Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстамдылық-қуаты, ұқыптылық-мұраты

Ұстамдылық-қуаты, ұқыптылық-мұраты

Әділдік үстемдік құрған қоғамда құқық қорғау органдары қызметкерлеріне тегеурінді талап қойылып, зор жауапкершілік жүктелуде. Антқа адалдық және жұртқа жанашырлықтың озық үлгісін көрсетуде нәзік жандылар да саланың барлық бөліністерінде жемісті жұмыстарымен көрінуде. Қызметте кәсіби шеберліктерін ұштап, жедел-қызметтік міндеттерді іске асыруда асқан табандылық танытып жүрген полиция подполковнигіГүлмира Берденова ең күрделі әрі жауапты салаларының бірі құжаттамалық бөлімде ісімен көпке үлгі.
ПАРАДОКС ҺӘМ БАТЫЛ ТАҢДАУ
Мектеп қабырғасында жүргенде: «Ерлермен тізе қосып атакада, Оғымен қырғын талай майдан ашты жолын» деген батыр Мәншүк туралы жалынды жырды тебірене жаттайтынбыз. Сол сәт қазақ қызының қайсар, жауапкершіл, отаншылдық әркетіне сүйсініп, бойыңды ерекше бір бұлқыныс билейтін. Мұндай ержүрек қыздар қазір де бар. Олар бейбітшілік жаршысы, тыныштық тамыршысы. Полиция қызметінде тәртіп пен талапты түзуші мыңдаған мамандықтар бар. Заң – қоғамның түзілуі мен әділеттілігін сақтап, адамдардың құқықтары мен міндеттерін анықтап, мемлекеттің күшімен қорғалатын ереже десек, оның орындалу мен жүзеге асуы елдегі ішкі, сыртқы жағдайды түзетін негізгі бағдар. Сұлулығымен қатар темірдей талап пен тәртіпті бойына сіңіріп, шыңдалған білікті маманға Қазалы аудандық полиция бөлімінде ұшырастық. Бір қызығы, ол ешқашан полиция қызметкері боламын деп ойламапты. Салаға келуі де кездейсоқ.
Гүлмира Берденова 1976 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Орта мектепті жақсы үлгеріммен бітіріп, шет тілдері факультетіне құжат тапсырады. 1999 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандағы бойынша бітірген жас маман он жылға жуық мектепте саналы шәкірт тәрбиеледі. Өз пәнінің мақтаулы маманы болып, талай жетістіктерге жетіп, шығармашыл ұстаз атанады.
Осындай күндердің бірінде өмір оны басқа арнаға бағыттайды. Рудный қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Мирамбек Ибрашев арнайы шақыртып, полиция қызметіне ауысуға ұсыныс білдіреді. Алғашқыда жүрексінгенімен, жастық жігері, бойындағы іздеске толы жауапкершілігіне иек артқан қыз батыл шешім қабылдайды.
ЖЫЛДАР МЕН ЖОЛДАР
Сабырлық пен тәртіпті кәсіби шеберлік еткен Гүлмира Сержанқызы Рудныйда полицейлер дайындайтын оқуды бітіріп, қызметін лейтенант шенінен бастайды. Еңбек ете жүріп, білімін жетілдіруді де ұмыт қалдырмайды. Қостанайдағы Әлеуметтік-техникалық университетінің заң факультетін де тәмамдайды.
2013 жылы туған жері Қызылорда облысына оралып, Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесіне аға инспектор болып орналасады.
Бұл сала – шетел азаматтарының заңды мәртебесін бақылау, төлқұжаттық жүйені реттеу және ел ішіндегі тәртіпті сақтаудың маңызды буыны.
Қазақстар Республикасы Министрлер кабинеті 1993 жылғы 5 сәуірде «Қазақстан Репсубликасындағы паспорт жүйесі туралы ережені» қабылдап, Республиканың төлқұжаттық-визалық қызмет көші-қон полициясы деп аталған.
Осы кезде Қазақстанға келетін шетел азаматтарының санының артуына байланысты олардың елде жүріп-тұру тәртібін реттеу қажеттілігі туындап, органның қызмет құрылымы, міндеттері өзгереді
Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығы бойынша тарихи Отаны қазақстанға қоныс аударушыларға айрықша көңіл бөлінеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясы, «Ішкі істер органдары туралы», «Халықтың көші-қоны туралы», «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы», «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» ҚР Заңдарына және басқа да нормативтік құқықтық актлер, мемлекетаралық келісімдер, сондай-ақ ведмостволық нұсқауларға сәйкес әрекет ететін көші-қон полициясы сол кезден бері түрлі құрылымдық, жаңашыл өзгерістерді бастан кешіріп, уақыт талабына ілесіп келеді. Елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың кепіліне айналған көпфункциялы. Бұл салада жинаған тәжірибе, тыңғылықтылықтан бөлек цифрлық өзгерістерге иек арту, жан-жақты жағдайларда дұрыс шешім қабылдай алуға бейімделу маңызды.
Шетелдіктердің заңды мәртебесін бақылау, ішкі көші-қонды реттеу, заңсыз көші-қонның алдын алу, азаматтық мәселелерімен айналысу – көші-қон полицялары күнделікті бетпе-бет келетін жағдайлар.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан, Шығыс пен Батысты жалғайтын, көші-қон үдерісі белсенді Қазалы ауданының шетел азаматтарының заңды мәртебесі бақылаусыз қалдырмау – көші-қон қызметінің тұрақты назарында.
Елдегі тәртіп пен қауіпсіздікті камтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын құрылым мамандары заң талаптарының сақталуын қадағалайды. Азаматтық алу немесе одан шығу мәселелеріне қатысты құжаттарды рәсімдеуге жауапты. Қазақстандық құжаттарды жою бағытында да жұмыс істейді. Жыл басынан бері ауданда жедел-профилактикалық іс-шаралар жиі қолға алынып, сырт елдерден келген азаматтардың уақытша тұруға рұқсатын ресімдеу, заң бұзушылықтарды анықтау және көші-қон заңнамасын сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылылған.
Тәртіп сақшылары бұл істі тек тексерумен шектелмейді. Олар аймақтың бұқаралық ақпарат құралдары мен полицияның интернет-ресурстары арқылы халыққа заңды сыйлау, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізеді. Қазақстан заңы бойынша, азаматында басқа елдің азаматтығы болуына жол бермейді. Тұрғылықты жер бойынша тіркеусіз тұру да бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған. Бұл салалар бойынша жақсы жетістікпен көрінген бөлім жұмысында Г.Берденованың тәжибесі мен жауаптылығы көмегін тигізген. Себебі мемлекеттің ішкі қауіпсіздігі мен көші-қон саясатын реттеу, азаматтардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқаратын жауапты жүйеде тек өз ісіне адал, жоғары кәсібилік пен төзімділікті серік еткен шынайы мамандар ғана табысты қызмет ете алады.
«Гүлмира Сержанқызы – погон таққан нәзік жандылардың ішіндегі қайсарлық пен биязылықтың үйлесімі. Ол адал, жауапкершілігі жоғары, адамдармен тез тіл табыса білетін салмақты әрі кәсіби маман, жас буынды маман ретінде баулитын тәжірибелі тәлімгер. Тәртіп сақшысы болу тек мамандық емес, ел алдындағы үлкен аманат. Аса маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген ару жүктелген жауапкершілікті еңселі еңсеруде. Мұнда құжаттардың дәлдігі мен заңның үстемдігі ғана емес, сонымен қатар әрбір тағдырға деген терең түсіністік пен адамгершілік қажет», – дейді әріптестері.
Жауапкершілік дегеннен шығады, жұмыс барысында түрлі оқыс оқиғаларға тап болатын маман барлық жағдайда алдымен салқынқандылық танытып, заң аясында мәселелерге терең үңіліп, дұрыс шешім шығаруға күш салады.
Бірде қызмет барысында мынандай оқиғаға кез болады.
Қостанай қаласында қызмет етіп жүрген кезі. Құжаттандыру саласына құжаттарындағы туған күндері әртүрлі көрсетілген орыс ұлтының өкілі қызметтеріне сүйеніп келеді.
Кәсіби талапқа орай, құжаттардағы сәйкессіздіктерді анықтау мақсатында мұрағаттық дерекқорды тексере бастайды. Жұмыс барысында жанындағы әріптесі екеуі жағдайды қазақ тілінде өзара талқылап отырады. Бір кезде әлгі азамат күлімсірегенде, сөздерін түсінгендерін байқайды. Белгілі болғандай, ол қазақ тілін жақсы түсінетін болып шығады.
Сол сәтті Гүлмира: «Бұл оқиға үнемі ойымнан кетпейді. Құжаттардағы мәселе шешімін тауып, азаматтың алғысын алдық. Дегенмен бұл сәт маған адамның ұлтына қарап қорытынды жасауға болмайтынын ұғындырған үлкен сабақ болды», – деп еске алады.
«Кителіме тағылған погон – әр басқан қадамым мен қабылдаған шешімімнің әділ болуын талап етеді», – деген полицей қыз сөзі өзі таңдаған сүйікті мамандығының арқасында еліне пайдасын тигізіп, Отан үшін қызмет етуге әрқашан дайындығын сезіндірді. Бұл ұстаным оның қызметіндегі әділдігі мен тазалығының басты кепілі. Сөз арасында: «Шен міндеттейді, намыс жетелейді» деген пікірін де естіп қалдық.
Болмыс пен бітім біте қайнасқан полиция қызметкеріне: «Арулар үшін салада ауыр салмақ бар ма?» деген сұраққа жауабын сұрадық.
«Полиция – әйел заты бара бермейтін мамандық екені белгілі. Ол ерге де, әйелге де жеңіл жұмыс емес. Адалдық, төзімділік, әділдік және үздіксіз оқу қажет етеді. Еліңе, халқыңа адал қызмет етсең, ешқашан өкінбейсің.
Қазақстан Республикасының тәртіп сақшылары қатарына қосылғаныма біршама жылдар өтті. Құқық қорғаушы мамандығының қызығымен қатар қиындығы да жеткілікті. Бірақ таңдау – өзіңе адал болу мен елге қызмет ету. Өз таңдауым есіме түссе, ешқандай қиындықтарға мойымай, жігерлене түсемін. Біз атқаратын қызмет дұрыс шешімін тауып, нәтижесін беріп жатса, сол кезде еңбегіміздің ақталғанына қуанамыз», – дейді.
Өзі бөле-жармағанымен, журналистік көзқарас полициядағы әйелдердің рөлі маңызды екендігін ұғындырды. Мәселен, құжаттама, тергеу және сараптама бөлімдерінде Гүлмира сынды қыздардың тиянақтылығы таптырмас қасиет. Заң саласында бір тыныс белгінің өзі тағдыр шешуі мүмкіндігін ескерсек, мұқияттылық – басты қару. Келесісі – эмпатия және коммуникация. Әйел адамдар психологиялық тұрғыдан икемді келеді. Шиеленіскен жағдайларды күшпен емес, сөзбен шешуде үлес салмағы басым. Соңғысы – тәртіп пен ұйымдастыру. Үй шаруасы мен қызметті қатар алып жүрген нәзік жандылардың «тайм-менеджменті» өте жоғары деңгейде болады. Олар үшін бәріне үлгеру – үлкен ішкі тәртіптің нәтижесі.
Гүлмира Берденованың көпжылдық ісі мемлекет пен ведомство басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, бірқатар маңызды марапаттармен айшықталған.
Мемлекеттік марапаттар – жоғары кәсібиліктің айғағы. Отан алдындағы 10, 15 және 20 жылдық қалтқысыз еңбегінің дәлелі ретінде «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» І, ІІ, ІІІ дәрежелі медальдарымен марапатталған. Ол жүріп өткен жылдар мен жолдарда мерейлі белестер де жеткілікті. Қазақстан полициясының қалыптасу және даму тарихына қосқан үлесі үшін «Қазақстан полициясына 25 жыл» және «30 жыл» мерекелік медальдарының иегері атануы – сөзіміздің айғағы.
Еңбек еткенге құрмет басын иеді. Жоғары полиция подполковнигі қызмет барысындағы жоғары көрсеткіштері мен қоғамдық тәртіпті сақтаудағы белсенділігі үшін әр жылдары Ішкі істер министрлігінің, облыстық полиция департаменті және аудан әкімдігінің Алғыс хаттары және Құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталған.
ПАРАСАТТЫ ПЕРЗЕНТ, АЯУЛЫ АНА
Гүлмира – қызметте қатал тәртіп иесі болса, үйде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қамқор жан. Табанды, төзімді ару жұмыстан қолы қалт ете қалса, спортпен айналысып, кітап оқығанды ұнатады. Ал демалысында ата-анасына көмектесіп, балаларына көңіл бөлгенді жақсы көреді.
Әдетте адамның ішкі хәлі реттелмей, сыртқы жағдай түзелмейді. Ішкі һәл адамның жан дүниесінің күйі, эмоциялық және рухани жағдайы, ішкі үйлесімділік. Бұл жолда Гүлмираны қолдап, қызметін мінсіз атқаруға атсалысқан отбасы мен жақындары жанашырлығын айтпай кетуге болмайды.
«Ешкімнің ала жібін аттамау» деген өмірлік кредосының да дәл осы отбасы, ұшқан ұясында қалыптасқанын топшыладық. Парасатты перзент, аяулы ананың бойындағы құнды қасиеттер көрегенділіктің көрінісі. Әкесі – Сержан Берден «Қазалы ауданының құрметті азаматы», анасы Қапиза екеуі де «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі», халық саулығын жақсарту бағытында сан жылдар бойы тер төккен құрметті қызметкер, еңбек ардагерлері.
2019 жылы «Офицердің әкесі» медалінің табысталуын қызының елге жасаған адал қызметіне берілген ең жоғары баға деп ұғынатын әке марапатты үміт пен сенімнің үдесіндей ерекше мақтанышпен қастерлейді.
Гүлмираның жолдасы Болат – Атырау қаласында жетекші компанияда жауапты қызмет атқарады. Тұңғыштары – Зарина Алматы қаласының тұрғыны. Эколог маман. Екінші қызы Камалия – мектеп оқушысы. Екеуінің де жеткен жетістіктері көп. «Білім, қарапайымдылық, серттен таймау» деген ұранды өмірлік ұстаным етіп, өсіп келеді.
«Офицерлік намыс пен қызметтік серт – менің кәсіби ұстанымым. Ал көші-қон полициясында қызмет ету – тек заң талаптарын орындау емес, елімізге келген әрбір қонақ пен әрбір азаматтың тағдырына жауапкершілікпен қарау», – дейді қоштасарда. Қазақстанның ішкі істер органдарында отыз жылға жуық мінсіз қызмет еткен кейіпкеріміздің жүріп өткен жолы оның тек жұмыс істеп қана қоймай, осы жүйеге тәртіп пен жан жылуын әкелгендігін ұғындырды.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
23 маусым 2026 ж. 40 0

Серт пен міндет биігінде

23 маусым 2026 ж. 43

Еңбекпен өрілген жол

23 маусым 2026 ж. 55

Гүл жайнаған балғындар

23 маусым 2026 ж. 44

Ұлттың алтын діңгегі

23 маусым 2026 ж. 39

Елге қызмет-ерге міндет

23 маусым 2026 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930