Гүл жайнаған балғындар
Жазғы демалыс – балалардың асыға күтетін сәті. Оқушылардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізу мақсатында Қазалы қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары «ART-уақыты» жобасы аясында «Шағала» лагерінде демалушыларға арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Бала бақыты – ата-ана үшін ең үлкен қуаныш. Ал жазғы демалыс – жас жеткіншектердің бойындағы өнерін шыңдап, дүниетанымын кеңейтетін ең қолайлы уақыт. Осы мақсатта өткізілген игі шара оқушыларды мәдениеттілікке, парасаттылыққа, әсемдікке баулуды көздеді.
Сонымен қатар концерт балалардың шешендік пен тапқырлық өнерін ортаға салуына да таптырмас алаң болды.Мәдениет үйі жанындағы үйірме мүшелері өз өнерлерімен лагерь демалушыларына ерекше көңіл-күй сыйлады. Ән үйірмесінің жетекшісі Дастан Пірімбаевтің шәкірттері Қанибай Нұрдәулет, Оразбай Әмина, Айша Оразбай, Серік Сезім, Ақдидар Өмірбек және Мақпал Айбекқызы патриоттық рухтағы әндерді нақышына келтіріп орындады. Оспан Аңсағанның жетекшілігіндегі «Самғау» би тобы көрермендерге «Қазақ» және «Испан» билерін паш етіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ғасыбек Аралхан жетекшілік ететін эстрадалық-аспаптық топтың мүшесі Жанқуат Сұңғат Едігеұлы гитарада ән шырқап, кештің сәнін кіргізді. Кештің жүргізушісі Аянат Болатбек те өз шеберлігімен көрермендерді баурап алды.
«Шағала» лагеріндегі бүлдіршіндерге өнер арқылы көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жас өнерпаздардың бастамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Балалардың күлкісі мен жайдары жүздері – осы шараның ең басты жетістігі болды. Жазғы демалысты мағыналы әрі есте қаларлықтай етіп өткізуге үлес қосқан мәдениет үйінің ұжымы мен белсенді жастарға балғындардың да алғысы шексіз.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ














