Қазақстан ЖИ орталығына айнала ма? Екібастұздағы 10 млрд долларлық жоба басталды
Екібастұздағы «Деректер орталықтарының алқабы» экономиканы өзгертеді.

Фото:BAQ.KZ архиві
Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы өңірдегі ең ірі орталықтардың бірі пайда болуы мүмкін. Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен Firebird және NVIDIA компаниялары жалпы құны 10 миллиард доллар болатын ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Негізгі жобалардың бірі – Екібастұзда «Деректер орталықтарының алқабын» құру.
BAQ.KZ тілшісі әлемдік технологиялық алпауыттардың Қазақстанға қызығушылық танытуы нені білдіретінін, еліміздің Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу мүмкіндігін және бұл жобаның экономикаға қандай мүмкіндік ашатынын анықтады.
ISSAI Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының бас директоры Хусейн Атакан Варолдың айтуынша, мұндай ауқымдағы инвестиция халықаралық технологиялық нарық тарапынан берілген маңызды белгі саналады. Әдетте ірі компаниялар миллиардтаған доллар салмас бұрын елдегі саяси тұрақтылықты, энергетикалық ресурстарды, цифрлық даму деңгейін және экономиканың ұзақ мерзімді әлеуетін жан-жақты бағалайды.
Мұндай инвестицияларды Қазақстанның технологиялық амбицияларының артып келе жатқанына берілген халықаралық баға ретінде қарастыруға болады, – деді сарапшы.
Сонымен қатар ол деректер орталықтарының өзі ғана жасанды интеллект экожүйесінің табысты қалыптасуына кепіл бола алмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, кадр даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу, стартаптарды дамыту және есептеу қуатына деген ішкі сұранысты қатар өркендету маңызды.
Нақты нәтиже инвестиция көлемімен ғана өлшенбейді. Қазақстандық университеттер, зерттеушілер мен компаниялар осы инфрақұрылымды пайдаланып, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті жасанды интеллект өнімдерін жасай ала ма – басты көрсеткіш осы болады, – деді ол.
Қазақстан Еуразияның технологиялық хабына айнала ала ма?
Бүгінде жасанды интеллектке арналған есептеу инфрақұрылымы бір кездері теміржол, теңіз порттары немесе телекоммуникациялық желілер қандай стратегиялық маңызға ие болса, дәл сондай маңызды ресурсқа айналып отыр.
ISSAI басшысының айтуынша, Қазақстанның бірнеше артықшылығы бар. Олардың қатарында Еуропа мен Азияның арасындағы стратегиялық орналасуы, электронды үкімет жүйесінің дамуы және жасанды интеллект саласындағы белсенді мемлекеттік саясат бар. Бұл факторлар елімізге Орталық Азиядағы жетекші технологиялық орталықтардың біріне айналуға мүмкіндік береді.
Алайда бұл мақсатқа жету үшін тек заманауи деректер орталықтарын салу жеткіліксіз.
Жасанды интеллект саласында мыңдаған маман даярлау, стартаптардың дамуына жағдай жасау және халықаралық зерттеу орталықтарын тарту қажет. Егер осы бағыттардың бәрі қатар дамыса, Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды цифрлық көпірге айналуы мүмкін, – деп есептейді сарапшы.
Инвесторлар неге Қазақстанды таңдады?
Сарапшының пікірінше, NVIDIA мен Firebird компанияларының назарын Қазақстанның Еуропа, Қытай және Таяу Шығыс арасындағы тиімді географиялық орны, жасанды интеллектті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау, электр энергиясының салыстырмалы түрде қолжетімді бағасы және цифрлық инфрақұрылымның дамуы аударған болуы мүмкін.
Сонымен қатар негізгі сын-қатерлердің бірі энергетикалық тұрақтылық болып қала береді. Ірі деректер орталықтары өте көп көлемде электр энергиясын тұтынады. Сондықтан жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту энергетика саласын жаңғыртумен және жаңа энергия көздерін енгізумен қатар жүруі тиіс.
Қазақстандық IT-компаниялар мен ғалымдарға қандай мүмкіндік туады?
Бүгінде қуатты GPU есептеу ресурстарына қол жеткізу әлемдегі көптеген стартаптар мен ғылыми-зерттеу орталықтары үшін басты кедергілердің бірі болып отыр. Жаңа есептеу кластері отандық IT-сектордың дамуын едәуір жеделдетуі мүмкін.
Есептеу ресурстары қолжетімді болған жағдайда қазақстандық стартаптар мен университеттер өздерінің жасанды интеллект шешімдерін жылдам әзірлей алады, қазақ және басқа да өңірлік тілдерге арналған ірі тілдік модельдерді жасайды, сондай-ақ өндіріс саласына жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізе алады, – деді ISSAI бас директоры.
Сонымен бірге ол инфрақұрылымға қолжетімділік тетіктерін мұқият ойластыру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мемлекет университеттерге, ғылыми ұйымдарға және жас технологиялық компанияларға жеңілдетілген тарифтерді, гранттық бағдарламаларды немесе арнайы есептеу қуаты квоталарын қарастыруы мүмкін.
Білім мен технологияға негізделген экономикаға қадам
Сарапшының пікірінше, бұл жоба Қазақстан экономикасын әртараптандырудағы маңызды кезеңдердің біріне айналуы мүмкін. Өйткені жасанды интеллект, бұлтты есептеулер және цифрлық инфрақұрылым жоғары қосылған құны бар салаларға жатады және алдағы уақытта жаһандық экономикада олардың рөлі арта түседі.
Алдағы уақытта мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен ғана емес, адами капиталдың сапасымен, технологиялардың даму деңгейімен және инновациялық әлеуетімен айқындалады, – деп атап өтті ол.
Сарапшы табыстың басты шарты жасанды интеллект, бұлтты технологиялар, киберқауіпсіздік және деректер орталықтарын пайдалану салаларында білікті мамандар даярлау екенін айтты.
Егер Қазақстан әлемдік деңгейдегі заманауи инфрақұрылымды, жоғары білікті кадрларды және қолайлы инновациялық ортаны ұштастыра алса, 10 миллиард доллар көлеміндегі инвестиция жай ғана ірі құрылыс жобасы емес, елдің цифрлық дамуындағы шынайы бетбұрыс кезеңіне айналуы мүмкін.













