Қытай 2026 жылы 100 мың гуманоид робот шығармақ
Фото: ЖИҚытай биыл адамға ұқсас 100 мыңнан астам робот шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
ҚХР Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі Ғылым және технологиялар департаменті директорының орынбасары Гань Сяобиннің айтуынша, Қытайдағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда жасанды интеллект қосымшаларын енгізу деңгейі қазірдің өзінде 30%-дан асты. Оның сөзінше, саланы қолдау мақсатында жасанды интеллект индустриясына арналған ұлттық инвестициялық қордың жұмысы жанданып, бұл секторға жеке капиталды көбірек тартуға ықпал етеді.
Гуманоид роботтар өндірісінің қарқынды дамуына Қытайда бұрыннан қалыптасқан өнеркәсіптік база негіз болып отыр. ҚХР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың мамыр айында елде 101,15 мың өнеркәсіптік робот өндірілген. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,9%-ға көп.
Ал қаңтар-мамыр аралығында өндірілген өнеркәсіптік роботтардың саны 424,37 мың бірлікке жетіп, бір жыл ішінде 28,1%-ға артқан. Осы кезеңде қызмет көрсетуге арналған роботтар өндірісі 8,47 миллионға жетіп, 8,3%-ға өскен.
Қытай өнеркәсіптік роботтар нарығында әлемдік көшбасшы болып қала береді.
“2024 жылы елде 295 мың өнеркәсіптік робот орнатылған. Бұл – әлемдегі жаңа орнатылған роботтардың жалпы көлемінің 54%-ын құрайды. Сондай-ақ Қытайдағы өнеркәсіптік роботтар паркі 2 миллион бірліктен асты, ал отандық өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесі алғаш рет 57%-ға жетті”, – дейді International Federation of Robotics ұйымы
Гуманоид роботтар әзірге салыстырмалы түрде жаңа бағыт болғанымен, бұл салаға инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Шілде айының басында қытайлық Unitree Robotics компаниясы Шанхай қор биржасында листингке шығуға рұқсат алып, шамамен 619 миллион доллар тартуды жоспарлағанын мәлімдеді.
Компания адамға ұқсас және төрт аяқты роботтарды, сондай-ақ оларға арналған қосалқы бөлшектерді шығарады.











