Бес жасар баланы балабақшадан шығару заңды ма? Министрлік жауабы

Қазақстанда жылдың аяғына дейін 6 жасқа толатын балалар міндетті түрде 1-сыныпқа қабылдануы тиіс. Оқу-ағарту министрлігі неге көрсетілген жас санатындағы балаларды ата-анасының өтініші бойынша да балабақшада қалдыруға болмайтынын және қандай жағдайларда ерекше рұқсаттар берілетінін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Tengrinews.kz редакциясына Астана тұрғыны хабарласып, бес жастағы ұлын мемлекеттік балабақшаға орналастыру кезінде қиындық туындағанын айтты.
"Үш жасынан бастап ұлымыз жеке балабақшаға барып жүрді, бірақ басқа ауданға көшіп барған соң, тереземіздің түбіндегі мемлекеттік балабақшаға ауыстыруды шештік. Бос орын "тауып" қалдық, бәрі заңды түрде болды. Бірақ балабақшаға барған кезде, бізге ұлымызды тек 1 тамызға дейін ғана қабылдай алатындарын айтты. Себебі қазанның аяғында ол 6 жасқа толады. Бірақ бала мектепке баруға дайын емес болса не істейміз?" – деп сұрады астаналық ана.
Осыған байланысты редакция Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдады. Ведомство мемлекеттік балабақшаларға 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалар қабылданатынын түсіндірді.
"Осы күнтізбелік жылда 6 жасқа толатын балалар мектепке дейінгі ұйымдарға және мектептердің мектепалды сыныптарына қабылданбайды. Олар дайындық деңгейіне қарамастан, міндетті түрде 1-сыныпқа қабылданады", – деп мәлімдеді министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.
Сондай-ақ, ол сол жылы 6 жасқа толатын балалар жыл сайын 1 тамызға дейін балабақшадан шығатынын атап өтті. Тек психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның (ПМПК) мектепке баруды кейінге қалдыруға рұқсат беретін қорытындысы бар балаларға ғана ерекшелік болады.
"Күнтізбелік жылы 1 жасқа толатын балалар – сәбилер тобында, 2 жас – кіші топта, 3 жас – ортаңғы топта, 4 жас – ересек топта, ал 5 жас – мектепалды дайындық тобында тәрбиеленеді", – деп қосты ведомство.
Осылайша, егер бала күнтізбелік жылдың аяңына дейін 6 жасқа толса, ата-анасы баланың мектепке дайын емес екенін айтса да, ол мектепке қабылдануы тиіс.