Аула абаттанса айып па?
Соңғы уақытта кент аумағында абаттандыру бағытындағы жұмыстар жанданып, елді мекеннің келбеті жаңара түсуде. Осындай игі бастамалардың бірі – көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын көркейту жұмыстары.Өткен жылдың қазан айында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдаған болатын. Сол кездесуде В.Счастнов және Желтоқсан көшелерінің бойындағы үйлердің тұрғындары аулаларға автотұрақ пен жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесін көтерді.
Тұрғындардың айтуынша, жаңбырлы күндері аулалардың жағдайы қиындап, көліктердің кіріп-шығуы мен жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына қолайсыздық туындайтын. Бірнеше жылдан бері айтылып келген бұл мәселе енді нақты жұмыстар арқылы шешімін тауып отыр.
Тұрғындар өтініші ескеріліп, биыл облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қолдауымен аудандық бюджеттен 47 миллион теңге қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде наурыз айынан бастап Желтоқсан және В.Счастнов көшелерінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары басталды.
Жоба аясында аумақтарға асфальт төселіп, автотұрақтар мен жаяу жүргіншілер жолдары салынуда. Бұған дейін қолайсыздық тудырған аула ішіндегі мәселелер біртіндеп ретке келтіріліп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасуда.
Қазіргі таңда жұмыстарды мердігер «Энергия Строй Монтаж» ЖШС жүргізіп жатыр. Құрылысшылар аулаларды абаттандыру жұмыстарын белгіленген жоспарға сәйкес атқаруда.
Жуырда аудан әкімі Алмасбек Есмаханов нысан басына барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аудан басшысы атқарылған жұмыстардың сапасына назар аударып, мердігер мекеме өкілдеріне жобаны белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Көп жылдан бері шешімін күткен мәселенің жүзеге асып жатқанына тұрғындар да ризашылығын білдіруде. Олар бұл бастаманың аула көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдететінін атап өтті.
Аудан әкімі инфрақұрылымды дамыту мен елді мекендерді абаттандыру – халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізді. Алдағы уақытта да аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жаңарту және көркейту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.
А. ЖҮСІПОВА














