Серт пен міндет биігінде
Ел тыныштығы – басты байлық. Қазалы полицейлері кәсіби мерекені еселі еңбекпен қарсы алуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп» қағидатын қоғамның басты темірқазығы ретінде айқындап берген болатын. Бүгінде елімізде құқық қорғау жүйесін реформалаудың, полиция қызметінің сервистік модельге көшуінің нәтижесінде халық пен тәртіп сақшылары арасындағы сенім көпірі нығайып келеді. Осы бағытта Мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерін жергілікті деңгейде мінсіз атқарып отырған ұжымдардың бірі – Қазалы аудандық полиция бөлімі.
Кәсіби мереке – Полиция күні қарсаңында қазалылық тәртіп сақшылары ағымдағы жылдың 5 айын қорытындылап, қылмыстылықтың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
Тәртіп пен заңдылық – қоғам тұрақтылығының негізі қағидасын ұстаным еткен ұжымның ісі ілгері, қимылы нық.
Мемлекеттің құқықтық саясатын жүзеге асыру аясында ауданда криминогендік ахуалды сауықтыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2026 жылдың 5 айының қорытындысына зер салсақ, аудан аумағында 41 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 31 қылмыс және 10 қылмыстық теріс қылық бар.
Ең бастысы, қылмыстың алдын алу шараларының тиімділігі артқан. Сандарға шаққанда, қылмыстың ашылу көрсеткіші 88,9 процентті құрап, жоғары деңгейді көрсеткен. Ал мемлекет пен қоғам назарында тұратын аса ауыр және ауыр қылмыстар бойынша ашылу көрсеткіші 100 процентке жеткен. Бұл ретте айта кетерлігі, ауыр қылмыстардың тіркелу деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38,5 процентке азайған. Бұл – мемлекет ұстынып отырған белгілі бір әрекетке, ережені бұзуға немесе мінез-құлыққа ешқандай жеңілдік жасалмайтын саясат немесе ұстаным – «нөлдік төзімділік» қағидаты мен алдын алу яки профилактикажұмыстарының жемісі екені сөзсіз.
Жаңа сын-қатерлермен күрес – киберқылмысқа тосқауыл әркеті де күщейген.
Бүгінгі таңда цифрландыру заманының басты қатеріне айналған интернет-алаяқтық пен киберқылмыспен күрес – ел деңгейдегі өзекті мәселе. Осы бағытта Қазалы аудандық полициясының киберполиция бағыты бойынша жұмысы жандандырылған.
Ауыр алаяқтықтың ашылу көрсеткіші 100 процент нәтижені беріп отыр. Қазіргі уақытта жалпы алаяқтық деректерінің аздап өсу тенденциясына байланысты, полиция қызметкерлері ай соңына дейін көрсеткіштерді теңестіру және ашылу пайызын арттыру бағытында белсенді жедел-іздестіру шараларын жүргізуде. Сонымен қатар, Президенттің құқықтық сауаттылықты арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «TikTok», «Instagram» және «Facebook» әлеуметтік желілерінде халықты алаяқтардан қорғауға бағытталған тұрақты профилактикалық материалдар мен бейнероликтер жарияланып тұрады.
Ұлт саулығы мен жастар болашағына қауіп төндіретін есірткі бизнесіне қарсы күрес – полицияның басты міндеттерінің бірі. Жыл басынан бері ауданда 7 есірткі дерегі анықталды. Оның 4-еуі қылмыстық теріс қылық болса, 3 дерек кең ауқымды «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында әшкереленген. Барлық деректердің ашылуы 100 процентті құрап, бүгінде істерді сотқа жолдау жұмыстары аяқталуға жақын.
Бөлім қызметкерлері халықпен ашық қарым-қатынас жасап, олардың қауіпсіздігі үшін бірге жұмыс істейтін жаңышыл полиция моделі «Жұртқа жақын полиция» туралы айтты. Полицияны азаматтарға қолжетімді етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуда тұрғындармен бірлесіп әрекет етуде тұрақты кездесулер өткізіп, азаматтардың өтініштері мен мәселелеріне жедел көңіл бөліп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жергілікті қауымдастықпен серіктестік орнату, қылмыстың алдын алуға басымдық беруді мақсат тұтады.
Ішкі істер органдарын реформалаудың өзегі – полицияның сервистік модельге көшуі, яғни азаматтардың қауіпсіздігі үшін қолайлы орта жасау. Қазалы ауданының көшелері мен қоғамдық орындарында жасалған қылмыстардың айтарлықтай азаюы – осы сәтті реформаның көрінісі.
«Жалпы құқық бұзушылықтарды анықтау көрсеткіші өткен жылғы 5671-ден 6004-ке өсті. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша да бірқатар баптар бойынша көрсеткіштер жоғарылады. Бұл полицияның жасырын заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, үлкен қылмыстардың алдын алып жатқанын көрсетеді», – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигінің Нұрлан Ибраев.
Полиция бөлімінің бастығы айтуынша, Мемлекет басшысының жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімді азайту жөніндегі тапсырмасы да қатаң бақылауда. Атқарылған кешенді рейдтер мен бақылау шараларының нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 32-ден 22-ге төмендесе, жол апатынан қаза тапқандар саны да едәуір азайған.
Нұрлан Мерғалиұлынан бөлімде Заң үстемдігі және тергеу сапасына әрдайым басымдылық берілетінін білдік.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің талаптарын бұлжытпай орындау – заң үстемдігінің басты кепілі. Аудандық полиция бөлімінің өндірісінде қазіргі уақытта 10 қылмыстық іс тергелуде. Оның ішінде маусым айында 8 істі сотқа жолдау жоспарланған, ал бірнешеуі мерзімінен бұрын сапалы аяқталып, сотқа жолданды.
Сондай-ақ, қылмыстың туындау себептері мен жағдайларын жою мақсатында ҚР Қылмыстық-процестік кодекс 200-бабына сәйкес 41 ұсыну жолданып, оның басым бөлігі бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілген. Жыл басынан бері 5 нақты оң нәтиже ресми іркелген.
Серт пен міндетіне адал сақшылар – Қазалы аудандық полициясының жеке құрамы алдағы уақытта да Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттер үдесінен шығып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен ел тыныштығын сақтау жолында аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді. Ел игілігі мен заң үстемдігі жолындағы жауапты да қауіпті қызметтеріңіз жемісті болуын біз де тіледік.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА















