2026 жылы көшуге ең қолайлы елдер аталды
Фото:depositphotos.com
Шетелге қоныс аударуды армандайсыз ба? Сарапшылар шетелдіктер үшін бейімделу, жұмыс табу және өзін жайлы сезіну ең оңай елдердің рейтингін жасады, деп хабарлайды Tengri Travel.
Рейтинг қалай жасалды?
2026 жылы ең қолайлы елдер рейтингін түзу үшін William Russell компаниясының сарапшылары алты маңызды факторды талдады:
- шетелдегі өмір тәжірибесі;
- мигранттар саны;
- шетелдіктердің жұмыспен қамтылу деңгейі;
- иммигранттарға деген қоғамдық көзқарас;
- қауіпсіздік;
- визалық ашықтық;
Әрбір көрсеткіш 10 балдық шкала бойынша бағаланды, бұл "жаңа жердегі өмір сапасына" барынша теңгерімді баға беруге мүмкіндік берді.
Кімдер көш бастады?
Алғашқы орындарды өмір сүру деңгейі жоғары және келушілерге қолайлы жағдай жасалған шағын, бірақ экономикалық дамыған елдер иеленді. Үздік үштікке мына елдер кірді:
- Исландия;
- Люксембург;
- Жаңа Зеландия.
Бірінші орынға Исландия жайғасты. Мұндағы негізгі факторлардың бірі - шетелдіктер арасындағы жұмыспен қамтылу деңгейінің жоғарылығы: экспаттардың 84,2 пайызының жұмысы бар. Сонымен қатар мигранттар ел халқының төрттен бір бөлігін құрайды. Сарапшылар сондай-ақ қауіпсіздіктің жоғары деңгейін, қоғамдағы сенімді және бюрократиялық процедуралардың салыстырмалы түрде қарапайымдылығын атап өтті.
Екінші орынға Люксембург тұрақтады. Ел тұрғындарының жартысынан астамы - 51,2 пайызы - оның шекарасынан тыс жерде дүниеге келген. Бұл зерттеуге қатысқан барлық ел арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ Люксембург визалық ашықтығы үшін жоғары баға алды - 100-ден 93 балл. Мұнда шетелдіктер арасындағы жұмыспен қамтылу деңгейі 74,9 пайызға жетеді.
Үздік үштікті Жаңа Зеландия түйіндеді. Ел экспаттардың көңілі толуы мен мансаптық перспективалардың жақсылығы арқасында жоғары бағаға ие болды. Мұнда шетелдік азаматтардың 82,3 пайызы жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар Жаңа Зеландияға қоныс аудару көшбасшы елдерге қарағанда қиынырақ: визалық ашықтық көрсеткіші 100-ден 61 балды құрады. Дегенмен, іріктеуден өткендер әдетте тез бейімделіп кетеді.
Көшбасшылардан бөлек, экспаттар үшін ең қолайлы 10 елдің қатарына мыналар енді:
- Аустралия;
- Швейцария;
- Ирландия;
- Колумбия;
- Чехия;
- Португалия;
- Австрия.
Шетелдіктерге қай жерде қиынырақ?
Рейтингтің соңында келушілерге өз орнын табу қиынға соғатын елдер орналасты. Сарапшылар мұның негізгі себептері ретінде қоғамның жабықтығын және жұмысқа орналасудағы қиындықтарды атайды.
Мәселен, Оңтүстік Кореяда экспаттар арасындағы жұмыспен қамтылу деңгейі небәрі 5,3 пайызды құрайды. Жапонияда жалпы халық санындағы мигранттардың үлесі 2,8 пайыздан аспайды.
Зерттеу авторларының пікірінше, мұндай елдерде шетелдіктерге кәсіби ортаға сіңісіп, жергілікті қауымдастықтың бір бөлігіне айналу жиі қиындық тудырады.











