Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос ғасыр және жаңа дәуір

Қос ғасыр және жаңа дәуір

Кеше Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналған шаралар «Сыр сүлейлері» аллеясында этноауылдан бастау алды. Мерекелік шараға өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Этноауылда жағалай қоныстанған киіз үйлерде қала тарихы мен елдегі өзгеріс, тың бастамалардан хабардар ететін көрме дайындалған. Ал арнайы тігілген ақ шатырларда қала мейрамханалары ұлттық ас мәзірін, шаруа қожалықтары қымыз, шұбат, қауын, қарбызды қала тұрғындары мен қонақтарына тарту етті. Сондай-ақ, бір мезетте 200-ге тарта домбырашы күй тартып, Қорқыт даласы күмбірлеген күйге тұнды.
Мерекеге орай қалаға қарасты шаруашылық құрылымдары фестивальға 600 литр қымыз, 600 литр шұбат, 8 тонна қауын мен қарбыз, 100 келі қауын қақ пен қауын құрт, 200 қорап бауырсақ әкелген. Жалпы фестивальдағы барлық өнімдер елге тегін үлестірілді. Шара барысында асық ату, тоғызқұмалақ, қол күрес сынды спорттық сайыстар ұйымдастырылып, үздіктер анықталды.
Сапар барысында Гүлшара Наушақызы Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана жұмысымен танысты. Мұнда «Аrt студия» жас суретшілерінің туындыларын тамашалап, Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасын, «Шаңырақ» интеллектуалды орталығын аралап көрді. Бүгінде кітапханадағы кітап саны – 412 472 дана. Заман талабына сәйкес, оқырмандар арасында емін-еркін қарым-қатынас орнататын, жастарға ыңғайлы алаң жасау мақсатында кітапханадан «BOOК кафе» және коворкинг орталығы ашылған. Ал Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасында 8 мыңға жуық кітап, жазушының жеке заттары, жазу құралдары, кәдесыйлары мен портреті қойылған.
Мұнан кейін Мемлекеттік хатшы ІТ орталықтың жұмысымен танысты. Жастардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы стартап жобаларын қолдауға бағытталаған ІТ орталықта түрлі робототехникалық прототиптердің өндірістік жобаларын әзірлеуге мүмкіндік бар. Бүгінде аймақта барлық сала бойынша цифрландыру жұмыстары қарқынды. Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким биыл ақылды басқару бағыты бойынша білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және қауіпсіздік саласы бойынша 37 жобаны жүзеге асыру басталғанын айтты. Айталық, білім беру саласы бойынша аймақтағы 293 мектеп толығымен «Күнделік» электронды журналына көшсе, денсаулық сақтау саласында «Damu med» мобильді қосымшасы қолданысқа енгізілді. Салада бүгінгі күні 25 медициналық нысан электрондық форматқа көшсе, жылдың аяғына дейін 62 құжат электронды форматқа көшіріледі. Сондай-ақ, қазіргі кезде қаладағы 19 көппәтерлі тұрғын үй «E-Shanyraq» жүйесіне қосылған. Ал көлік секторын цифрландыру қызмет көрсету сапасын 30 процентке арттырды. Мұнан өзге аймақта цифрландыру бағытында тың бастамалар, оқушыларға цифрлық білім беру жұмыстары жолға қойылған.
***
Екі ғасырлық мерейтой аясында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы ең алғашқы ғимарат – «Қызылорда қаласы тарихы» музейі мен «Рухани жаңғыру» орталығының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты рәсімге ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Жаңа ғимарат тұтас ұлттың тағдырындағы бетбұрыс кезеңде, яғни 1925 жылы 15 сәуірде Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің V съезі өткен Қазақ Орталық Атқару комитеті үйінің үлгісімен салынған. Осылайша тарихи ғимараттың ескі сызбасы негізінде өткен ғасырдың басындағы Қызылорданың бейнесі жаңа қаланың келбетімен үйлесім тапты. Съезде сол кезге дейін ресми жазбаларда «қырғыз» болып жазылып келген ұлттың «қазақ» атауы қайтарылып, Ақмешіт қаласының аты Қызылорда деп өзгертілді. Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының артистері сол тарихи сәттегі әдеби шығармаларға негіз болған оқиғаларды, көңіл-күйді сахналық қойылым арқылы бүгінге жеткізді.
Рәсімде Г.Әбдіқалықова Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ел дамуындағы орнын атап өтті. Өткен тарихымыз бен мәдениетіміздің барлық жақсысын алып, оған ғаламдағы жаңа өзгерістерді енгізіп, сананы жаңғыртуда қолға алынған бастамалар жеткілікті. Оған Қызылорда облысының қосқан үлесі бар.
– Былтыр «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жұмыс басталып, 18 оқулық мектептер мен кітапханаларға жеткізілді. Қазір тағы 30 оқулық қазақ тіліне аударылып жатыр, – деді Мемлекеттік хатшы.
Одан әрі аймақ басшысы сөз алып, Сырдарияның сол жағалауында Астанаға қарап бой түзеген жаңа Қызылорданың келешегі туралы айтып берді.
– Сырдарияның бойында сақтардың астанасы – Шірік-Рабаттың, Оғыз империясының астанасы – Жанкенттің, Қыпшақ империясының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақтың орны бар. Қазақ Республикасының астанасы болған Қызылордамен мақтанып, Елбасының сарабдал саясатын, әсіресе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда ең алдыңғы қатарда жүруге міндеттіміз. Бұл мәселеде алты Алаш Сыр елінің пікірімен санасатындай болуы керек деп ойлаймын. Соған сәйкес болу үшін осы орталықты аштық.
Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының ескі сызбасын архивтен тауып алып, қайтадан салған себебіміз – қасиетті Сырдың жерінде ұлтымыздың ресми атауын қайтару туралы тарихи шешім қабылданған. Қазақ Республикасының бірінші астанасы Қызылорда туралы халқымыздың асыл арманы мен үкілі үмітін іске асыратын өскелең ұрпақ білуі керек.
Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» десе, тарихшылар «Сыр – Алаштың панасы» дейді. Кезінде ата-бабаларымыз қазақтың кең-байтақ жері үшін шайқасқан. Батырлар Сырдың бойына келіп, күш жинап, есін жиып, ұлы мұрат жолындағы күресін одан әрі жалғастырған. Сондықтан жаңа қаланың ең бірінші нысаны ретінде осы тарихи үлгімен салынған ғимарат ашылып отыр, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Алдағы уақытта мұндағы нысандар – балабақша, «Болашақ» университеті, «Жастар» орталығы біртіндеп пайдалануға беріле бастайды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көрген соң көп ұзамай құрылған «Рухани жаңғыру» орталығында Астана, Алматыдан келген ғалымдар еңбек етуде.
Одан әрі ғимараттың көгілдір лентасы қиылып, қонақтар алдымен музей экспозициясымен танысты. Музейде «Ақмешіт» бекінісінің салынуы, Перовск қаласының тарихы, Қоқан, Хиуа, Ресей империялары билігі тұсындағы Сыр бойындағы әлеуметтік-экономикалық ахуал, «Алаш» партиясының құрылуы, Қызылорданың астана болуы туралы деректер жеткілікті. Оған қоса Кеңес Одағы құрылған тұстағы реформалар, екінші дүниежүзілік соғысқа қызылордалықтар қосқан үлес, соғыстан кейінгі жылдар да музей экспозициясына негіз болған. Тәуелсіздік жылдарындағы тарихи оқиғалар, қазіргі Қызылорданың бет-бейнесі де құжаттармен қатталған. Қонақтар одан әрі «Рухани жаңғыру» орталығының жұмысқа ыңғайлы кабинеттері мен кең мәжіліс залын тамашалады.
Өткеннен сыр шертетін музей мен орталықтың тарихи ғимаратқа қоныстануы, сол жағалаудағы алғашқы нысан ретінде іске қосылуы уақыт шеруіндегі сабақтастықтың бір көрінісіндей.
***
Мемлекеттік хатшының сапары Назарбаев зияткерлік мектебінде жалғасты. Онда алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова саланың даму барысы туралы баяндады.
Бүгінде аймақта 655 балабақша тіркелген болса, соның 396-сы немесе 71%-і мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында жұмыс істеп тұр. 2015 жылы 3 және 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамти отырып, Қызылорда облысы «Балапан» бағдарламасын мерзімінен бұрын орындады. Биыл тұңғыш рет сәбиді үйден шықпай-ақ балабақша кезегіне қоюға, кезектің жылжуын қадағалауға, қызмет ақысын электронды жүйе арқылы төлеуге мүмкіндік беретін «Электронды балабақша» жүйесі іске қосылды.
– Жалағаш ауданының Шәменов ауылындағы биыл апатты деп танылған мектептен басқа облыста апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Үш ауысымды білім беру мәселесі оң шешімін тапты. Білім саласын цифрландыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр, – деді Майра Мелдебекова.
Робототехника, компьютерлерді бағдарламалау сынды күрделі істерді еркін меңгерген балалардың бір шоғыры Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алуда. Өйткені, олар цифрландыру заманында мұның қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Білім ошағындағы нанотехнология, биотехнология кабинеттері олардың өздерін қызықтырған ғылым салаларымен айналысуы үшін ыңғайлы етіп жабдықталған.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған қонақтарға оқушылар қызықты тәжірибелерін, зертхана мүмкіншіліктерін көрсетті. Нанотехнология кабинетінде, мысалы, балалар өрт сөндіру, криминалистика, медицина салаларында қолданылатын жаңалықтарды ойлап тапса, биотехнология кабинетінде ДНК тізбегін анықтау, түрлі жасанды жолмен ұлпа өсіру жолдарын, микробиологиялық синтездерді зерттеген.
Одан бөлек, дарынды оқушылар қолөнер бұйымдарының көрмесін назарға ұсынды. Ал қаладағы маңдайалды білім орындарында оқитын ізденімпаз өрендер – IT, робототехника, химия, биология, тарих пәндері бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары өздерінің жетістіктерін таныстырды. Аймақты көгалдандыру, туризмді дамыту, цифрлық технология саласын өркендетуге қатысты идеяларымен бөлісті.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бақыт Жұматайдың айтуынша, қазір мұнда 700-ге жуық бала бар. Оларға отандастарымыздан бөлек, канадалық, филиппиндік, угандалық, кениялық мамандар дәріс береді. Күні бүгінге дейін мектептен халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалардың 70-тен астам жүлдегері, робототехника байқауларының 20 шақты жеңімпазы түлеп ұшты.
Былтыр ұжым халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясынан сәтті өтіп, білім сапасын дәлелдеді. Биыл Ұлыбритания ұлттық орталығы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme білім бағдарламасын General Certificate of Education A-Level деңгейіне сәйкестігін растады.
– Бұл түлектеріміздің еліміздегі 10 беделді жоғары оқу орнының 2-курсына бірден, ал Германиядағы университеттерге университеталды дайындық курсына қатыспастан оқуға қабылдануына мүмкіндік береді. Және бір жетістігіміз, биыл 132 түлек түгел жоғары оқу орындарына түсіп, 8 мемлекеттің білім гранттарын иеленді, – деді мектеп басшысы.
***
Жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Достық үйінде» болып, жұмысымен танысты.
Айта кету керек, 2015 жылы татулықтың темірқазығына айналған, Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ашылған нысан бұрынғы Ы.Алтынсарин атындағы кинотеатр ғимаратында орналасты. Ғимаратта 230 орынға арналған концерт залы, мәжіліс залы бар. Сондай-ақ, өңірдегі 11 этно-мәдени орталық, Ассамблеяның ардагерлер мен аналар кеңесі осында қоныстанған. Бұл орталықтар өз елдерінің мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртып, елдің саяси өміріне де белсене араласады.
Гүлшара Әбдіқалықова мұндағы мұрайжаймен танысты және Астана қаласының – 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығына арнайы ұйымдастырылған фотокөрмені тамашалады. Сонымен қатар концерт, мәжіліс залдарын, кітапхананы көрді.
Дәл сол күні «Достық үйінде» ашық есік күні өтіп жатты. ҚР Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Ләйла Төрешованың айтуынша, шара Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Шараға мектеп оқушылары, Ассамблея құрылымдарының мүшелері қатысуда. Олар мұражаймен, арнайы жасақталған фотокөрме жұмысымен танысты. Бізде «1000 бала» атты мәдени-ағартушылық жоба жұмыс жасайды. Ол бойынша 4 аралас мектептің 4-7 сынып оқушылары мемлекеттік тілді үйренеді. Бүгін сол балалар «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманованың «Сиқырлы кілт» анимациялық фильмін тамашалауда,– деді ол.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ассамблея жұмысына сәттілік тіледі.
30 қыркүйек 2018 ж. 789 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031