Қазақстанның бір аймағында тұрғындарға орманға баруға тыйым салынды

Фото: magnific.com
Қарағанды облысында өрт қаупінің жоғары болуына байланысты тұрғындарға орман алқаптарына баруға уақытша тыйым салынды. Шектеулер ауа райы жағдайы өзгергенге алынбайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағанды облысында сынап бағанасының 35 градус ыстықты көрсетіп тұрғанынан екінші апта болды. Сондай-ақ өңірде табиғи өрттердің шығу қаупінің өте жоғары.
Мемлекеттік орман қоры аумағында адамдардың болуына, кез келген көлік құралдарының кіруіне, құрылыс жұмыстарын жүргізуге, көпшілік болып демалуға және шатыр тігіп түнеуге қатысты тыйым енгізілді. Сонымен қатар фермерлерге уақытша шөп шабу жұмыстарын тоқтата тұру ұсынылды.
“Орман өрттері көбіне отпен абайсыз жұмыс істеуден немесе көлік құралдарының техникалық ақауларынан туындайды. Ал аптап ыстық жағдайында өрттің шығу ықтималдығы айтарлықтай артады”, – дейді мамандар.
Қазір Қарқаралы ұлттық паркінің аумағына ерекше назарда. Өйткені алдыңғы жылдары мұнда өрт ондаған мың гектар орманды шарпыған, ал тілсіз жаумен күрес бірнеше аптаға созылған еді. Сол кезде адам шығыны да болған.
Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының инженері Темірлан Елюбаев өңірде өрт қаупінің бесінші, яғни ең жоғары деңгейі жарияланғанын айтты.
"Қазір өрт қаупінің класы бесінші деңгейде, бұл – өте жоғары көрсеткіш. Осыған байланысты мекеме мемлекеттік орман қоры аумағында жеке тұлғалардың болуына тыйым салу туралы бұйрық шығарды. Орман күзеті инспекторлары орман өрттерінің алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізеді. Сондай-ақ демалушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, орманда болуға, от жағуға және мангал пайдалануға тыйым салынғаны ескертіледі" – деді Темірлан Елубаев.
Айта кетейік, инспекторлар қазірдің өзінде рейдтер өткізіп, тұрғындарға қолданыстағы шектеулерді түсіндіріп жатыр. Бұл шектеулердің қашанға дейін сақталатыны әзірге белгісіз. Тиісті шешім ауа райы жағдайына байланысты қабылданады.










