Өзекті мәселелер талқыланды

Мәжіліске аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев, қаржы ұйымдарының өкілдері, егін және мал шаруашылығы құрылымдарының басшылары, салалық мекеме басшылары мен кент, қала, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиында көктемгі егін егу, дала жұмыстарын және мал шаруашылығын жүргізуге қажетті қаржы көлемдерін толықтыру жолдарының мәселелері жан-жақты қаралып, ұсыныс-пікірлер талқыланды.
Биыл Қазалы ауданында 17 612 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылмақ. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 6993 гектар жерге егіледі. Қазіргі таңда шаруалар тұқым дайындау, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай қорын қалыптастыру, техникалары әзірлеу жұмыстарымен айналысуда.
Аудан басшысы егіс науқанына дайындық жұмыстарын қайта пысықтап, техникаларды толық дайындыққа келтіруді тапсырды. Су жолдарын тазалау, қажетті қосалқы бөлшектер, гербицидтер және дизель отынымен дер кезінде қамтамасыз етуді басты назарда ұстауды ескертті.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат