Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы ауданда болды

Аймақ басшысы ауданда болды

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жұмыс сапарымен ауданға арнайы келіп, Сырдария өзені арқылы өтетін стратегиялық маңызды нысан – Қарлаң көпірінің құрылыс барысын бақылады. Аймақ басшысымен бірге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары нысанның жай-күйімен танысты.
«Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» автомобиль жолының 16-шақырымында орналасқан Қарлаң учаскесіндегі темір-бетон көпірдің құрылысы – өңірдегі көлік инфрақұрылымын түбегейлі өзгертетін ауқымды жоба. Бұл нысан тек қатынасты жеңілдетіп қана қоймай, елді мекендер арасындағы логистикалық байланысты жақсартып, жол қауіпсіздігін жоғары деңгейге көтеруге бағытталған.Қазіргі таңда нысан құрылысын «Нұрлы-Тау ЛТД» серіктестігі жүргізуде. Көпір ұзындығы–248,29 метр.6,3 миллиард теңге бөлінген көпір құрылысының жұмыс кезең-кезеңімен, бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Нысанды аралау барысында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев құрылыс материалдарының сапасына және жұмыс барысының технологиялық талаптарға сай орындалуына ерекше назар аударды. Мердігер мекемеге белгіленген мерзімде сапалы аяқтау тапсырылды.
Көпір құрылысы – өңірдегі логистикалық байланысты түбегейлі жақсартатын маңызды жоба. Ол аяқталған соң ауданаралық қатынас тұрақтанып, тұрғындардың тасымалы мен жүк тасымалдау ісі айтарлықтай жеңілдейді. Қазіргі таңда «Нұрлы-Тау ЛТД» мекемесі құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңімен, қарқынды жүргізуде.Қарлаң көпірі – жай ғана инженерлік құрылыс емес, бұл ауданаралық логистиканы дамытудың, халықтың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттырудың кілті. 248 метрлік темір-бетон құрылым ертеңгі күні «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» бағытындағы қатынасты жеңілдетіп, жергілікті тауар өндірушілерге үлкен мүмкіндіктер ашпақ. Сапа мен уақыт – тұрғындардың басты күткен нәтижесі.
Облыс әкімі Жанкент ауылының тұрғындарымен кездесті.Одан соң «Руханият орталығында» аудан активін өткізді.Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы негізгі міндеттер талқыланды.
Аймақ басшысы аудан әкімдігіне инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруды, су үнемдеу технологияларын тиімді пайдалануды, құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды,  инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы аяқталуын қадағалауды тапсырды.
Соңғы төрт жылда Қазалы ауданында 280 пәтер тұрғындар игілігіне берілді. Осы ретте салаға  жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары мен құрылыс бөлімінің басшысы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысының сапасына ерекше назар аударып, тұрақты бақылауы қажет.
Ауданды газдандыру деңгейі бүгінде 75 пайызға жеткен. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендерін газдандыруға республикалық бюджеттен 680 миллион теңге бөлініп,  жұмыс басталды. Сонымен қатар құжаттары дайын алты ауылды газдандыру жобасын энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен, салалық министрліктермен бірлесіп үйлестіру тапсырылды.
Әрі қарай аймақ басшысы «Руханият орталығында» ауданның белсенді жастарымен кездесіп, олардың тың жобаларымен танысты.
Айта кеткен жөн, ауданда атқарылып жатқан ауқымды жобалардың легі аз емес. МәселенАбай, Бозкөл және Кәукей ауылдарында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында дәрігерлік амбулториялар пайдалануға берілсе, 2025 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының жанынан 42 төсектік кардиология және инсульт орталығы ашылды. Бүгінде орталыққа КТ аппараты әкелінсе, жыл соңына дейін бүгінге дейін аудан тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болып келген МРТ құрылғысы орнатылмақ. Жаңа аппараттармен жұмыс жасайтын тиісті мамандардың білімі жетілдірілді. 2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 185,2 миллион теңгеге Әйтеке би кентіндегі «Болат жолы» (96,5 млн тг) және Бекарыстан би ауылындағы (88,7 млн тг) дәрігерлік амбулаторияларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.Одан бөлек, 2024 жылы облыс әкімінің қолдауымен ауданның денсаулық сақтау ұйымдарының автопаркін жаңару мақсатында 25 санитарлық автокөлік алынып, бүгінде халыққа қызмет етуде.
Биыл қаңтар айында Қазалы теміржол вокзалы жанынан құны 1,3 миллиард теңгеге теміржол үстінен өтетін аспалы көпір пайдалануға берілді. Көпір құрылысын мердігер мекеме - «ҚазТеміржол Engineering» ЖШС жүргізді. Ел игілігіне табысталған жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің Әйтеке би кентінің арғы бетінде тұратын 13 мыңнан астам тұрғын үшін маңызы зор. Бұл өткел арқылы 2 мыңнан астам адам күнделікті қатынайды.
Биыл Қазалы ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында 2 спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.Әйтеке би кентіндегі Мәдени-демалыс кешен ішіндегі спорт кешені құрылысының жалпы құны 643 миллион теңгені құрайды. Нысанның құрылысын «Болашақ» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Қазіргі таңда нысанда ішкі сылақ жұмыстарын жүргізу, кафель жапсыру, жылу батареяларын орнату және сыртқы абаттандыру жұмыстары атқарылуда.
Ал Қожабақы ауылындағы спорт кешенінің құрылысы жобасының құны 537,1 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ішкі әрлеу, сырлау және сәндеу жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік желілер толық тартылып, нысанды пайдалануға беру бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда. Құрылыс жұмыстарын «Намыс-Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда.Биыл аудан орталығы - Әйтеке би кентіндегі Т. Бөріқұлақов және Жетес би көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынуда.  Жобаға сәйкес, Бөріқұлақов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының ұзындығы 2,5 шақырымды құраса, Жетес би көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы 1,6 шақырымға созылады. Қазіргі таңда мердігер мекемелер «Ақнұр Авто» және «Айым алтын» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әсіресе балалардың мектепке қауіпсіз қатынауына мүмкіндік беретін жаяу жүргіншілер жолынның тұрғындар үшін маңызы жоғары.
Мұндай іргелі жұмыстарда босаңсуға, ұсақ-түйекке мүлдем орын жоқ. Сондықтан аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ауданда бой көтеріп келе жатқан бірыңғай сәулеттік келбетке ие құрылыстардың жай-жапсарын, жұмыстардың сапалы атқарылуын егжей-тегжейіне дейін қатаң бақылауда ұстап келеді.
Қазалы ауданы – облыстың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып отырған мекен. Облыс әкімінің Қазалы ауданына жасаған сапары өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын саралауға мүмкіндік берді.Аймақ басшысының ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалары, алдағы уақытта ауданның өсіп-өркендеуіне жаңа серпін бермек. Ең бастысы – халықтың әл-ауқатын көтеру және инфрақұрылымды жаңғырту – алдағы міндеттердің басты өзегі.
Айнұр ӘЛИ
09 маусым 2026 ж. 51 0

Күлкі мен ойға толы кеш

09 маусым 2026 ж. 50

Төрт ауылға-тұрақты жылу

09 маусым 2026 ж. 46

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930