Алты жастағы бала пышақ кезенген: балабақшаға апаруға болмайтын заттар тізімі қандай

Фото: коллаж AI / El.kz
Маңғыстау облысындағы балабақшада болған оқиға қоғамда қызу талқыға түсті. Тынығу уақытында топқа кірген алты жасар бала өзге тәрбиеленушіні кеңсе пышағымен жарақаттаған. Оқиғадан кейін мектепке дейінгі ұйымдардағы қауіпсіздік талаптары мен балалардың қолына түспеуі тиіс қауіпті заттар мәселесі қайта көтерілді. Осыған орай, El.kz интернет порталы балабақшаға қандай заттарды алып баруға болмайтынына шолу жасады.
Оқиғаның мән-жайы
Тексеру мәліметіне сәйкес, тынығу уақытында балабақша директорының алты жастағы ұлы топқа кіріп, ұйықтап жатқан балаларды оятқан. Сол сәтте тәрбиеленушілердің бірі кеңсе пышағынан жарақат алған. Кейін белгілі болғандай, бала бұл балабақшаның тәрбиеленушісі ретінде тіркелмеген.
Балабақшаға қандай заттарды апаруға болмайды?
Балабақшаға кеңсе пышағы, қайшы, ұстара, ине, шеге сияқты өткір заттарды алып келуге болмайды. Мектепке дейінгі жастағы балалар қауіптің деңгейін толық бағалай алмайды. Сондықтан мұндай заттардың мекеме аумағына қалай кіргенін бақылау – ұйым қызметкерлері мен ата-аналардың ортақ міндеті.
Мамандар балабақшаға ұсақ бөлшектері бар ойыншықтарды, магниттерді, батареяларды, от тұтатқыштарды және пиротехникалық бұйымдарды әкелмеуге кеңес береді. Мұндай заттар жарақат алуға, тұншығуға немесе өрт шығуына себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ балаларға ақша, бағалы бұйымдар мен қауіпті электронды құрылғылар берілмеуі тиіс.
Кейбір ата-аналар баласының сөмкесіне дәрі-дәрмек немесе антисептик салып жатады. Алайда бұл да қауіп тудыруы мүмкін. Мамандар дәрілерді тек медицина қызметкеріне немесе тәрбиешіге тапсыру қажеттігін айтады.
Қауіпсіздікке кім жауапты?
Балабақшадағы әрбір баланың қауіпсіздігі үшін мекеме әкімшілігі мен тәрбиешілер жауап береді. Дегенмен ата-аналардың да жауапкершілігі аз емес. Мамандар баланы балабақшаға жіберер алдында оның қалтасы мен сөмкесін тексеріп, қауіпті заттардың жоқтығына көз жеткізуге кеңес береді. Маңғыстаудағы жағдай бір ғана салғырттықтың ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсетті.
Балабақша – бала өзін қауіпсіз сезінуі тиіс орта. Сондықтан мұндай мекемелерде қауіпсіздік талаптарын сақтау формальді міндет емес, әрбір бүлдіршіннің денсаулығы мен өмірін қорғаудың басты шарты болып қала береді.













