Формадағы өмір: фотосуреттер сөйлейді

Фотокөрмеде полиция қызметінің алуан түрлі қырларын бейнелейтін ерекше жұмыстар қойылды: қоғамдық тәртіпті сақтау, күнделікті қызмет, халықпен сенімді диалог, жедел алдын алу шаралары, сондай – ақ адам өмірі таразыға түскендегі ерлік көрсетілген сәттер. Жарқын әрі әсерлі суреттер.
Сырдың алыптары – Қалтай Мұхамеджанов, Әбділдә Тәжібаев және Зейнолла Шүкіровтердің ескерткіші орналасқан «Қаламгерлер аллеясында» фототуындылар рет – ретімен орналастырылып қойылды. Авторлардың объективі арқылы тәртіп сақшыларының еселі еңбегі көрініс тапқан.
«Қалың көпшілікпен тығыз байланыста жұмыс істейтін полиция қызметкерлерінің қызметіне сый көп айтылғанымен, олар өз өмірлеріне жиі қауіп төндіріп, азаматтарды қорғау үшін қылмысқа қарсы күрестің алғы шебінде қызмет атқарып, ел тыныштығын сақтауға өз үлестерін қосып келеді.

Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі, тәртіп сақшысының басты ұстанымы мен адастырмас темірқазығы– өз ар-ожданының алдында таза болу, қиындықтарға төзу. Міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан, әр полицейдің еңбегі еленіп, халқының өмірі мен тыныштығын тұрақты сақтап отырған ұлан-байтақ қазақ жерінің аманатын арқалайтын азаматтардың айбыны жасымай, жарқын болашаққа деген қадамдары нық болса екен деген тілегіміз бар» деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік.
Бұл тек жай суреттер көрмесі емес, полицейлердің қоғамдағы рөлін, олардың еселі еңбегін көрсетіп, заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет екендігін еске салатын шара болды. Тұрғындар тарапынан көрмеге жоғары баға беріліп, мұндай іс-шараларды тұрақты түрде өткізу туралы ұсыныстар айтылды.
Ерекше шара тәртіп сақшыларымен дайындалған концертке ұласты. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында абыройлы қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлері өнер көрсетті. Өнерлі полицейлер мен арнайы форма киген, құқық қорғау органдарында қызмет етуді армандайтын оқушылар көрмеге келген жергілікті тұрғындарға жылы эмоция, жүрекке жететін әуендер мен шынайы лебіздерін сыйлады. Өз кезегінде тұрғындар полиция қызметкерлерімен бірге патриоттық әндер шырқап, елге деген сүйіспеншіліктерін көрсетті.