Ауылдың рухани айнасы
Бүгінде елдегі мәдениет ошақтары халыққа рухани нәр беріп, ел бірлігін бекемдеуде және қоғамның таным көкжиегін кеңейтуде маңызды рөл атқаруда. Олар алаулап атқан әр таңды жаңа шығармашылық бастамалармен сәулелендіріп, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта түсетін қасиетті мекенге айналып отыр. Ауылдық деңгейдегі мәдени өмірді газеттің әр санында жариялап келеміз. Бүгінгі кезек –Жанкент ауылдық клубына ойысты.Жанкент ауылы – Ұлы Жібек жолының бойында, түркі әлемінің рухани темірқазығы Қорқыт бабамыз бен «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің ізі қалған, тарихы терең киелі Жанкент шаһарының маңында орналасқан өлке. Аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта жатқан бұл мекеннің мәдениетінің іргетасы өткен ғасырдың ортасында қаланды. 1950-1955 жылдары «Қызыл мүйіс» деген атпен танымал болған алғашқы мәдени ошақта Гүлсім Жиеналиева мен Бекзия Әбішова еңбек етіп, жергілікті халыққа рухани қызмет көрсетті.
ӨТКЕНГЕ ШЕГІНСЕК...
Өркендеу совхозының мәдениет Үйін 1955-1960 жылдары Марал Жұбаназаров, Гүлбарам Жұбаназарова басқарған. Ол кезде Өркендеу ауылы Энгельс колхозы болған. Сол кездері колхоз өз қаражаты есебінен өнерпаздарға ұлттық аспаптар, ұлттық киімдер алып берген.Сол жылдардағы мәдениет Үйінің өнерпаздар Сапарбай Көбегенов, Қағаз Баекеева түрлі пьесаларда ойнап ауыл мәдениетін көтеруге атсалысқан. 1960-1968 жылдары «Қызыл мүйіс» жұмысын Ынтызар Әбішев пен киномехайник Орынбасар Қадіров жандандырған. 1969 жылы Өркендеу сохозы құрылып,1975-1980 жылдар аралығында Отанбек Үрметбеков ауылдық клуб меңгерушісі болып сайланған. Осы жылдары клуб көркемөнерпаздарының ұйымдастырылуымен «Арай» ансамблі құрылып, Рүстембек Үрметбеков, Тәйтен Перепура тағы басқа да өнерпаздар өнер көрсетіп, ауыл мәдениетінің мерейін көтерген екен. 1983-1985 жылдары Мейрамгүл Мырзалиева, 1985-1987 жылдары Тәрбие Сағитжанова ауыл мәдениетінің дамуына қызмет еткен.1987-1990 жылдары Алтынкүл Дабылова басқарған ұжымды дамыту мақсатында, 1989 жылы Өркендеу ауылдық клубы салынып пайдалануға берілген. 1990-1993 жылдары аралығында Темірхан Алтынбаев басқарып ауыл мәдениет дамыту жолында аянбай тер төккен. Осы жылдары «Жанкент жаңғырығы» ансамблі құрылыпты. 1993-1995 жылдары Күләйша Жаңбыршиева басқарып, би үйірмесін жандандырып көптеген шәкірттерді үйретіп өнерге баулыған.1985-1997 жылдары ауылдық клуб үйіЕрмахан Нұрмахановтың жеке меншігіне өтіп, клуб кіші саудалық орнына айналған екен. 1997 жылы клуб мемлекет меншігіне қайта өткізіліп,ауылдық клуб болып қайта құрылған.
1997-2006 жылдар аралығында Сандуғаш Қарабалаева, 2006-2007 жылдары Шолпан Дабылова, 2007 жылдың қазан айының 12-ші жұлдызынан бастап Болатбек Рсалы Сырашұлы клуб меңгерушісі қызметіне тағайындалып, мәдениет үйінің құжаттарын түгендеп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал жасаған. 2014 жылы кәсіпорын болып қайта құрылып, клубқа 2015 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Ауылдық клубқа қосымша штаттық бірліктер беріліп, мамандар тағайындалды. 2021 жылға дейін ауылдық клубта 4 үйірме жұмыс жасап, ауыл мәдениетінің дауына өз үлесін қосты. Олар ән, би, домбыра, драма жаныры бойынша үйірмелер өз қызметін атқарды.Соның нәтижесінде «Жауқазын» би тобы және «Жанкент» фольклорлық ансамбль халыққа қызмет жасауда.
2023 жылы желтоқсан айында Өркендеу ауылдық клубының атауы «Жанкент ауылдық мәдениет Үйі» МКҚК-ны болып қайта өзгерді. Жоғары нәтижелі жұмыс көрсеткішінің негізінде мекеме қызметкерлерінің лауазымына біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Кәсіпорын директоры – Болатбек Сырашұлы, кәсіпорын әдіскері – Талап Алтынбекұлы, сүйемелдеушілер – Ануар Жақсыгелдіұлы, Айткүл Шакизадақызы, кәсіпорын есепшісі – Эльмира Орынбекқызы, кәсіпорын үй сыпырушыларыГүлнәр Қанибекқызы, Наргүл Баеке мен Нүргүл Қасқырбайқызы, жылу қазандығының маусымдық жылу операторлары Нұрлыбек Нұрғалиұлы, Оңдалы Махамбетұлы өз мінеттерін жоғары нәтижемен атқарып келеді.Бүінде мекемеде 12 адам еселі еңбек етуде.
2025 жылдың сәуір айында Жанкент ауылдық мәдениет Үйіне 1,0 шаттық бірлікте, дыбыс операторы беріліп, 0,5 шаттық бірлік негізінде жұмыссыздық есебінен ауыл тұрғындары Алтынкүл Еспенбетова мен Шапағат Әбдуәли қамтылған.
Қолда бар мәліметке сенсек, биыл мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы қаралмаған. Ал былтыр ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаражат бөлініп, келісім-шарт жасақталып тиісті заттар алынып жұмыс жүргізілген. 2025 жылғы мәдени-шараға бөлінген қаржыдан 28,0 мың теңгесіне «Ауыл мәдениеті – елдің айнасы» атты мәдени-шараларға арналған материалы мен стендісі жасақталынып ілініпті.Биылғы жылға да жөндеу жұмыстарына 22,0 теңге бөлінді. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл қаржы бойынша келісім-шарт жасақталу үстінде.
Қазірге уақытта, ауылдық мәдениет Үйі ұжымы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 17 маусымдағы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты «Құрылтайдың» екінші отырысында жүктеген міндеттері мен облыс әкімінің «Адал адам» тұжырымдамасының 7 бағыты бойынша өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді.
– Мәдениет үйіндегі үйірме жұмысы үйлесімді жұмыс істеуде. Бүгінде ондағы 5 үйірмеге 50 адам қатысады. Үйірме жұмысын жандандыру мақсатында жыл басында бекітілген жылдық жоспарға сәйкес, ауыл халқының мәдени демалысы жақсы өтуі үшін, жылына ауыл жастары, тұрғындары, халық арасынан шыққан үйірме өнерпаздарымен бірге 70 жуық мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, әр түрлі жанр бойынша, еліміздің түкпір-түкпірінде болатын, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға үйірме өнерпаздарын, асқан шеберлікпен шыңдап қатыстырып келеді. Үйірме өнерпаздарын шыңдау арқылы «Жанкент» фольклорлық ансамблі және би үйірмесі жанынан «Жауқазын» би тобы құрылып ауылдық, аудандық деңгейде өткізілетін, сайыстар мен мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысып жүлделі орындармен бағамдалып келеді. Біздің туған өлкеміздің мәдениетінің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан жандар аз емес. Олар Сыр бойына белгілі, ел абройына бөленген өнер адамдары мен мәдениетті дамытуға ерен үлес қосқан және сонымен қатар ауылда туған әндері мен есте қалған, қоғамда өз орындары дараланған Жанкент ауылының мәдениетінің даму жолында қолтаңбасы бар жандар. Солардың бір қатарын атап өтер болсам, ақынЫнтызар Әбішов, Қасқырбай Мусаев, ақын-жазушыҒалия Орынбасарова,ақын-сазгер Темірхан Алтынбаев, сынды жыр жампоздарымен дараланған қасиетті мекен. Өнерге қанат қаққан жастарымызда аз емес.Қазіргі таңда өнердің әр жанры бойынша бой көрсетіп жүрген ақын, жыршы-термеші Марат Сүгірбаев, концерт жүргізуші ауылдық жастар ұйымының төрағасы, аудандық жастар Парламентінің депутаты болған, «Жанкент» шаһарын таныструшы өлкетанушы гид, Жанкент ауылдық мәдениет үйінің әдіскері –Талап Мурзалиев, ақын қызымыз, онлайн айтысының жүлдегері – Қару Нұрзат, студент жастарымыз, уақытында ауылдың ән үйірмесінің белді мүшелері болған Анық Ақпейіл, Ақық Темірбекқызы, Аяжан Асылбек, драма үйірмесінің мүшесі жас ақынАқтоты Сақтапбергенсынды өнерпаздарымыз елдің мәртебесін асыру жолында аянбай тер төгіп жүр, – дейді ауылдық мәдениет үйінің директоры.
Мекеме басшысы Болатбек Рсалы да өз ісінің маманы. Сегіз қырлы, бір сырлы директор жыршылық, термешілік өнерімен көптің көзайымына айналған.
САЛТ-ДӘСТҮРДІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
Жалпы мұнда 42 іс-шара өткізілген. Онлайн да, офлайнда сол – 42.Жалпы көрермен саны – 4400. Жылдық бюджет – 41909,0 м.т. 2026 жылдың 6 айында игерілген қаржы –22305,0.
Сонымен қатар, Жанкент ауылдық мәдениет Үйінде тұрақты түрде 5 үйірме жұмыс жасайды. Ән (12), би (12), домбыра (9), драма (13), Шешендік өнер үйірмесі (4), жастарды, оқушыларды өнерге баулу мақсатында жұмыс жасайды. 2021 жылы жаңадан шешендік өнер үйірмесі ашылып, балаларды жақсы сөйлеуге баулып келеді.
Өнер ордасында жыл көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Ауыл тұрғындарына рухани кеш сыйлап, ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленуде. Мәселен, биыл «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «СұхбатТІМЕ» жобасы аясында және жастар саясатын насихаттау мақсатында «Жастарымыз – жарқын болашаққа» атты ауылдың студент жастары мен кездесу сазды кеші өтті. Жастар арасында нашақорлықты жою мақсатында «Нашақорлық жаман індет» атты ауыл жастарымен, ауылдық кітапханамен, бірлескен пікірлесу дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.«ӘлемВООК» жобасы аясында, ҚР-ның Ұлттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде әйгілі күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толуына арналған «Құдіретті күйші Дина» атты домбыра үйірмесі мүшелерінің қатысуымен ауылдық кітапханамен бірлескен әдеби танымдық еске алу кеші өтті. Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы, дипломат Абылай, Әбілмансұр ханның туғанына 315 жыл толуына орай «Қазақты ұйыстырған Абылай хан» атты ауылдық кітапханамен бірлескен тарихи тағылымдық кеш, «Жанұя шуағы» жобасы аясында «Ұлттық құндылықтар – ұлттық кодтың ажырамас бөлігі» бағдарламасы негізіндеотбасы құндылығын насихаттау мақсатында ауыл тұрғыны, еңбекқор, берекелі отбасы Көмекбай Бөлекбаев әкеміздің отбасына арналған кездесу кеші ұйымдастырылған. Қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Поэзия шебері – Мұқағали» атты ауылдық кітапханамен бірлескен еске алу кеші, суицидке қарсы күреске бағытталған «Денсаулықты аялайық!» атты ауылдық емхана қызметкерлерімен және ауыл жастарымен бірлескен дөңгелек үстелі өткен.
Жанкент ауылдық мәдениет Үйінің ұйымдастырумен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Шабыт» еріктілер тобы жобасы аясында «Жарым жанға қамқор бол!» атты ерекше бала тәрбиешісі, ерікті ана Шолпан Сисен анамыздың отбасына ауыл жастарымен және Жанкент еріктілерімен бірге қамқорлық акциясын ұйымдастырылған. «Қазақстан Республикасының Ата Заңы – Ұлы Даланың Тәуелсіздігінің даму бағыты» атты Жаңартылған Қазақстан Республикасының Конституциясына орай ақпараттық-танымдық іс-шара, өнерпаз балаларымыздың шығармашылығын шыңдау мақсатында «Жанкенттің жас өрендері» атты ән, би үйірме мүшелерінің концерттік кеші, Республикалық Референдум күні қарсаңында «Болашаққа бастар батыл қадам» атты мерекелік концерттік кеш, «Креативті хаб» жобасы аясында Ұлттық киім күніне орай Өркендеу ауылдық округі бойынша, Жанкент ауылдық мәдениет Үйі жанынан құралған 14 наурыз көрісу күніне орай және Ұлттық киім күні аясында «Ұлттың көркі – ұлттық киім» атты тақырып негізінде ұлттық заттардан жасақталған көрме кеші өтті.
Ұлттық спорт күніне орай «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» атты ұлттық спорт түрінен бес тас және тоғызқұмалақ ойындарынан тартысты сайыс, «КиноTIME» жобасы аясында Халықаралық театр күніне орай және Қазалы ауданының мәдениет қайраткері Насыр Баекеевтің туғанына 80 жыл толуын, еске алу мақсатында «Театрдың ерен саңлағы» атты драма үйірме мүшелерінің қатысуымен музыкалық сахналық қойылым көрсетілді. Мәдениет майталманы Әбдірасул Ахметовтың 70 жылдығын еске алу мақсатында «Күлдіре білу – жан рахаты» атты еске алу кеші және Күлкі күніне арналған мерекелік концерттік кеш болып өтті. Ақын Шөмішбай Сариевтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Сыр бойының ақын перзенті» атты ауылдық кітапханамен бірлескен еске алу кеші, №104 ортамектептің еңбек пәнінің мұғалімі, ұстаз Гүлнұр Амантайқызының еңбек жолын жас ұрпаққа насихаттау үшін «Алтын қолды шебер» атты кездесу кеші ұйымдастырылған.
«СұхбатТІМЕ» жобасы аясында, ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу жұмыстарына арналған «Оғыз ордасының рухани астанасы – Жанкент» атты Жанкент қалашығының басында, тарихымен танысу негізінде кездесу кеші өтті. Белгілі ирандық геолог, ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер кеңесінің мүшесі, геотуризм саласының халықаралық сарапшысы Алиреза Амриказеми Қызылорда облысына іссапармен арнайы келіп, көне қалашықтың тарихымен танысты.
1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысындағы Панфиловшылар дивизиясының құрылғанына 85 жыл толуына орай «Отан үшін от кешкендерге тағзым» атты 14 жас пен 17 жас аралығындағы өнерпаздардың соғыс тақырыбындағы патриоттық әндерден аудандық ән байқауы өткізілді. Аталған байқауда II орынды Жанкент ауылдық мәдениет Үйінің өнерпазы Айару Муса еншіледі. Ауыл күні мерекесіне орай «Алтын ұям – ауылым» атты ауыл азаматтарының ұйымдастыруындағы түрлі бағыттағы мерекелік мәдени іс-шарасы мен гала концерті тұрғындарға жол тартты. Бұл іс шаралардың ішінде арнайы даталарда, мереке күндеріне арналған концерттік бағдарламалар мен толымды кештер де бар. Әр мерекеге мән беретін мәдениет мекені ауыл тұрғындарын осылайша рухани демалысқа қанықтырып жүр.
ЖЕТІСТІК ЖЕЛКЕНІ
Өнер ордасының жеткен жетістері де аз емес. Ауыл өнерпаздары түрлі байқауда топ жарып жүр. Мәселен, биылАлматы қаласының «Өнер» орталығында «Жеті Өнер» орталығының ұйымдастырумен өткізілген Х Халықаралық «Ұлы тұлғалар – ұлт рухының тірегі» атты шығармашылық фестиваль-байқауына ән жанры бойынша Жанкент ауылдық мәдениет үйінің жанындағы ән үйірмесінің мүшелері Аяулым Сақымжан мен Аяулым Едіге өнерпаз ретінде қатысып Аяулым Сақымжан лауреат атанса, Аяулым Едіге бас жүлде иеленіп, Ташкент қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама алды. Қызылорда қаласындағы Асқар Тоқмағанбетов атындағы Мәдениет Үйінде Алматы қаласындағы «Жеті өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық рухани-патриоттық байқауына ауылдық мәдениет үйі жанындағы ән үйірмесінің мүшелері өнерпаз ретінде қатысып,бас жүлде мен Іорынды қанжығасына байлады.
Кейден ауылдық клубында өткізілген Жаңақорған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Кейден ауылдық клубы» МКҚК-ның ұйымдастыруымен Ерекше жандардың шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен балалар мен жасөспірімдердің облыстық «Жүректен жүрекке» атты фестиваліне қатысып өнер көрсеткені үшін Жанкент ауылының бүлдіршін өнерпазы, ауылдық мәдениет үйінің ән үйірмесінің мүшесі Раяна Еркебайқызы қатысып,дипломмен марапатталды.
Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен ХХYIII облыстық «Бозторғай» байқауында вокал жанры бойыншаән үйірмесінің мүшесі Зере Тұрарқызы қатысып дипломмен марапатталған. Жалағаш ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдаумен, Мақпалкөл ауылдық округі әкімі аппаратының «Т.Жүргенов ауылдық мәдениет Үйі» КМҚ кәсіпорнының ұйымдастырумен өткізілетін жерлесіміз, күйші Қали Ибраевтың 90 жылдығына орай еске алуға арналған «Күй күбірі» атты облыстық жас күйшілер байқауына ауылдық мәдениет үйінің домбыра үйірмесінің мүшесі Өркен Қанатұлы Алғыс хатпен марапатталды.
Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Қарашеңгел ауылдық округі әкімі аппаратының «Жалаңтөс ауылдық клубы» мемлекеттік комуналдық қазыналық кәсіпорнының ұйымдастыруымен домбырашы, жырау, профессор Алмасбек Нұрмаханұлы Алматовтың 70 жас мерейтойы қарсаңында «Жыраудың сөзі насихат, кешегі мен бүгінге» атты аудандық термешілер фестиваліне ауылдық мәдениет Үйінің директоры Болатбек Сырашұлы және ауылдық мәдениет үйінің домбыра үйірмесінің мүшесі Бақтияр Жақсыгелдиев қатысып дипломмен марапатталды.
Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде өткізілген Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес «Абай» оқулары аудандық байқауына Жанкент ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Шапағат Еркінқызы қатысып, «Абай танушы» номинациясын иеленген.
Кинодраматург, кино режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың 80 жылдығына орай «Театр – өмір айнасы» атты аудандық драма үйірмелерінің арасындағы қойылымдар байқауына «Жанкент» драма ұжымы қатысып, жақсы дәрежеде өнер көрсеткені үшін ІІІ орынды иеленіпті. Қазалы ауданының «Мәдени» демалыс кешенінде«Тілім – ұлттың тірегі, әзіл – бірліктің діңгегі» атты аудандық жайдарман сайысына Жанкент ауылы атынан Жанкент ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлерінен құралған «Жанкенттің төрт тағаны» атты жайдарман командысы қатысып, «Креатив шеберлері» номинациясын иеленген.
Тізбектей берсек көп-ақ. Жазылмағаны, айтылмай қалғаны қаншама. Бастысы ауыл өнерпаздары ауыл мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып, биіктерден көрініп жүр.Шиырып айтқанда, киелі Жанкент шаһарындағы жалпақ жұрт мәнді мәдениеттің мәйегімен сусындап, елдік дәстүрді орынды жалғастырып келеді.
Айнұр ӘЛИ














