Асқақтаған адымы бар, ауыл деген аты ғана...
Сырдың кең құшағындағы Қазалы ауданының бүгінгі ауылдары жарқын келбет, оң өзгерістерімен өрістеп, мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін паш етуде. Өткен ғасырдың қиындықтарынан арылып, инфрақұрылымы түбегейлі шешіліп, тұрғыны тұрақтаған, экономикасы өркендеген мекен – Аранды ауылдық округі.ТАМЫРЫ ТҰҒЫРЛЫ
Бүгінде Аранды ауылдық округі – терең тарих пен өркендеудің жарқын үндестігін тапқан мекен.
Ауыл тарихына үңілсек, өткен ғасырдың басында басталау алған еңбек дүбірінің берекелі көрінісіне терең қаныға түсесің.
Алғаш 1921 жылы Қожабақы артелі құрылып, 1947 жылы М.Горький атындағы колхоздар бірігіп, орталығы М.Горький колхозы болады. Арада екі жыл өткен соң «Соцализм» және «Жантақты» колхоздары біріктіріліп, А.А.Жданов атындағы колхозға айналады. 1963 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Жданов, Жанкент және Ф.Энгельс атындағы колхоздар негізінде Ф.Энгельс атындағы қаракөл қой совхозы құрылады.
Тәуелсіздік жылдарында округ жаңаша даму жолына түседі.
1994 жылы Аранды ауылдық кеңесі Аранды ауылдық округі болып қайта құрылымдалып, уақыт талабына сай ағымға ілеседі. Округ 1963 жылдан бері қалыптасқан 10717 гектар жер көлемінде орналасқан.
Қазіргі таңда округке Аранды және Қожабақы елді мекендері кіреді. Халық саны 2015 адамға жетіп, 378 тұрғын үйі бар. Округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы жыл сайын тұрақты қарқын алып, мемлекеттік қолдаумен ауыл тұрғындарының әл-ауқаты артуда. Аранды мен Қожабақы елді мекендері кіретін бұл округте бүгінде 2010 адам тұрады. 378 тұрғын үйі бар.
Жыл басынан бергі есепке сенсек, мал басы 7681-ге жеткен. Оның ішіндегі ірі қара саны 2189 болса, жылқы 1160, түйе 33, ұсақ мал 4299 басты құраған.
Ата кәсіпті ақсатпаған ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, тұрмысын түзеуде төрт түліктің орны ерекше. Сондықтан мал бағатын ауылдардың тыныс-тіршілігі – өңір экономикасының маңызды бөлігі.
Соңғы жылдары ауылдарда мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының арқасында асыл тұқымды мал өсіруге, жемшөп қорын дайындауға, жайылымдарды тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінуде. Ветеринариялық қауіпсіздік те басты назарда. Малды уақтылы егу, сырғалау, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу және кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Дегенмен жауапкершілік те аз емес. Жайылым мәдениетін сақтау, малды қараусыз жібермеу, санитариялық талаптарды орындау, қора-жайлардың тазалығын қамтамасыз ету – ауылдағы қауіпсіздік пен тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер етеді.
Берекесі еңбекпен келген ауылдың тіршілігі де қызу қайнаған.
БҮГІНІ ШЫН ҮЛГІ
Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларының арқасында еліміздің әрбір ауылдық округі тыныс-тіршілікке толы. Жолдар қатты жабындымен жарқырап, түнгі жарықтандыру ауыл көшелерін нұрландырған. Әрбір үйге ауыз су құбыры тартылып, электр энергиясы үздіксіз берілуде. Мектептер мен балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар мен мәдениет ошақтары халыққа қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуде.
«Ауыл аманаты», «Бастау-Бизнес» және ауылдық аумақтарды кешенді дамыту бағдарламалары ауылдың әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесін түбегейлі өзгерткен.
Шаруа қожалықтары мен шағын кәсіпкерлік өркен жайып, жұмыс орындары көбейген. Мал басы артып, өнімділік өсуі ауылда тұрақтау үрдісіне бастау болған.
«Бір кездегідей емес, көші-қонның беті қайтты деуге болады. Жастар туған жеріне оралып, қаладан ауылға қарай бет бұруда. Себебі округ көлемінде өмір сүруге барлық жағдай жасалған.
Қазіргі ауыл – мемлекеттік саясаттың әлеуметтік әділеттілігінің айқын көрінісі. Инфрақұрылым мәселелері шешілген, әлеуметтік нысандар салынып, экономикалық мүмкіндіктер ашылған соң тұрғындар мен келушілердің көңіл-күйі көтерілді, сенімдері арта түсті. Көгілдір отынның тартылуы – саяси тұрақтылықтың негізі. Ауыл гүлденсе, ел гүлденеді. Ауыл тұрақтаса, мемлекет те орнықты болады.
Алдағы уақытта Қарлаң көпірі салынса, округте ешқандай проблема қалмайды. Бұл жоба ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын толықтырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын одан әрі арттырады деп күтілуде», – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілек Махамашев.
Сыр көз – сыншы. Атқарылған ауқымды тірлік, орындалған оң істерден ауылдың жаңа сатыға көтерілгенін аңғару қиын емес. Арандының тек қана мекен емес, ұлттық рухтың, мемлекеттік идеологияның, болашаққа деген сенімнің тірегі екенін топшылап, туған топыраққа деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік қолдаудың арқасында өсіп-өркендеп, қазақ елінің жарқын келешегіне үлес қосып келетінін көкейге түйесің.
«ЖҰМЫС ЖОҚ» ДЕУ– СЫЛТАУ
Аранды ауылдық округінің әкімі Әбілғазы Томаевтың айтуынша, 2025 жыл қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары ауқымды. Биылғы беталыс та көңіл қуантады.
Округ бюджеті 136 002,0 мың теңгені құраған. Оның ішінде өз кірістері – 8044,0 мың теңге болса, салықтық түсімдер 7844,0 мың теңгеге жеткен.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, кәсіп ашуына және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама – «Ауыл аманаты» арқылы жергілікті тұрғының әл-ауқатын жақсарып, жұмыссыздық азайып, кәсіпкерлік көші көріктенген. Бағдарлама аясында азаматтар төмен проценттік мөлшерлемемен жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, мал шаруашылығын, шағын бизнес пен қызмет көрсету саласындағы жобаларды дамытуға қолдау тапқан.
«Ауылда жұмыс жоқ» деген сөзді жиі естиміз. Алайда мүмкіндік іздеген адамға мемлекет әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Ең бастысы – талап, еңбек және тәуекелге бел буу. Мұны өз ісімен дәлелдеп жүрген жандар аз емес.Солардың бірі – округ тұрғыны Бану Жолмағанбетова.
Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4,8 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, нан және нан өнімдерін өндіретін шағын кәсіп ашқан. Бүгінде оның наубайханасынан күн сайын жаңа піскен нан шығып, ауыл тұрғындарының дастарқанына жол тартуда. Бір кездері кәсіп бастауға тәуекел еткен ару енді тек өз отбасын ғана емес, тұтас ауылды сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
«Бұл – мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі. Егер ниет болса, мүмкіндік те табылады. Мемлекет кәсіп бастаймын деген азаматтарға жеңілдетілген несие, түрлі бағдарламалар мен қолдау тетіктерін ұсынып келеді. Ендігі кезекте сол мүмкіндікті тиімді пайдалану – әр адамның өз қолында», – дейді сөзінде.
Банудың ісі «жұмыс жоқ» дегеннен гөрі «ізденіс жоқ» деген түсініктің шындыққа жақын екенін аңғартады. Еңбек етемін деген адамға ауылдың өзінде-ақ табыс табуға, кәсібін дөңгелетіп, ел игілігіне қызмет етуге толық мүмкіндік бар. Осындай еңбекқор азаматтардың арқасында жергілікті экономикасы жанданып, халықтың тұрмыс сапасы жақсарып келеді.
Елдің дамуы – еңбекпен, ауылдың берекесі – кәсіппен өлшенеді. Сонымен бірге мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз кәсібін ашуға ұмтылған өзге де ауылдастар ісі көпке үлгі.
Ауылдан «Ақтам» агроөнеркәсіптік кешенін құрған Дәуренбек Қожахметов 31 миллион 250 мың теңгеге қол жеткізген. Ол тұрғындарды сапалы азық түлікпен қамту мақсатымен ет бағытында асыл тұқымды жылқы мен ірі қара мал өсіру жобасын қолға алған.
КС «Ауыл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы «Мирхан» шаруа қожалығының төрағасы Алмас Қосбармақов 30 миллион теңгеге мал өсіру жобасын мақұлдатқан. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша Мирамкүл Жаппарова 1 572,8 мың теңге грант ұтып, мал өсірумен айналысуда.
ИНФРАҚҰРЛЫМ ИГІЛІГІ
Арандыда инфрақұрылымды дамыту бағытында елеулі жұмыстар атқарылған. Жыл ішінде Қожабақы ауылында электр желілерін қайта құру аяқталған. 408 электр бағанасы орнатылып, трансформатор қондырғылары мен желілер толық жаңартылған.
Қожабақы ауылында спорт кешені бой көтерген.
Округ орталығындағы Ғ.Мұратбаев, А.Құнанбаев, Ә.Махамбетиярұлы, Т.Емешұлы, М.Еселбаева, Қ.Сағырбайұлы түнгі жарық шамдары орнатылған. Аранды ауылындағы Н.Қазақбайұлы және Ө.Нұрымбетұлы көшелері жарықтандырылған.
376 отбасына толықтай ауыз су желісі кіргізілген.
Әлеуметтік саладағы жетістіктер де аз емес.
Аранды ауылындағы №97 мектепте 121 оқушы білім алады. Қожабақы ауылындағы №25 мектепте 316 оқушы оқиды. Арандыдағы «Арай» шағын орталығында 22 бала тәрбиеленсе, Қожабақыдағы №17 «Айгүл» бөбекжай-балабақшасында 90 бала бар.
Аранды медициналық бекеті мен Қожабақы дәрігерлік амбулаториясы халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Мәдениет үйлері мен клубтар тұрғындардың рухани өмірін байытуда.
2025 жыл басынан бері 15 адам қоғамдық жұмыспен, 2 адам әлеуметтік жұмыспен, 4 адам жастар практикасымен қамтылған.
Кәсіпкерлер саны 90-ға жеткен. Қатарындағы 61-і жеке кәсіпкер, 26-сы шаруа қожалығы. Экономикалық белсенді халық саны – 840 адам болса, жұмыссыздар қатары 27-ге дейін төмендеген.
АЛДАҒЫ АТҚАРЫЛҒАН ІС ТЕ АУҚЫМДЫ
Округте әлі де шешімін күткен мәселелер барымен бөлісті.
«Қожабақы ауылындағы М.Еселбаева, Б.Өтепұлы, Ә.Махамбетиярұлы көшелеріне және Аранды ауылындағы Н.Қазақбайұлы, М.Палуанұлы көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары үшін пилоттық инвестициялық жобалар әзірленуде. Бұл мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдар мен облыстық, республикалық деңгейдегі қолдау жалғасуда.
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және жастарды қолдау – басты мақсатымыз. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауылымыз гүлденіп келеді», – дейді 2018 жылдан бастап округ әкімі қызметін атқарып келе жатқан Әбілғазы Аймағанбетұлы.
Ауылдың тынысы – тұрақты, келешегі – сенімді. Бұл өзгерістер кездейсоқтық емес. Ел Президентінің саяси ерік-жігерімен жүзеге асып жатқан, мемлекеттің ауылды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясының нәтижесі. Себебі елді мекенді нығайту – ұлттық қауіпсіздікті, демографиялық тұрақтылықты және елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты. Қазақтың тамыры – ауылда десек, сол тамыр нық болса, мемлекет те мығым, ұлт та біртұтас болатыны анық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА













