Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ажарлы мекен Аранды

Ажарлы мекен Аранды

Сырдария өзенінің сол жағалауынан он бес шақырым қашықтықта орналасқан Аранды ауылдық округінің орталығы – Қожабақы ауылының тарихы тереңде. Жыл жылжыған сайын жаңарып, ажары артып келе жатқан мекен Аранды ауылдық округінде екі орта мектеп, балабақша, емхана, фельдшерлік пункт, мәдениет үйі, клуб, екі кітапхана, пошта-байланыс бөлімшесі, тігін шеберханасы, «Агро-Өркен» ЖШС, он бір шаруа қожалығы және «Кішкене Ата» өндірістік кооперативі бар. Халықтың басым көпшілігі жеке кәсіпкерлікке бет бұрған десе болады. Қожабақы ауылындағы орталық саябақ тұрғындардың негізгі демалыс орны.
Қожабақы ауылынан сегіз шақырым жерде Арандықырдың үстінде Орақ батыр белгісі орналасқан. Бұдан бөлек ауыл маңындағы Келімбет тамы кесенесі, (Үшүйтам), Шанжар, Күйікқала және Жаманкөл, Ақшүнгүл, Қаракөл, Өтегеншүңгүл, Талшүңгүл, Қулы, Сатыбалды, Бердібек сияқты тарихи және жайылымдық жерлер округке тиесілі.

Ауыл атауы қайдан шыққан?
Бізге жеткен деректерде XIX ғасырдың орта тұсында Қожа және Бақы атты екі жігіт ағайын-туыстарымен көшіп келіп, қоныстанған. Ауылдың Қожабақы аталуы осы екі жігіттің есімдеріне байланысты деген мәлімет кездеседі. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін №9 ауылы болып аталған. 1963 жылы Ф.Энгельс атындағы совхоз, Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1994 жылы тарихи атауларды қайта қалпына келтіру саясатына байланысты «Қожабақы» атауы қайтарылды.
Ал Аранды атауына келер болсақ, ерте заманда аңшылар кеңінен, терең ор қазып, аңдарды қаумалап әкеліп, сол орға түсіріп, аулайтын болған. Сол ордың ішіне аңды жаралау үшін ауылдың маңайында өсетін жуандығы 4-5см, тіпті бамбук тәріздес қамыстарды найза тәріздес үшкірлеп, ұшын жоғары қаратып, қадайтын болған. Ауыл атауы осыдан шыққан деседі.

Ауыл әлеуетін арттырған «Агро-Өркен»
2001 жылы ауылдағы акционерлік қоғам тарап, «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. Қазір ЖШС-ті Нұркен Әлиев басқарады. 2009 жылы «Агро-Өркен» ЖШС-не жеке кәсіпкер Мерей Есхожаев демеуші-инвестор болып келді. Сол жылдан бастап ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайтадан қарқынды дами бастады. Серіктестікте бес ауыспалы егістікте 2341,7 гектар тегістелген жер егу кестесі сақталына отырып, егілуде. Шаруашылықта 3 К-700, 3 Т-150, 8 МТЗ-80, 1 малютка-эксковатор тракторлары, 5 күріш комбайны, 2 «Магдон» күріш жаткасы және шетелдік күріш жинау комбайыны, тағы басқа техникалар жұмыс істейді. 50 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Науқан кезеңінде 80-ге дейін жергілікті жерден адам жұмысқа тартылады. «Агро-Өркен» ЖШС ауылдағы әлеуметтік мекемелерге және тұрмысы төмен отбасыларға үнемі демеушілік жасап келеді.
* * *
Қожабақы ауылдық ауруханасы 1966 жылы ашылды. Алғашқы бас дәрігер 1966-1970 жылдары Тиыштық Мүбереков болды. Одан кейінгі жылдары Сержан Шайыхов, Аманкелді Кәдірбаев, Дәулет Жолманов бас дәрігер қызметін атқарды. Ал 1984 жылдан 2016 жылға дейін ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Мирамхан Махамбетияр Қожабақы ауылдық ауруханасының бас дәрігері болды. 2016-2019 жылдары білікті педиатр Алия Қартабаева, 2019 жылдан бастап Әділет Бек дәрігерлік амбулатория меңгерушісі қызметінде. Аурухана 2018 жылдың аяғында жабылып, қазіргі уақытта емхана халыққа қызмет көрсетуде. Емханаға қарасты Аранды елді мекенінде фельдшерлік пункт жұмыс істейді.
Ал Қожабақыдағы № 25 орта мектеп 1947 жылы М.Горький атындағы мектеп болып құрылған болатын. 1958 жылы колхоздарды ірілендіру саясатына байланысты колхоздар М.Горький, Социализм, Жданов колхоздары біріктіріліп, орталығы Жданов колхозы болғандықтан мектеп А.Жданов (қазіргі Аранды) ауылына көшіріледі де №25 А.Жданов атындағы мектеп болып аталады. Мектепті әр кезеңде Мүлкібаев, Жәрмедет Хайруллаев, Қожабай Бәкішов, Молдабай Қожабаев, Аяп Қартаев, Іскендір Нағашыбай, Аманкелді Есетов, Алмас Темірбаев, Ғабит Сағидуллаев, Тайберген Әбжелелов басқарды.
Аранды ауылындағы №97 мектеп 1969 жылы 8 жылдық мектеп болып ашылған. Алғашқы директоры Аманкелді Есетов. Онан кейінгі жылдарда Тілек Махамаш, Ерғали Мамай, Кадірбек Дармаханов, Марат Құдайбергенов, Дархан Алдабергенов, 2018 жылдың маусым айынан бастап Алмагүл Алуашова жұмыс істеуде. Мектеп жанынан «Арай» шағын орталығы жұмыс істейді. Энгельс совхозында 1969 жылы алғаш рет балабақша ашылды. Мекемені Перуза Ахметова басқарған. Балабақшада екі топ жұмыс істейді. Күлән Өтешова тәрбиешілік еткен. Келе-келе үшінші, төртінші топтар ашылып, жұмысшы-қызметкерлер саны көбейе түседі. 1973 жылы Зағипа Есенғалива меңгеруші болды. Қарамағында Балқаш Жалғасбаева, Запура Қожахметова, Қаракөз Ермаханова жұмыс істеді. 1978 жылы балабақшаға Гүлзира Елубаева меңгеруші болып тағайындалды. 1987 жылы Ранайкүл Жанәділова балабақша меңгерушілігіне келді. 1990 жылы «Құлагер» балабақшасы болып қайта құрылды. Онда да төрт топ жұмыс жасады. Меңгерушісі болып Айгүл Махмутова. 1997 жылы балабақша жабылып, 2005 жылы №17 «Айгүл» балабақшасы болып, қайта ашылды. Сол жылдан бері Галина Келмағамбетова, 2021 жылдан Айгүл Махмутова бөбекжай-балабақша меңгерушісі. Қазіргі таңда төрт топта 90 бала тәрбиеленуде.
Қожабақы ауылдық мәдениет үйі 1921 жылы «Қызыл отау» болып құрылып, оны өңірге танымал халық ақыны Байназар Өтепұлы басқарған. 1967 жылы ауылдық клуб болып ашылып, 1980 жылдан мәдениет үйі аталды. Аранды ауылдық клубы 1975 жылы салынған. Қожабақы ауылдық кітапханасы 1963 жылы ашылған. Алғашқыда кітап қоры 5800 дана, оқырмандар саны 150-ге жетті. Кітап­ханада 1963-1977 жылға дейін меңгеруші болып Файзулла Сарсенов болды. 1977-1987 жыл­дар аралығында Әсемгүл Сырлыбаева жемісті жұмыс істесе, ал Ләззат Ілиясова 1987 жылдан кітапханашы болып жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде оқырман мен кітапхана арасындағы байланыс жақсарды, кітап қоры 11500 болса оқырман саны 750 адамға көбейіп, кітап берілімі 14256 данаға өсті. Кітапханада түрлі мәдени көпшілік іс-шара тұрақты өткізіліп тұрады. Сонымен қатар электрик Нұркелді Шайыхов, пошта байланыс бөлімшесінің меңгерушісі Алуа Ғабдешова, АТС монтёрі Шорахан Жөкеев те халыққа қызмет көрсетуде. Округте ардагерлер, әйелдер кеңесі және жастар ұйымы жұмыс істейді. Екі кеңестің мүшелері және жастар ұйымы ауылдың ауызбіршілігін сақтауда, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты ұстауда, ауылдық іс-шаралар өткізуде табысты қызметтер атқарып келеді.

Туған жерге тарту

Арандыға ата-бабасы осы ауыл­дан шыққан, жеке кәсіпкер Берік Сыдықов 50 миллион қаражатқа «Арандықыр» мешітін салып, имандылық үйі халық игілігіне берілді. Жеке кәсіпкер Темірхан Кенжебаев 34 миллион теңге қаражатқа саябақ құрылысын жүргізуде.
Қожабақы және Аранды ауыл­дарында әр жылдары мектеп бітірген түлектер даталы жылдарында символдық белгі, аялдама, демалып отыратын күркеше-сәкілер салып беріп, туған жердің көркеюіне үлес қосты.
Атқарылған жұмыс көп, мәселе де жоқ емес
– Екі ауылда 17 көше бар. Қожабақыдағы 6, Арандыдағы 4 көше асфальттанбаған. Ауыл­дық округте біршама жұмыс атқарылды. Алайда мәселе де жоқ емес.
– Мүмкіндік болып, қаражат көзі табылып жатса, Аранды ауылына 50 орындық бөбекжай-балабақша салдырғым келеді. Ол ауылдағы 4 көшені жарықтандыру мәселесі ол тұр. Қожабақы мен Аранды ауылын жалғастыратын 12 шақырымдық жолды заманауи үлгіде, сапалы етіп салу басты арманымның бірі де бірегейі. «Шанжар» каналын толықтай тазалап, елді, соның ішінде өзін-өзі қамтамасыз ететін тұрғындардың бақша егуіне, шаруа қожалықтарына және жалпы тұрғындардың мал жайылымдық жерлерін аяқ сумен қамтамасыз етуді шешсем деймін. «Әбдірейім» және «Бөкебай» каналдарын тазалау мәселесі де маңызын жоймайды.
Округ орталығы – Қожабақы ауылында аяқсу мәселесі күр­деленіп барады. Ауыл халқының негізгі күнкөрісі төрт түлік мал. Осы түліктердің ауыз суын шешу үшін Қожабақы ауылынан 3, Арандыдан 2 жерден, малдың өріске шығу бағытына қарай бұлақ қаздырсам деймін. Бәрі, айналып келгенде, қаржыға тіреледі, – дейді ауыл әкімі Әбілғазы Томаев.
Сонымен қатар ауылды толықтай жарықтандыру, көшелерді асфальттау, интернет жылдамдығын арттыру мәселелері де кезек күттірмейді. 100 орындық заманауи типтегі балабақша мәселесі де шешімін тапса нұр үстіне нұр болар еді.
– 2018 жылы ауруханалар жаппай қысқарып кетті. Біздің Қожабақы ауылы тоғыз жолдың торабындағы ауыл, арғы беттегі ауылдардың жолдарының түйіс­кен жерінде-жағырапиялық жа­ғынан өте тиімді жерде. Қайтадан аурухана салынып, ел игілігіне пайдалануға берілсе деймін. Мейлі, тіпті ақылы болса да.
Қожабақы мен Аранды ауылдарына өз кезегімен, уақытында газ тартылады деген сенімдеміз. Денешынықтыру-сауықтыру кешенін алдағы 2024 жылдың жос­парына енгіздім.
Мен, көрші Ү.Түктібаев ауылының тумасымын. Бұл ауылға 1995 жылы Ірі қара фермасына бас зоотехник қызметіне келдім, содан осы ауылдамын, уақыттың қызығын да, қиындығын да ауылмен бірге көріп келемін. 1997 жылы шаруашылық тараған кезде округке қарасты Аранды ауылында «Арандықыр» шаруа қожалығының төрағасы, 2002 жылдан бастап Қазалы аудандық-аумақтық инспекциясының мал тұқымын асылдандыру жөнін­дегі инспекторы-бас маманы қызметінде болдым. 2018 жылы 19 желтоқсанынан Аранды ауылдық округінің әкімі қызметіне сайландым, 2022 жылы екінші рет әкім қызметіне отырдым.
Екі рет халық сенім артып сайлады. Сол халық сенімінің үдесінен шығу әкім ретінде де, азамат ретінде де басты міндетім мен парызым деп ойлаймын. Әр тұрғынның бақуатты өмір сүргенін жаным қалайды. Елмен бірге жасап келеміз, оңынан жалғастыра береміз – дейді ауыл әкімі.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
27 шілде 2024 ж. 246 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031