Елде қара шайдың бағасы 6,9%-ға өсті

Фото: freepik.com
Наурыз айында Қазақстанда қара шайдың орташа бағасы 1 келі үшін 5 846 теңгені құрады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шай бағасы 6,9%-ға өскен. Орта есеппен алғанда, 250 грамдық шай қорабы 1 462 теңге тұрады.
«Өңірлер бойынша ең төмен баға Семей қаласында тіркелді, мұнда 1 келі қара шай 5 300 теңгеден сатылған. Ал ең жоғары баға Шымкентте - 6 747 теңгеге жеткен. Сондай-ақ қымбатшылық Атырау (6 338 теңге), Қарағанды (6 216 теңге) және Қызылорда (6 069 теңге) қалаларында да тіркелді. Қалған өңірлерде орташа баға 5,4–5,9 мың теңге аралығында құбылады», делінеді хабарламада.
Сарапшылардың мәліметінше, елде шай тұтыну деңгейі бір адамға айына шамамен 100 граммды құрайды.
Қазақстанға шайдың негізгі бөлігі Кениядан импортталады, оның үлесі шамамен 40%-ды құрайды. Сонымен қатар өнім Үндістан мен Қытайдан да жеткізіледі.
Айта кетейік, елімізде азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 11,9%-ға артқан.













