Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарыз қалай? Қам қалай? Опық жедік аңдамай

Қарыз қалай? Қам қалай? Опық жедік аңдамай

Сараптама

Цифрлық қуат қарқындаған тұста тұмыстың көптеген ауыртпалығы азайғанымен, жаңышылдықты жат пиғылға пайдаланғандар үлесі де еселенуде. Онлайн несие талай адамға опа бергенімен, талайына опық жегізіп келеді. Қаржылық сауаты төмен немесе алаяқтардың арбауына түскен қаншама адам өздері рәсімдемеген несиені төлеуге мәжбүр. Интернет-алаяқтық бойынша тіркелген қылмыстар санының артуы салдарынан онлайн несие алу тәртібін қатаңдату – халықты артық қарыздан және қаржылық алаяқтықтан қорғауға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Өзгерген не? Көзделген не? Сараптадық.

Фото: ашық дереккөзден
КӨРСЕҚЫЗАРЛЫҚ ҺӘМ ТҰТЫНУШЫЛЫҚ ҚЫСЫМ
Қолданыстағы онлайн несие – біртіндеп дамыған технологиялық және қаржылық жаңалықтардың нәтижесі. Алғашқы несиелеу платформалары тарихына көз жүгіртсек, 1990 жылдардың соңында Америка құрама штаттарынада интернет арқылы қаржылық қызмет көрсету кең тарай бастаған. Мұнан соң 1998 жылы құрылған «PayPal» интернет арқылы ақша жіберуге, қабылдауға және онлайн төлем жасауға арналған электрондық төлем жүйесі онлайн қаржы операцияларының дамуына серпін берген. 2005 жылы Ұлыбританияда құрылған «Zopa» адамнан – адамға онлайн несиелеу платформаларының бірі ретінде іске қосылған.
Ал Қазақстанда онлайн несие 2010 жылдардың ортасынан бастап микроқаржы ұйымдары мен банктердің мобильді қосымшалары арқылы қарқынды дами бастады. Бүгінде бірнеше минут ішінде өтінім беріп, ақша алу мүмкіндігі қалыпты құбылыс. Нәтижесінде қазақстандықтардың қарыз алуға бейім елдер қатарына оңай ілікті. Несиеге жүгінудегі себептер мен салдарды іздедік. Бұл орайда сарапшылар бірнеше негізгі факторды атайды.
«Негізгі фактор деп – табыстың шығыннан артта қалуын айтар едім», – дейді қаржыгер Үсен Халиақпар. «Экономикалық құралымда инфляцияның өсуі азық-түлік, коммуналдық қызмет, тұрғын үй және көлік шығындарын қымбаттатуға алып келеді. Көптеген отбасыларға жалақы күнделікті қажеттіліктерді толық жабуға жетпей қалады. Сондай-ақ тұтынушылық несиенің қолжетімділігі, онлайн несие мен бөліп төлеу қызметтері бірнеше минут ішінде рәсімделуі де себеп. Қарыз алу бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл болғандықтан, адамдар оны жиі пайдаланады».
Талғат Сейсен жағдайды қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіздігімен байланыстырады.
«Көп адамдар проценттік мөлшерлеменің нақты құнын немесе кешіктіргендегі айыппұлдарды толық түсінбейді. Несие жүктемесін алдын ала есептемейді. Мәселен, өмірде түрлі төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін. Ауру, жұмыссыз қалу, үй жөндеу, той-томалақ сияқты күтпеген шығындардан сақтандырылмағандықтан, несие алуға мәжбүр болады», – дейді экономика магистрі.
«Бірнеше мемлекетте болғанда түсінгенім – бізде әлі де тұтыну мәдениеті төмендігі. Қатарында өзім де бармын. Бұдан он жыл бұрын қымбат телефон, техника, көлік немесе мерекелік шараларды несиеге алуды қалыпты құбылыс деп санайтынмын. Қазір мұным қате екеніне толық көзім жетті.
Тағы бір байқағаным, әлеуметтік желілер де тұтынушылық қысымды күшейтіп отыр. Жинақ деген түсінік көбімізде мүлде жоқ
Алайда барлық қарыз алушыларды бірдей қарастыру дұрыс емес. Айналамыздағы мақсатты несиелер алып, бизнесін өрістетіп, тұрғын үй сатып алып, білім алуға инвестиция ретінде құйып жатқандар көңіл қуантады. Өкініштісі, олардың үлес-салмағы тым аз», – дейді кәсіпкер Кәмшат Жетербайқызы.
Үсен Халиақпар ел тұрғындарының дені несиені күнделікті тұтынуды жабу үшін алатынын айтады. Пікірінше, дәл осы соңғы топтың қатары көбейгенде халықтың борыш жүктемесі күрделене түседі.
Лиля Арзахметованың пайымынша, несие алуға ынталынуда мінез-құлыққа бірнеше фактор әсер етеді.
«Алғашқысы, әлеуметтік салыстыру. Мұндайда адам өзін үнемі басқалармен теңестіреді. «Көршінің баласына «iPhone» алып беріпті», «сыныптастарының бәрінде бар» деген ой қысым тудырады. Оны орындауда ата-ананың өзін дәлелдеуге ұмтылысы басталады. Кейбірі балаға қымбат сыйлық беру арқылы өздерінің табысты екенін көрсеткісі келеді немесе өздері көрмеген мүмкіндікті баласына бергісі келеді. Мұны сыртқы мойындауға тәуелділік деп те қарастыруға болады. Кейбір жандар үшін айналаның мақұлдауы ішкі қанағаттанудан маңыздырақ тұрады. Сондықтан қаржылық мүмкіндігі жетпесе де несиеге зат алады.
Біздің сала жедел ләззат алу әдетін де қарастырады. Қазір алу, кейін төлеу қағидасы адамның өзін-өзі бақылауын әлсіретеді. Бөліп төлеу заттың нақты құнын психологиялық тұрғыдан «жеңілдетіп» көрсетеді.
Instagram, TikTok сияқты платформаларда адамдар көбіне өмірінің ең жарқын тұстарын ғана көрсетеді. Мұндайда адамдарды «статустық мазасыздық» мазалайды. Яғни адам қоғамдағы орнын жоғалтып алудан немесе өзгелерден төмен көрінуден қорыққандықтан, қаржылық жағдайы онша жақсы болмаса да, қымбат телефон, той, көлік немесе брендтік заттарға ақша жұмсайды», – дейді. Психолог мұндай жағдайда баланың жетістігін қымбат сыйлықпен емес, білімге, тәжірибеге немесе ұзақ мерзімді дамуға инвестициямен қолдауды ұсынады.
ӘЛЕМДІ АЛАҢДАТҚАН АХУАЛ
Бүгінде дүниежүзінде онлайн несие алушылармен жүйелі жұмыс күшеюде. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуымен қатар көптеген елдерде онлайн несие алушыларды қорғау және жауапты кредит беру тәжірибесіне бағытталған жүйелі шаралар белсенді қолға алынуда. Бұл үрдіс тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қаржылық алаяқтықты азайту, шамадан тыс қарыз жүктемесін болдырмау және цифрлық несиелеу нарығын тұрақтандыру мақсатында жүргізіліп отыр.
Әлемде дамушы елдерде қаржылық инклюзияны сақтай отырып, тұтынушыларды қорғауға мүмкіндік беретын.цифрлық несие бойынша тұтынушыларды қорғауға бағытталған жетекші 160-тан астам бастамалар тұрақты жұмыс істейді екен.
Еуропа Одағында тұтынушылық несие туралы жаңа директивалар – CCD2 енгізілуде. Бұл қаулылар несие берушілерге қатаң талаптар қояды. Олар: мөлшерлеме шектеулері, ашық және толық ақпарат беру, қарыз алушылардың қаржылық жағдайын мұқият тексеру, сондай-ақ «Buy Now, Pay Later» сияқты жаңа өнімдерді реттеу. Бұл шаралар тұтынушыларды жасырын алымдар мен қарыз тұзағынан қорғауға бағытталған.
АҚШ-та Consumer Financial Protection Bureau сияқты органдар цифрлық несиелеушілердің қызметін қатаң қадағалап, әділдік пен ашықтықты талап етеді. Финтех компанияларына қатысты data privacy, AI governance және consumer protection саласындағы ережелер күшейтілген. Штаттар деңгейінде де лицензиялар, мөлшерлеме шектеулері және қарыз алушыларды қорғау нормалары қолданыста. Бұл өзгерістер 2025–2026 жылдары одан әрі дамып, онлайн несие нарығындағы ашықтықты арттыруға бағытталған.
Африка құрлығындаға Нигерия маңызды реформаларымен ерекше көзге түседі. 2025 жылдың шілдесінде қабылданған ережелер онлайн несие платформаларына тіркеу, деректер қорғау, жауапты өндіріп алу және тұтынушыларға ашық ақпарат беру талаптарын міндеттейді. 2026 жылдың 5 қаңтарына дейін толық сәйкестікті қамтамасыз ету мерзімі белгіленген. Реттеу шараларының арқасында алаяқтық пен агрессивті коллекторлық әдістердің азаюы күтілуде.
Азияның Қытай, Үндістан, Индонезия елдерінде биометриялық сәйкестендіру, AI-мен қарыз жүктемесін бағалау және пайыздық мөлшерлеме шектеулері кеңінен енгізілуде. Көптеген мемлекеттерде «cooling-off period» – ойлану уақыты енгізіліп, несие шартын жасасқаннан кейін белгілі бір уақыт ішінде бас тарту құқығы қарастырылады.
Соңғы жылдары цифрлық технологиялардың қарқынды дамуымен қатар онлайн несие алушыларды қорғау және жауапты кредит беру тәжірибесіне бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асуда.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАДАМ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тұтынушыларға тоқтаусыз, тіпті жауапсыз несие беруге нормативтік тұрғыдан тосқауыл қою керек. Азаматтардың қаржылық сауаттылығының жеткілікті деңгейде болмауы оларға кредит өнімдерін негізсіз беруге себеп болмауы керек», – деген болатын. Расында назар аударуға тұрарлық мәселе. Сөзімізге «жаға ұстатар» жайттар мен «сан соқтырған» сергелдең дәлел.
24.kz, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің дерегі бойынша, жыл басынан бері қазақстандықтар интернет-алаяқтық кесірінен 25 миллиард теңгеден астам қаржысынан айырылғанын мәлімдейді. Шығарылымда жарты жылдың ішінде 11,6 мыңнан астам киберқылмыс тіркеліп, алаяқтар 25 миллирд теңгеден астам қаражатты иемденгені жарияланған.
Бұдан бөлек Astana Times банк несиелері 2026 жылдың сәуірінде 43,4 триллонн теңгеге жеткенін атып дабыл қақты. Ұлттық банк деректеріне сүйенген Egemen.kz 2024 жылы 22,9 мың, ал 2025 жылдың алғашқы 11 айында 26,3 мың интернет-алаяқтық фактісі тіркелгенін көрсеткен. 2025 жылы телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың құрбаны болған азаматтар саны 6,1 мыңнан асқанымен бөліскен.
Қуанарлығы, 2026 жылдың бірінші тоқсанында интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстарды тіркеу жылдық есепте 15 процентке азайған. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мәлімдеген. Қазақстанда интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға қайтарылған қаражат көлемі артып келетінін жеткізген. Арна таратылымына зер салсақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жәбірленушілерге 5 миллиард теңге қайтарылған. 2026 жылдың алғашқы айларында бұл көрсеткіш 2,4 миллиард теңгеге жеткен.
Бас прокуратураның құқықтық статистика комитеті төрағасының орынбасары Ерәділ Ахметов «Егемен Қазақстан» басылымына білдірген пікірінде: «Егер шығын көлемі туралы айтсақ, биылғы жылдың бірінші тоқсанында интернет-алаяқтықтан келген залал 4,8 миллиард теңге болды. Соның жартысы – 2,4 миллиард теңге жәбірленушілерге қайтарылды. 2025 жылы жалпы шығын 12,2 миллиард теңге болды, оның 5 миллиард теңгесі өтелді. Яғни, келтірілген залалды қайтару бағытында жағдайдың жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз», – деп, 2026 жылдың бірінші тоқсанында интернет-алаяқтықтан келген шығынның тең жартысын жәбірленушілерге қайтару мүмкіндігін айтқан.
Бас прокуратура 2026 жылдың басынан бері дропперлерге қатысты 393 іс тіркелген. Ал 2025 жылы мұндай істердің саны небәрі 53 болған.
Құзырлы органның мәліметінше, соңғы төрт жылдыққа аталған көрсеткіште алғаш рет төмендеу байқалып, жыл басынан бері қылмыстық жағдайлар 5,3 мыңды құраған. Өткен жылдың бірінші тоқсанында өсім 23 процент болса, ал жыл қорытындысы бойынша 26 процент өсім тіркелген.
Полиция инвестициялық алаяқтықтың қауіпті схемалары туралы ескертуде.
Naryk.kz сайтында көрсетілген тақырып туралы материалда банктік берекшектер бәсеңсуіне негізінен онлайн-қарыз рәсімдеу арқылы жасалатын интернет-алаяқтыққа қарсы бастамалар әсер еткені бөлісілген. Сондай-ақ интернетте қызмет көрсету туралы жалған хабарландырулар арқылы жасалатын алаяқтық 20 процентке кеміп, 1,1 мыңға тұрақтаған. Ал жалған банк атынан SMS жіберу арқылы жасалатын алаяқтық деңгейі өзгермей, 1 мың жағдай деңгейінде қалған.
Қазақстан әлемдік үрдіске ілесіп, 2026 жылы онлайн несие рәсімдеуде биометриялық сәйкестендіруге міндетті болды. Қарыз жүктемесін бақылау күшейтіліп, кешіктірулерге шектеулер енгізілді. Елде микроқаржы секторы да белсенді дамуда. Бұл өзгерістер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және Ұлттық банктің бастамасымен жүзеге асып, азаматтарды қаржылық құлдық пен алаяқтықтан қорғауға бағытталған.
Сарапшылар онлайн несиелеудің ыңғайлылығымен қатар онымен байланысты тәуекелдер де артып келетінін айтқа. Сондықтан реттеуші органдар қатаң ережелер енгізуде.
Мұрат Әбенов – онлайн несие алаяқтығына қарсы ең белсенді депутаттардың бірі. Ол мәселені бірнеше рет Мәжіліс отырыстарында көтеріп, банктер мен микроқаржы ұйымдарының жұмысын қатаң сынға алған. Несие алаяқтығының 90 проценті банк қызметкерлерінің қатысуымен жасалатынын жеткізіп, төрт таңбалы пароль арқылы несие рәсімдеуге тыйым салыну қажеттігіне атсалысқан халық қалаулысы биометриясыз несие беру заңсыздығын алға тартады. Сондай-ақ бұл орайда кейбір банктер бұл талапты айналып өтіп жатқанын жеткізіп жүр.
«Егер биометрия заңсыз өтсе, банк өз тарапынан несиені жабуы керек. Себебі бұл банк кінәсі. Егер алаяқтар банктен алаяқтық кредит рәсімдесе, жәбірленуші адам емес, банктің өзі болу керек. Банк алаяқтармен соттассын», – дейді парақшасында.
Дептутат онлайн несие туралы қосымша шарлардың күшейтілуін – уақыт талабы әрі қауіпсіздік екенін айтады.
«Біріншіден, азамат банкке өз аяғымен келмей және жеке қол қоймай онлайн несие беруге болмайды. Екіншіден, электронды қолтаңба тек адамның жеке рұқсатымен пайдаланылуы тиіс. Үшіншіден, биометрияны банк өзі түсіріп, бейнемен салыстыруы қажет», – дейді ол БАҚ-қа берген сұхбатында.
ЖАУАПСЫЗ НЕСИЕГЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЛДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың шамадан тыс кредиттік жүктемесі мен қаржылық алаяқтық мәселесіне бірнеше рет назар аударып, жауапты несие беру мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өткен. Осы саясаттың аясында 2026 жылдан бастап онлайн несие рәсімдеу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіру, қосымша тексерулер және ірі несиелерге қойылатын талаптар күшейтілді. Онлайн несие рәсімдеу тәртібінің қатаңдатылуы кездейсоқ шешім емес. Соңғы жылдары онлайн несиелер көптеген азаматтарға пайдасын тигізгенімен, бірқатар адамдар үшін күрделі мәселелерге де себеп болды. Алаяқтардың әрекетінен немесе қаржылық тәуекелдерді толық бағаламаудың салдарынан қаншама азамат өз атына рәсімделген қарызды төлеуге мәжбүр болып отыр.Сондықтан онлайн несиелеу саласындағы талаптарды күшейту – ең алдымен азаматтарды қорғауға және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған қадам. Мемлекет басшысы да қаржы нарығындағы қауіпсіздікті күшейту, азаматтардың құқықтарын қорғау және алаяқтықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.
Президент атап өткендей, цифрлық технологиялардың дамуы азаматтарға қолайлы жағдай жасаумен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен ұштасуы тиіс. Осыған байланысты қаржы секторында азаматтардың жеке басын сәйкестендіруді күшейту және заңсыз несие рәсімдеуге жол бермеу шаралары қолға алынуда.
Бұл өзгерістер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық банктің және Президент қол қойған заңдардың негізінде енгізілуде.
Жоғарыдағы деректерге жүгінсек, 2026 жылғы негізгі өзгерістерде мынандай талаптар бар.
Биометриялық сәйкестендіру міндеттеледі. Енді телефон арқылы онлайн несие рәсімдегенде тек SMS-код жеткіліксіз. Жүйе несие алып жатқан адамның шынайы бет-әлпетін сканерлеп, жеке куәліктегі суретпен сәйкестендіруді талап етеді. Бұл алаяқтардың сіздің атыңыздан жасырын несие алуын блоктайды.
Несиеден ерікті түрде бас тартуға болады. Әрбір азамат eGov электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы өзіне несие бермеу туралы тыйым сала алады. Егер сіз осындай тыйым салсаңыз, банктер де, микроқаржы ұйымдары да сізге онлайн несие бере алмайды.
 «Сақтану кезеңі» – Cooling-off period белгіленген. Онлайн несие мақұлданғаннан кейін ақша бірден шотқа түспейді. Белгілі бір уақыт күту режимінде тұрады. Бұл азаматтар алаяқтардың психологиялық қысымымен (телефонмен алдау) несие рәсімдеп қойған жағдайда, есін жиып, өтінішті тоқтатып үлгеруі үшін жасалған.
«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайты fingramota.kz порталында «Алаяқтықтан қорғану» және «Онлайн-несиелеудің жаңа ережелері» туралы өте қарапайым тілмен жазылған мақалалар мен нұсқаулықтар бар.
ҚР Әділет министрлігінің құқықтық ақпараттық жүйесі – Adilet.zan.kz  заңның ресми мәтіні керек болса, іздеу жүйесіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне несие беру кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңын жазсаңыз, Президент қол қойған ресми құжатпен танысуға болады.
eGov.kz-тен несие алудан бас тарту қызметін қалай қосу керектігі туралы тікелей мемлекеттік нұсқаулықты табуға болады», – дейді заңгер Рамазан Бекенов. «Егер сізге біреу телефонмен хабарласып, «Ұлттық банктен немесе Агенттіктенмін, тез арада онлайн несие рәсімдеңіз» десе, бұл алаяқтар. Мемлекеттік органдар ешқашан азаматтарға несие алғызбайды, керісінше жоғарыдағы заңдар арқылы сізді сондай қадамдардан қорғауға тырысады. Деректер автоматтандырылған жүйелерде рұқсатсыз кіруден, бұрмалаудан және таратылудан қорғалады. Бұл орайда қаржы ұйымдары шифрлау, қолжетімділік бақылауы, аудитсынды қауіпсіздік стандарттарын сақтауға міндетті.
Дербес деректердің ерекше санаты биометриялық деректерді жинау, өңдеу және сақтау үшін келісім қажет. Банк немесе микорқаржы ұйымы өкілдері деректердің мақсатты пайдаланылуын, субъектінің құқықтарын қамтамасыз етуге міндетті. Заң бұзған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар», – дейді ол.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, онлайн несиелеу ыңғайлылығымен қатар жоғары жауапкершілікті талап етеді. Реттеуші шаралар, биометриялық тексерулер, деректерді қорғау және тұтынушыларды оқыту арқылы цифрлық қаржы нарығы тұрақты әрі қауіпсіз бола алады. Қаржы эксперттері болашақта бұл үрдіс тек күшейе түсетінін, ал тұтынушылардың құқықтары басты басымдыққа айналатынын болжап отыр.

Дайындаған: Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

19 маусым 2026 ж. 48 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930