Медициналық туризм: шетелдік клиникаға жол тартпас бұрын нені білу керек
Шетелге нақты ем алу үшін емес, диагнозын нақтылау немесе екінші пікір алу үшін барса, өзімен бірге соңғы медициналық құжаттарын толықтай ала жүруі қажет

Фотоколлаж Azattyq Rýhy ЖИ
Соңғы жылдары ем алу үшін шетелге шығатын қазақстандықтардың саны көбейді. Бірі күрделі операция жасатқысы келсе, енді бірі диагнозын нақтылап, екінші медициналық пікір алуға ниеттенеді. Дегенмен мамандар шетелдік клиникаға жол тартпас бұрын барлық мүмкіндікті жан-жақты саралап, қажетті тексерулерден өту маңызды екенін айтады. Акушер-гинеколог, медициналық туризм саласында жұмыс істейтін Жаннұр Шәкен Azattyq Rýhy редакциясына берген сұхабында ең алдымен пациенттің нақты диагнозы, аурудың сатысы және осыған дейін алған емі мұқият зерттелуі қажет екені туралы айтты.
«Көп адам шетелдік клиникаға барса, міндетті түрде жақсырақ ем алады деп ойлайды. Бірақ тәжірибеде ойлағандай бола бермейді. Мысалы, онкологиялық аурулар кезінде біз ең алдымен биопсия, иммуногистохимиялық зерттеу және ПЭТ/КТ нәтижелерін қараймыз. Осы деректердің негізінде шетелдік мамандар емдеу тактикасын өзгерту керек пе, әлде операция қажет пе деген шешім қабылдайды. Кей жағдайларда Қазақстанда тағайындалған ем халықаралық клиникалық хаттамаларға толық сәйкес келеді. Мұндай жағдайда шетелге барудың медициналық тұрғыдан артықшылығы болмауы мүмкін. Сондықтан біз пациенттің барлық құжатын жинап, анамнезін зерттеп, алдымен онлайн кеңес өткіземіз. Тек содан кейін ғана шетелге шығудың қажеттілігі туралы қорытынды жасаймыз», – дейді маман.
Оның айтуынша, көптеген пациент жолға дайындалу кезінде маңызды құжаттарын ұмытып жатады. Әсіресе МРТ, КТ және басқа да зерттеулердің дискілерін ала шықпау жиі кездеседі. Ал бұл материалдардың маңызы дәрігерлер үшін қорытынды қағаздан кем емес.
«Пациенттер көбіне дәрігердің қорытындысын ғана алып келеді. Алайда радиологиялық зерттеулердің өзін қайта қарап шығу өте маңызды. Өйткені бір маман белгілі бір өзгерісті байқамауы мүмкін, ал басқа дәрігер сол суреттерден мүлде басқа клиникалық көріністі көреді. Сондықтан дискілер мен түпнұсқа материалдарды сақтау және өзімен бірге алып жүру міндетті деуге болады. Кейбір жағдайларда дәл осы суреттер емдеу тактикасын өзгертуге негіз болады. Сондықтан біз пациенттерге зерттеулердің бәрін электронды және қағаз нұсқаларын алдын ала дайындап алуды кеңес етеміз», – дейді Жаннұр Шәкен.
Маманның сөзінше, Қазақстанда жасалған талдаулар мен зерттеулердің нәтижелерін шетелдік клиникалардың басым бөлігі қабылдайды. Дегенмен бұл қайта тексеру мүлде болмайды дегенді білдірмейді. Мысалы, магниттік-резонанстық томография ескі жабдықта түсірілген болса немесе зерттеу нәтижелеріне бірнеше жыл өткен болса, дәрігерлер диагностиканы қайта жүргізуді ұсынуы мүмкін.
«Егер зерттеу бір-екі жыл бұрын жасалса, қазіргі жағдайды бағалау үшін оны қайталау қажет болады. Сонымен қатар кейбір шетелдік орталықтар жоғары ажыратымдылықтағы заманауи аппараттарда тексеруден өтуді сұрайды. Бұл олардың бұрынғы нәтижелерге сенбейтінін білдірмейді. Мақсат – аурудың қазіргі жағдайын барынша нақты бағалау. Өйткені емдеу жоспары дәл осы деректерге сүйеніп жасалады. Сондықтан пациенттер қосымша тексерулер қажет болуы мүмкін екенін алдын ала түсінгені жөн», – дейді дәрігер.
Жаннұр Шәкен шетелге шығу алдында адамның жалпы денсаулық жағдайын бағалау аса маңызды екенін айтады. Кейбір науқастар үшін сапардың өзі денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.
«Біз ең алдымен ұшақпен ұшуға кедергі келтіретін факторларды анықтаймыз. Тромбоз қаупі, қан кету ықтималдығы, инсульт қаупі, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жағдайы міндетті түрде бағаланады. Кейбір көз аурулары немесе созылмалы сырқаттардың асқынуы да ұшуға кедергі келтіруі мүмкін. Егер қауіп анықталса, алдымен пациент қажетті ем қабылдап, жағдайы тұрақталғаны дұрыс. Біз ешқашан адамның денсаулығына қауіп төндіретін сапарға кеңес бермейміз. Ең бастысы – қауіпсіздік», – дейді ол.
Маманның айтуынша, Қазақстан азаматтарына көп жағдайда қосымша вакцинация қажет емес. Ал алғашқы консультациялардың басым бөлігі қазір онлайн форматта өткізіледі.
Сонымен қатар ол медициналық туризм саласында кездесетін басты мәселелердің бірі – делдалдардың қызметі екенін атап өтті.
«Кейде адамдар халықаралық бөлімнің қызметкерімен сөйлесіп отырмын деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде олардың алдында медициналық білімі жоқ делдал болуы мүмкін. Мұндай жағдайда пациентке қажетсіз қызметтер ұсынылады немесе емдеу құны негізсіз қымбаттайды. Сондықтан клиниканы немесе компанияны таңдағанда өте мұқият болған жөн. Ең алдымен мамандардың біліміне, тәжірибесіне және жұмыс қағидаттарына назар аудару керек. Өйткені әңгіме адамның денсаулығы мен өмірі туралы болып отыр», – дейді Жаннұр Шәкен.
Егер адам шетелге нақты ем алу үшін емес, диагнозын нақтылау немесе екінші пікір алу үшін барса, өзімен бірге соңғы медициналық құжаттарын толықтай ала жүруі қажет.
Жаннұр Шәкен жұмыс істейтін мамандар тобы 2023 жылдан бері медициналық туризм бағытында қызмет көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде олар 7 мыңнан астам адамға онлайн, мыңнан астам пациентке офлайн кеңес берген.
Маманның айтуынша, кеңес алғандардың басым бөлігі шетелге жіберілмеген.
«Көп жағдайда қажетті ем Қазақстанның өзінде қолжетімді болады. Сондықтан біз пациентті міндетті түрде шетелге жіберуге тырыспаймыз. Керісінше, ең тиімді және қауіпсіз шешімді ұсынуға ұмтыламыз. Осы уақытқа дейін 7 мыңнан астам адамға онлайн кеңес бердік, бірақ олардың 300-ге жетер-жетпесі ғана шетелде ем алуға жіберілді. Бұл біздің басты мақсатымыздың коммерциялық табыс емес, пациентке көмектесу екенін көрсетеді. Егер қажетті емді Қазақстанда алуға мүмкіндік болса, біз әрдайым соны ұсынамыз», – дейді ол.












