «Асар» ЖШС. Бұл білім ордасында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып, қауіпсіздік толық қамтылатын болады.
-Қазіргі таңда мектеп құрылысы қарқынды жүруде. Жалпы бұл мектеп 2 қабаттан тұрады және ішінде спортзал, асхана, кітапхана және басқа да арнайы кабинеттер қамтылған. Сондай-ақ, мектеп ауласында оқушылар үшін арнайы ойын алаңдары салынады. Бұдан бөлек, жарық шамдарда да орнатылатын болады. Бұл нысанды биыл табыстауды жоспарлап отырмыз, - деді “Асар” ЖШС қызметкері Амантай Рамазан.
Айта кетейік, Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентінде де “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында 600 орындық білім ордасының құрылысы басталмақ.