Сарыкөлдегі серпінді тірлік
Ауданға қарасты ауылдарда жыл сайын оң өзгерістер байқалады. Елді мекендердің келбеті жаңарып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Солардың бірі – аудан орталығы Әйтеке би кентінен 30 шақырым жерде орналасқан Сарыкөл ауылдық округі. Бүгінде округте ауылдың дамуына бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізіліп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға баса көңіл бөлінуде.Сарыкөл ауылдық округіне қарасты Абай ауылы мен Жұбан елді мекенінде бүгінде 1191 тұрғын өмір сүріп, 234 отбасы түтін түтетіп отыр. Округ әкімі Рахымжан Бердімұраттың айтуынша, жергілікті халық ежелден еңбекке бейім, әсіресе мал және кәсіп шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойған.
Осы ретте «Ауыл аманаты» жобасы тұрғындардың кәсібін кеңейтіп, табысын арттыруға мол мүмкіндік беріп отыр. Рахымжан Дабылұлының сөзінше, жоба ауыл тұрғындарының бастамаларын қолдап, кәсіпкерлікті дамытуға серпін берген. Соның нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы алты айында жоба аясында жалпы құны 45,2 миллион теңгені құрайтын 6 жоба қаржыландырылды.
Атап айтқанда, тұрғындар жылыжай шаруашылығын дамыту, темір бұйымдарын өңдеу, балық өсіру және құс шаруашылығы бағыттарында жеңілдетілген несие алып, кәсіптерін кеңейтуге мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде ауыл экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етуде.
Айта кету керек, Сарыкөл ауылдық округінің тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасына 2023 жылдан бері белсенді қатысып келеді. Осы уақыт ішінде мемлекеттік қолдаудың тиімділігін пайдаланып, өз кәсіптерін дамытуға және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға ден қойып отыр.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Сарыкөл ауылдық округінде 91 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 3 заңды тұлға, 30 шаруа қожалығы және 58 жеке кәсіпкер бар. Кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігі мал және егін шаруашылығы саласында еңбек етуде. Ал жеке кәсіпкерлердің халық санындағы үлесі 7,6 пайызды құраса, кәсіпкерлік субъектілерінің белсенділігі 97,8 пайызға жеткен. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына 3 азық-түлік дүкені мен 6 такси қызмет көрсетіп келеді.
Ауыл экономикасының тұрақты дамуына шағын және орта кәсіпкерліктің қосар үлесі зор. Осы бағытта мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіп ашуға ниетті тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, өз ісін бастауға қолайлы мүмкіндіктер ұсынылуда. Соның нәтижесінде кәсіпкерлікке бет бұрып, мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалануға қызығушылық танытушылардың қатары артқан.
– Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту және жұмыссыз азаматтардың санын азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 5 тұрғын арнайы курстан өтіп, сертификаттарын алып, өз жобаларын қорғады. Жалпы ауылда жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында кәсіпкерлерге де, кәсіп бастауға ниетті тұрғындарға да барынша қолдау көрсетіп, тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз, – дейді ауылдық округ әкімі.
Ауылдық округте жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, тұрғындарды тұрақты еңбекпен қамтуға басымдық берілуде. Қазіргі таңда округте 612 адам жұмыспен қамтылған болса, жұмыссыздар саны 32 адамды құрайды. Оның ішінде 426 тұрғын жалдамалы жұмыскер ретінде еңбек етсе, 186 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Нәтижесінде ауылдағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды көрсетіп отыр.
Ал жұмыс күші құрамына кірмейтін тұрғындар саны – 547 адам. Оның ішінде 110-ы – зейнеткер, 62-сі – студент, 208-і – мектеп оқушысы, 13-і – мектепалды даярлық жасындағы балалар. Сондай-ақ 0-2 жас аралығында 32 бала, ал 2-6 жас аралығында 57 бала бар.
Округ әкімі Рахымжан Бердімұраттың айтуынша, жыл басынан бері 13 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар аудандық мансап орталығы арқылы субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Ақылы қоғамдық жұмысқа 11 адам, жастар практикасына 1 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 2 адам, ал «Күміс жас» жобасы бойынша тағы 2 адам жолданған.
Кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бюджет кірісінің орындалуымен де тығыз байланысты. Себебі жергілікті қазынаның толығуы алдағы жоспарларды жүзеге асыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Сарыкөл ауылдық округінде жоспарлы жұмыстар өз нәтижесін беруде.
Округ әкімі Рахымжан Бердімұраттың мәліметінше, биыл мүлік салығынан 44,0 мың теңге, жер салығынан 69,4 мың теңге, бірыңғай жер салығынан 525,0 мың теңге, көлік салығынан 674,7 мың теңге және жеке табыс салығынан 5 млн 806,7 мың теңге түсім жоспарланған. Жалпы салық түсімі бойынша белгіленген меже толық орындалып, жоспар 100 пайызға орындалған.
Ауыл экономикасының негізгі тіректерінің бірі – мал шаруашылығы. Бұл сала округ тұрғындарының негізгі күнкөріс көзіне айналып, жылдан-жылға дамып келеді. Бүгінде округ бойынша 3999 бас ірі қара, 5032 бас уақ мал, оның ішінде 3219 қой мен 1813 ешкі тіркелген. Сонымен қатар 3037 бас жылқы және 553 бас түйе өсірілуде. Округтегі барлық түлік толықтай бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізілген және белгіленген талаптарға сәйкес сырғаланған.
Ауыл тұрғындарын аяқсумен қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Қазіргі таңда ауылға су апта сайын беріліп, тұрғындар үй іргелік жерлеріне түрлі дақылдар егіп, бау-бақшаларын күтіп-баптауда. Сонымен қатар биыл жаңадан құрылған ауыл шаруашылығы кооперативі ауыл маңындағы 6 гектар жерге бақша дақылдарын орналастырған.
Бүгінде елді мекен ішіндегі жолдардың жалпы ұзындығы 10,4 шақырымды құрайды. Оның ішінде 4,6 шақырымы – қатты қабатты, 2,8 шақырымы – қиыршық тас төселген, ал 3 шақырымы – топырақ жол. Ауыл ішінде барлығы 10 көше болса, оның 3-еуі қатты қабатты, 3-еуі қиыршық тас төселген және 4-еуі топырақ қабатты көшелер.
Тұрғындардың қатынас мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бүгінде ауыл мен аудан орталығы арасында көлік қатынасы жолға қойылып, Әйтеке би кентіне 6 такси тұрақты қатынайды.
Округ әкімінің айтуынша, ауылдағы 7 көше жарықтандырылған. Жарық желісі тартылған көшелердің жалпы ұзындығы – 8,6 шақырым, ал жарықтандырылмаған бөлігі – 1,8 шақырымды құрайды. Биыл Абай Құнанбаев, Ілияс Саймаханов, Жаңа ауыл және Сырдария көшелеріне жарық шамдары орнатылған.
Ауылдың көркін арттыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Арық-каналдар тазартылып, күл-қоқыстар шығарылып, көшелерді абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ағаш көшеттері отырғызылып, тұрғындардың аулаларындағы бақша дақылдарын суару үшін аяқсу берілуде.
Бүгінде округ бойынша халыққа қажетті негізгі әлеуметтік инфрақұрылым нысандары тұрақты жұмыс істеп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Абай ауылындағы №90 орта мектепте бүгінде 12 сынып комплектісі жасақталған. Білім ордасында 30 мұғалім оқушыларға сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп келеді. Қазіргі таңда мектепте 203 оқушы білім алса, мектепалды даярлық тобында 13 бала тәрбиеленуде. Биылғы оқу жылында мектеп түлектері де маңызды белесті еңсерді. Биыл 16 оқушы мектеп бітіріп, олардың 11-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Мектепке дейінгі тәрбие беру бағыты бойынша №23 «Қарлығаш» бөбекжай-балабақшасы жұмыс істейді. Бүгінде балабақшада 50 бүлдіршін тәрбиеленіп, олардың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасалған.
Тұрғындардың денсаулығын сақтау мәселесі де тұрақты назарда. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда 1 дәрігер мен 9 мейіркеш қызмет атқарып, халыққа медициналық көмек көрсетуде. Медициналық мекеме 1 жедел жәрдем автокөлігімен қамтылған. Сонымен қатар Жұбан медициналық бекетінде 1 фельдшер және 2 қызметкер еңбек етіп, елді мекен тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетуде.
Ауылдың рухани өмірінде мәдениет ошақтарының алар орны ерекше. Себебі мәдениет – халықтың өткенін дәріптеп, бүгінін ұлықтап, ұрпақ сабақтастығын жалғайтын маңызды құндылықтардың бірі. Осы бағытта Абай ауылдық клубы тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, ұлттық өнерді насихаттауға өз үлесін қосып келеді.
Бүгінде ауылдық клубта 10 қызметкер тұрақты еңбек етеді. Мұнда жыл бойы түрлі мерекелік және атаулы күндерге арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарының белсенді қатысуымен өтеді. Клуб жанынан ән, би, домбыра, әзіл-сықақ, қобыз, көркемсөз үйірмелері және «Өнеге» әжелер тобы жұмыс істейді. Бұл үйірмелер арқылы өнерге қызығушылық танытқан тұрғындарға өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік жасалған.
Ауыл өнерпаздарының жетістігі де аз емес. Атап айтқанда, көркемсөз үйірмесінің мүшелері Иманғали Диас пен Амангелді Айару Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өткен «Жеті Өнер – Ташкент» XI Халықаралық шығармашылық фестиваль-байқауына қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Қос өнерпаз аталған байқауда бас жүлдені иеленіп, ауданымыздың абыройын асқақтатты.
Ауылдың тарихи-мәдени мұрасын насихаттау бағытында да тағылымды шаралар ұйымдастырылып келеді. Әйтеке бидің бел баласы, ел тәуелсіздігі жолындағы тарихи ізін жалғастырушы Өтебас бидің 350 жылдық мерейтойы облыстық деңгейде Абай ауылында аталып өтті. Маңызы зор мерейтой аясында жыршы-термешілер мен суретшілер арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге бағытталған мазмұнды шаралар өткізілді.
Мәдениет ошағының бір бөлігінде орналасқан ауылдық кітапхана да тұрғындарға рухани қызмет етуде. Онда 23 007 дана кітап қоры бар. Кітапхананың тұрақты оқырмандар саны – 333 адам.
Округте қоғамдық тәртіп пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Жыл көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты ешқандай арыз-шағым тіркелмеген. Сондай-ақ округ аумағында қылмыстық істер орын алмаған.
Алдағы міндеттер – қол жеткізген жетістіктерді еселеп, ауылдың даму қарқынын одан әрі арттыратыны баршаға аян. Осы орайда округ әкімі Рахымжан Бердімұрат алдағы жоспарды сұрауды жөн көрдік.
– Біздің басты мақсатымыз – ауылдың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру. «Ауылдың дамуы – тұтас мемлекеттің дамуы» деген ұстанымды негізге ала отырып, ел дамуы бағытында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді бағыттап келеміз. Бүгінде атқарылған жұмыстар – осы бағыттағы нақты нәтижелердің көрінісі. Алдағы кезеңде де ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, кәсіпкерлікті қолдау және өнім өндіру бағытындағы жобаларды дамыту жұмыстары жалғаса береді. Сонымен қатар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында инфрақұрылымды жетілдіруге баса назар аударылатын болады. Осы ретте ауылдағы 2 көшеге орта жөндеу жүргізу және ішкі электр желілерін жаңарту жұмыстары жоспарлы түрде кезең-кезеңімен іске асырылады, – деді округ әкімі Рахымжан Бердімұрат.
Қош. Ауызбірлігі мен берекесі жарасқан Абай ауылындағы жүйелі жұмыстар елді мекеннің даму жолындағы оң өзгерістердің айғақтайды. Бүгінде ауылдың ажары артып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған игі бастамалар жалғасын тауып келеді.
Алда атқарылар міндеттер де аз емес. Тұрғындардың бірлігі мен еңбекқорлығы, мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – ауылдың одан әрі өркендеуіне берік негіз болмақ. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыру жолында ауыл халқы да белсенділік танытып, туған жердің дамуына өз үлесін қоса беретіні анық. Өйткені ауылдың көркеюі – ең алдымен сол жерде өмір сүріп жатқан елдің ынтымағы мен маңдай терінен бастау алады.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













